Қайрат Нұрдәулетов: «Астана» азулы «Спортингке» тойтарыс береді

Қайрат Нұрдәулетов: «Астана» азулы «Спортингке» тойтарыс береді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Астана» клубының бұрынғы капитаны Қайрат Нұрдәулетов Еуропа Лигасының плей-офф кезеңі аясында өтетін «Астана» мен «Спортинг» командалары арасындағы алғашқы ойынға болжам жасады.

- Алдағы «Спортингке» қарсы ойында «Астана» жеңіске жетуі қажет. Бүкіл Қазақстан елі, жанкүйерлер осыны күтіп отыр ғой. Сондықтан «Астана» барын салып, ұтуы керек. Алдын ала болжам жасау қиын. Дегенмен елордалық команданың жеңісіне сенеміз. Жігіттер келесі кезеңге өтуге мүмкіндік бар екенін жақсы біледі, түсінеді. Сол себепті бар күшін салады.

- «Астананың» көшбасшы ойыншыларының бірі – Джуниор Кабананга командадан кетті. Алдағы ойында оның жоқтығы сезіле ме?

- Кабананга жоғары деңгейлі футболшы. Ал оның орнына жаңа ойыншыны алған жоқ. Командада алдағы шепте ойнайтын Деспотович пен Щеткин бар. «Спортингке» қарсы матчта кімді шығаратынын бапкерлер құрамы шешеді. Бірақ, менің ойымша, бұл ойыншыларға Кабананганың орнын басу қиынға соғады. Жалпы командада Кабананганың деңгейіндегі футболшы жоқ. Дегенмен кім біледі, Деспотович жақсы ойын көрсетіп кетуі де ғажап емес.

- «Астананың» келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі қандай?

- Бас бапкер Станимир Стойлов бір сұқбатында атап өткендей, әзірге екі команданың мүмкіндігі теңдей – 50-де 50 пайыз. «Спортинг» қанша жерден танымал команда болса да, қос ұжымның келесі кезеңге өту мүмкіндігі бірдей деп ойлаймын.

Бірінші ойын көп сұраққа жауап болмақ. Елордада өтетін кездесуде «Астана» жақсы ойнап, жеңіске жетсе, Португалияда барынша тырысып, жолдамаға қол ұшын созуы мүмкін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер