Грек-рим күресі

Ирандағы «Тахти кубогында» төрт балуанымыз финалға шықты

Ирандағы «Тахти кубогында» төрт балуанымыз финалға шықты
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Иранда грек-рим күресінен тарихи тамыры терең халықаралық Тахти-2018 кубогы басталды. Аталмыш жарыс осымен 38-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Биыл бұл турнирге әлемнің 13 мемлектінен мықты балуандар келді. Оның ішінде грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы да бар. Еліміздің балуандары бүгін сәтті өнер көрсетті деуге негіз бар. Бірден төрт салмақта спортшыларымыз финалға жолдама алды.

63 келіде ел намысын қорғаған Құдайберген Тұрсынов қырғызстандық және грузиялық балуандарды тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Құдайбергеннің финалдағы қарсыласы тағы бір қырғыз балуан Кале Сулейманов болады.

Соңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев (72 келі) қарсыластарын қоғадай жапырды. Демеу алғашқы белдесуінде әзірбайжандық спортшы Санан Сүлеймановты 4:2 есебімен жеңді, ширек финалда жарыс қожайыны Фаршад Факехты 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Ал жартылай финалда грузиялық балуан Гога Гогиберашвилиді айқын басымдықпен ұтты. Ақтық сайыста Демеудің қарсыласы түркиялық Мұрат Даг болмақ.

Өзін жаңа салмақта (67 келі) сынап жүрген шығысқазақстандық Алмат Кебіспаев та финалға шықты. Жарысты екінші айналымнан бастаған Алмат түркиялық балуанан айласын асырды. Ширек финалда Алмат жерлесіміз Данияр Қаленовты 7:0 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда тағы бір түркиялық спортшы Мұрат Фираттың жауырынын жер иіскетті. Алтын медаль үшін отандасымыз украиналық Февзи Мамутовпен кім мықтыны анықтайды.

Қарағандылық балуан Хусейн Муцольгов (87 келі) керемет күрес көрсетті. Кадеттер арасындағы Азия чемпионы болгар, түрік, қырғыз балуандарын ұтып, финалға шықты. Муцольгов финалда иран балуаны Саман Азизимен айқасады.

Өкінішке қарай, бұл жарыста соңғы Азия және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов жартылай финалда сүрініп қола медаль үшін тартысқа түседі. Сонымен қатар, 72 келіде Ибрагим Магомадов пен 60 келіде Дастан Зарлыхановтар да үшінші орын үшін белдеседі.

Осылайша, грек-рим күрес шеберлерінен төрт балуанымыз ақтық сайыста бақ сынайды. Финалдық кездесулер ертең өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер