Қысқы

Абзал Әжғалиев: Осынша медаль ұтамыз деп алдын ала айта алмаймын

Абзал Әжғалиев: Осынша медаль ұтамыз деп алдын ала айта алмаймын
news-banner7
mobile-news-top

Ақпан айында алты құрлықтың басын қосатын ақ Олимпиада өтеді. 80 елден 5 мыңнан астам спортшы қатысатын дүбірлі додада біздің елдің спортшылары бақ сынамақшы. Кореяда ел намысын қорғайтын қазақ қырандарын Пхенчхан төріне шорт-трек шебері Абзал Әжғалиев бастап шығады.

Төрт жылдықтың басты бәсекесі басталу алдында командамыздың ту ұстаушысы Абзалмен аз-кем әңгімелескен едік.

- Абзал, алдымен Олимпиада ойындарында сәттілік тілейміз. Дайындығыңыз қалай?

- Дайындық жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Қазір Голландия елінде соңғы дайындықтарымды пысықтаудамын. Негізі осы елде жаттығып жүргеніме үш жылдан аса уақыт болды. Биыл да дәстүрді үзбедім.

- Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туымызды көтеріп шығасыз.

- Олимпиада ойындарында еліміздің туын ұстап шығатыным күтпеген жаңалық болды. Осы құрметті міндеттің бұйырғанына өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Енді тек халықтың сенімін ақтауға тырысамын.

- Осы жолы өзіңіз қандай меже қойып отырсыз?

- Бұл менің екінші мәрте Олимпиадаға қатысуым. Сочиде сәтті өнер көрсете алмадым. Енді Корея жерінде жүлделі орыннан көрінуді жоспарға алып отырмын.

- Қай елдің спортшылары басты бәсекелес болмақ?

- Олимпиадада әлсіз қарсылас жоқ, бәрі өз елінің ең үздік спортшылары. Десе де, Корея, Қытай, Канада шорт-трекшілері өте мықты.

- Шорт-трек спортының еліміздегі аяқалысы қалай?

- Елімізге сәл кеш келсе де шорт-трек спортының дамуы өте жақсы. Әр қалада мұз айдындары ашылып, жастардың осы спорт түрімен айналысуына мүмкіндік жасалуда. Шорт-тректен әзірше қазақстандық Олимпиада жүлдегерлері шыға қойған жоқ. Осы жолы біз жүлдеге қол жеткізсек тарихи жетістік болар еді.

- Соңғы екі қысқы Олимпиадада тек жалғыз медаль алдық. Осы жолғы мүмкіндігімізді қалай бағалайсыз?

- Барлық спортшыларымыздың дайындығы жақсы. Алдын-ала осынша медаль ұтамыз деп айта алмаймын. Бірақ, ел намысын жоғары деңгейде қорғайтын боламыз.

- Сұқбат бергеніңізге рақмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер