Қысқы

Вишневская: Үздік алтылыққа кірудің өзі жаман емес

Вишневская: Үздік алтылыққа кірудің өзі жаман емес
news-banner7
mobile-news-top

Ақпанның 9 мен 25 аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылда бір келетін жарыста спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғайды деген үміт бар. Дүбірлі дода қарсаңында биатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық құрама мүшесі, жасөсіпірімдер арасында әлем чемпионы, Азия біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы Галина Вишневская prosports.kz тілшісіне сұхбат беріп, жоспарымен бөлісті.

Көптен күткен Олимпиада ойындарына қызу дайындық үстіндеміз. Италияда болған келеңсіз жағдай болмаса, жаттығу жиындары әдеттегідей өтуде.

- Сол оқиға туралы айтып берсеңіз...

- Полицейлер келіп біздің құрама орналасқан мекенжайды тінтіді. Барлығы тез аяқталды. Себебі іздеуден соң италиялық полицейлер ешқандай тыйым салынған препарат тапқан жоқ. Біз таза спортты қолдаймыз. Өкініштісі, бұл жағдай жарыс алдында жүйкемізді тоздырды.
Келеңсіз жағдайға қарамастан із қуу бәсекесінде мықты өнер көрсеттіңіз.

- Ия, төрт атыс шебінде нысаналарды дәл көздедім. Жалпы ату жағынан ақсамаймын. «Таза» ату - менің жақсы қасиетім. Әлем кубогының кезеңдерінде қателік көп жібердім. Менің қуанышыма орай, жеке бапкерім келіп, атысты жөндеп берді. Сөйтіп үздік алтылықтан көріндім. Бапкеріме алғысым шексіз.

- Пхенчханның алаңы, жарыс жолы, ауа райы сізге таныс па?

- Пхенчхандағы жарыс жолы өте қиын, физикалық тұрғыда көбірек жұмыс істейтін жерлері көп. Біздің спортта ауа райы рөл ойнайды. Ол жерде күн құбылмалы. Бұған дейін сулы қар жауып, шалшықта жүгіргендей болдық. Осы жолы барлығын ескеріп, құрал-жабдықтарды алып кетпекшіміз.

- Жалпы психолгоглиялық және физикалық тұрғыңызға қандай баға бересіз?

- Қазіргі таңда 80%-ға дайынмын. Маусым ортасында ауырғаным әсер етті. Жақында ғана сырқаттан сауықтым. Соның салдарынан әлем кубогының екі кезеңінде өзіме келе алмадым. Тек соңғы кезеңде ғана жақсы нәтиже көрсеттім. Егер бұрынғы нәтижелерімді ескерсем, көшбасшылардан көп ұтылып жатырмын. Қазір бапкерлермен сол олқылықтың орынын толтыру үшін аянбай тер төгудеміз. Екі апта еңбек етіп, Оңтүстік Кореяда ел үмітін ақтаймын деген ойдамын.

- Биыл ұлттық құраманың формасын жапониялықтар арнайы тігіпті. Сізге ұнады ма?

- Меніңше, киім мәселесіне біздің ел өте тиянақты қарайды. Себебі өткен Олимпиадада біздің форма үздік деп танылған болатын. Осы жолы да өте әдемі екен. Өзіме қатты ұнады. Шынын айтқанда менің киімім сәл үлкен болып тұр (күлді). Бойым ұзын деп ойлаған болар. Алайда, маған ауыстырып береміз деп уәде берді.

- Сізге Лаура Дальмайер, Дарья Домрачева, Кайса Макарайнен, Анастасия Кузьмина сынды мықтылармен бәскелесу қиынға түседі. Басты жарыста топ жару үшін олар да төрт жыл дайындалды. Олимпиадада қандай нәтиже сізге жеңіспен тең саналады?

- Медаль жайлы айту қиын. Егер жағдайға шынайы қарайтын болсақ, үздік алтылыққа кірудің өзі жаман емес. Оңтүстік Корея төрінде сол үшін барымды саламын және оған қауқарым жетеді деп ойлаймын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер