Басқа

Алматы мектептерінде 5-8 сынып оқушылары арасында жарыс өтті

news-banner7
mobile-news-top

Бүгін, «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында 5-8 сынып оқушылары асық ату, арқан тарту, шағын футбол мен баскетболдан бақ сынады. Жарыс Жетісу ауданының №137, №118, №110 және №143 жалпы білім беретін мектептерінде өтті, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Әр мектептегі спорттық шара мектеп директорлары және мұғалімдерінің құттықтау сөздерінен басталды. Сонымен қатар, белсенді оқушылар өнер көрсетіп, қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлады.

Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, мұндай жарыстар оқушылардың спортпен шұғылдануға қызығушылықтарын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға, өмірде дұрыс таңдау жасауларына тигізер септігі мол.

- Біздің балалар спорттық додаларға қуана қатысады. "Спорттық Алматы" бағдарламасы аясында жарыс бізде бірінші рет өтіп жатқан жоқ. Жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Міне, бүгін 200-ге жуық оқушы асық ату, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен және баскетбол мен футболдан өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар, мектепте спорт үйірмелері де бар. Шәкірттеріміздің жарысқа белсенді қатысып жатқанына аса қуаныштымыз, - деп 137 мектеп директорының тәрбиелеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Телегиева бөлісті.

Төменгі сыныптардағы оқушылар асық ату мен шағын футболдан бәстессе, жетінші және сегізінші сынып тәрбиеленушілері арқан тарту мен баскеболдан бақ сынасты.

- Мен асық атудан бірінші орын алдым. Осы спорт түрінен үздік атанғаныма қуаныштымын. Маған жарыс өте ұнады. Шара ұйымдастырушыларына шексіз алғысымды білдіремін, - деп жарыс жеңімпазы Бақдәулет Төребек қуанышымен бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Спорттық Алматы» атынан медаль және дипломдармен марапатталды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер