Футбол деген бір ғажап!

«Шымкенттік» Дерменджиев жайлы дерек

«Шымкенттік» Дерменджиев жайлы дерек
news-banner7
mobile-news-top

«Ордабасы» командасының тізгінін болгариялық бапкер Георги Дерменджиев ұстады. Биыл ғана премьер лигадағы алғашқы жүлделеріне қол жеткізген шымекенттіктер келесі маусымда да осы биігінен төмендегісі келмейтін секілді. Аттай қалап атақты маманды ұсыныс етіп отыр.

«Жақсы бапкер не қорғаушыдан, не жартылай қорғаушыдан шығады» деген мәтел бар футболда. Біз сөз еткелі отырған Георги мырза да футболшы кезінде қорғаушы болған. Футболшы ретінде атағы алты құрлыққа танылмағанымен өз елінде тәп-тәуір өнер көрсеткен.

Дерменджиевтің бапкерлік салада жүргеніне 20 жылға жақын уақыт болыпты. Бірақ, 1998-2014 жылдар аралығында азды-көпті өз алдында жұмыс жасағанымен көбінде көмекшілік қызмет атқарды.

2014 жылы шілдеде «Лудогорец» клубының бас бапкері болып бекітілген соң ғана бар білгенін ортаға салды. Разградтық команданы бастап үш жыл қатарынан Болгария чемпионатында топ жарды. Болгария суперкубогын ұтты.

Одан да маңыздысы командасын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне екі мәрте алып шықты. «Реал Мадрид», «Арсенал», ПСЖ сынды Еуропа алпауыттарымен алысып тәжірибе жинады. Чемпиондар лигасында 25 кездесу өткізіп, оның 8-інде жеңіске жетіп, 7 мәрте тең ойнады(Іріктеу ойындарын қамтиды).

Әңгімені басынан бастайық. 2014 жылы 31 шілде отандасы Стойчо Стоевтен клуб тізгінін тапсырып алды. Әрі чемпиондар лигасы іріктеу кезеңі үшінші айналымында Сербияның «Партизанын», төртінші айналымда румыниялық «Стяуаны» жеңіп топтық кезеңге шықты.

Жеребе оларды «Реал Мадрид», «Ливерпуль», «Базель» командаларымен бір топқа түсірді. Өз алаңдарында «Базельді» ұтып, «Ливерпульмен» тең ойнағанымен, топта төртінші орында қалып кетті. Тәжірибелері аздық етті.

Келесі жылы Георги командадан уақытша кетіп қалды да, «Лудогорец» португалиялық маман Бруно Рибейроның жетекшілігімен іріктеу кезеңінің екінші айналымынан аса алмады. Осы сәтсіздіктен кейін бапкерлік орынға Дерменджиев өзі қайтып келді.

2016/2017 жылғы маусымда «Лудогорец» қайта атой салды. Әрине, Георги бапкердің бастауымен. Іріктеу сатысында черногориялық «Младост», сербиялық «Црвена Звезда» және Чехияның «Виктория Пльзень» командаларынан айналып өтіп топтық кезеңге шықты.

«Арсенал», ПСЖ, «Базель» командаларымен бір топқа түсіп, «Базельмен» екі ойында, ПСЖ мен бір ойында тең түсті. Сөйтіп, үшінші орын алып, Еуропа лигасының 1/16 финалына шыққан еді. Бірақ, ол жақта жақсы өнер көрсете алмады. «Копенгагеннен» ұтылып қалды.

Өкініштісі, біздің кейіпкер үшін биылғы маусым аса сәтті болған жоқ. ЧЛ-ның екінші айналымында Литваның «Жальгирисін» жеңді де, үшінші кезеңде израйльдік «Хапоэль Беэр-Шеваға» жол беріп алды. Бұнда да сәл жолдары болмады. Жалпы есеп 3:3 болғанымен Еврей командасы сырт алаңда соққан бір голының арқасында келесі кезеңге өтіп кетті.

Осыдан кейін Георги Дерменджиев өз орынын повлодарлық «Ертіс» командасының бапкері Димитар Димитровке босатып берген болатын. Енді өзі сол Димитар кеткен Қазақстанға келіп отыр.

«Ордабасы» осы маусым Еуропа лигасының іріктеуіне қатысады. Еурододада тәжірибесі ұшан-теңіз бапкер біздің командамен де биік белесті бағындырады деп үміттенеміз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер