Басқа

Спидвейден әлем чемпионаты өз мәресіне жетті

Спидвейден әлем чемпионаты өз мәресіне жетті
news-banner7
mobile-news-top

Астанада 3-4 ақпанда өткен мұз үстіндегі мотоцикл жарысын ҚР автомотоспорт федерациясының президенті М.Әбіқаев ашып берді. Төрткүл дүниенің жеті елінен жиналған 18 мотошабандоз «Алау» мұз айдынында Әлем чемпионатының жүлдесін сарапқа салды, деп хабарлайды Prosport.kz.

Елордадағы дүбірлі додаға Швеция, Австрия, Ресей, Германия, Чехия, Финляндия, Қазақстаннан мотоцикл тізгіндеген спортшылар қатысты.

– Мұндай ірі деңгейдегі спорттық іс-шараны ұйымдастырып, өткізу Қазақстанның әлемдік спорттық аренадағы абыройын арттыра түседі. Бұл әлем чемпионаты Астанада алғаш өткенімен, елімізде алғаш емес. Естеріңізде болса 2016 жылы аталмыш жарысты Алматыда өткізгенбіз. Дүбірлі додада жүлделі орын алмасақ та, шет елден келген қонақтардың оң бағасына ие болдық – деді ҚР автомотоспорт федерациясының президенті М.Әбіқаев.

Мұз айдында додаға түскен мотошабандоздар, жарысқа сақадай сай дайындағанымен де, тайып жығылған сәттері аз болған жоқ. Екі күнге созылған әлемдік доданы тамашалауға келген шет елдік қонақтар жарыстың өте тартысты өткенін еш жасырмады. «Алауға» келген шетелдік қонақтар чемпионат әсерімен қатар, Алматының, Медеудің әсемдігіне, тамаша табиғатына таңқалып жатты.

– Мен Швеция елінен келген жанкүйермін. Бұл спорт түріне қызығушылығым бұрыннан бар. Мотоциклді айдағаныммен айтулы спортқа қатысып көрген жоқпын. Ал, Қазақстанға бұл алғаш келуім емес. Бұған дейін Алматыда өткен спидвейдан әлем чемпионатында болғам. Әрине, біз Алматы мен қала маңындағы табиғаттың, Шымбұлақ пен «Медеудің» көркіне тәнті болғанбыз сол кезде. Ендігі кезекте Астанаға да келу маған бұйырыпты. Егер Қазақстанда тағы да спидвейдан әлем чемпионаты өтетін болса міндетті түрде тағы да келемін, – дейді швециялық жанкүйер Клеменс Ларенс.

Қазақстан Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев ақтық баспасөз мәслихатында әлем чемпионатын қайта өткізу ниеті бар екенін айтты.

– Алдағы уақытта бұл жарысты қайта Қазақстанда өткізсек деген ниетіміз бар. Себебі бұған дейін Алматыда, енді Астанада өткізіп, жоғары бағаға ие болып отырмыз. Сол үшін халықаралық спидвей федерациясы Әлем чемпионатын Қазақстанда қайта өткізеді деген сенемін. Біз отандастарымызды мұзда өтетін тартысты да қызықты сайыстарды әрдайым тамашалауға шақырамыз, - деді ол.

Спидвейден «Алау» мұз айдынында өткен Әлем чемпионаты кезеңінің жүлделі орындары ресейліктерге бұйырды. Әлемдік доданың жекелей бәсекесінде бірінші орынды Д.Колпаков, екінші орынды С. Каранчинцев иеленді. Ал қола жүлдені Д. Иванов қанжығасына байлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Алматы қаласының «Медеу» мұз айдынында да ресейліктердің мерейі үстем болған. Ол кезде Д.Иванов, Д.Колпаков, И.Кононовтар сынды спортшылар үздік шыққан болатын.

Мәди Мұхамедқали, Астанадан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер