Бокс/Күрес/ММА

Жұмабек Тұрсын: Қаңтарда титулдық жекпе-жекке шығамын

Жұмабек Тұрсын: Қаңтарда титулдық жекпе-жекке шығамын
news-banner7
mobile-news-top

Миллиард халықтың ішінен топ жарып, саны аз қазақтың абыройын көтеру үлкен күш-жігер қажет етеді. Қазақтың қара күшін қалың қытайға мойындатқан қандастарымыздың бірі – Жұмабек Тұрсын осы күндері кезекті жекпе-жекке дайындық үстінде. Prosports.kz тілшісі беделді промоушенында (UFC) өнер көрсеткен тұңғыш қазақ баласымен жолығып, әңгіме өрбітті.

- Жұмабек, сіздің атыңыз Қазақстан жұртшылығы таныс. Дегенмен, өзіңіз жайлы айтсаңыз...

- Мен Қытайда туып өстім. Дәлірек айтсам, Іле бойындағы Күнес жерінде 1986 жылы өмірге келдім. Бала кезімнен спортқа құмар болдым. Өзгенің жерінде жүрген соң, рухың биік болуы тиіс. Ал рухты көтеретін жалғыз құрал – спорт. Бабаларымыздың ерлігін мақтан еткен қазақпыз ғой. Өсе келе еркін күреске ден қойдым, біраз белестерді бағындырдым. Содан соң, ережесіз жекпе-жекте бақ сынауға бел будым.
«Аспан асты елінде» 20 астам жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтадым. Соның арқасында UFC-мен келісімге келіп, Америка төрінде айқасқан тұңғыш қазақ атандық.

- Бірақ UFC-де жолыңыз болмады...

- «Бірде бақ, бірде бап шабады» деген сөз бар ғой. Өкінішке қарай, UFC-дегі қадамдарым сәтсіз болды. Бірақ, әлі өз мықтылығымды дәлелдеймін деген ойдамын.

- Америка құрама штаттарында бұл спорт түрі мықты дамығаны барлығына мәлім. Біздің жігіттердің мұхиттың арғы жағында сәтті өнер көрсету үшін не керек?

- Меніңше, ең алдымен қаржылай көмек көрсететін мықты демеуші керек. Спортшының өзі де аянбай тер тегуі қажет. Мүмкіндік болса, жекпе-жекке жиі шығып, тәжірибе жинаған абзал. Жалпы соңғы кезде аралас жекпе-жек Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мықты балалар шығуда. Алла қаласа, бір-екі жылда сол UFC-де қазақ жігіттері жүреді.

- Мықты балалар демекші, жерлестерімізден кімді атап өте аласыз?

- Қуат «Найман», Арман Оспанов, Бейбіт Назаровтардан келешекте үміт күтемін.

- Соңғы жекпе-жегіңізді Kunlun Fight MMA аясында өткізіп, жеңіске жеттіңіз. Аталмыш промоушенмен келісімшартыңыз жайлы айтып берсеңіз.

- Kunlun Fight MMA-мен екі жылға келісімшартқа отырдым. Оның бір жылы өтті. Содан бері бес кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жеттім. Тек ресейлік Алияр Саркеровтан жеңіліп қалдым. Енді сол Саркеровпен қаңтар айының соңында титулдық жекпе-жекке шығамын. Қазіргі таңда чемпиондық белбеу үшін болатын кездесуге дайындықты бастадым. Жақын арада жаттығу жиынына аттанамын.

- Сұқатыңызға рақмет! Алдағы жекпе-жекте сәттілік тілеймін!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер