Алмат Бекбаев: Қырықтан асқанша қақпа күзетуге дайынмын

Алмат Бекбаев: Қырықтан асқанша қақпа күзетуге дайынмын
news-banner7
mobile-news-top

Шымкенттік «Ордабасының» қақпашысы Алмат Бекбаев ел біріншілігінде он жылдан аса өнер көрсетіп келе жатқан өте танымал футболшылардың бірі. Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерінен жыл қортындысы ретінде шағын сұқбат алған едік.

- Өткен жылды өз ойыңызша қортындылап берсеңіз...

- 2017 жыл командам үшін табысты болды. Клуб тарихында алғаш рет ел біріншілігінде жүлдеге жетіп отырмыз. Бірақ, өз ойыныма көңілім толмады.

- «Ордабасы» еліміздегі мықты клубтардың бірі болса да ішкі лигада 18 жыл дегенде әрең жүлдеге жетті...

- «Ордабасы» Қазақстандағы қуатты команда екені шын. Осы күнге дейін жүлдеге жетпей жүруімізде түрлі себептер болды. Бірде бапкеріміз нашар-тұғын, бірде басшылықтан қателіктер кетті. Енді бірде ойыншылардың деңгейі жетпеді. Ал биылғы жүлдеміз сол ұзақ жылдардың еңбек нәтижесі. Біздің клуб өзінің жергілікті ойыншыларына иек артады. Сондықтан жалпы Оңтүстік халқы үшін қуаныштымыз.

- Сіз биыл көбінде негізгі құрамда ойнадыңыз, неге өз ойыныңызға көңіліңіз толмай отыр?

- Есте қаларлық жақсы ойындар болғаны шын. Алайда, кейбір кездесулерім өз көңілімнен шықпады. Сәтсіз өнер көрсеткенім үшін өзімді кінәлаймын. Ешкімнен себеп іздегім келмейді.

- Келесі жылы командада қаласыз ба?

- Иә, қаламын. Менің әлі бір жылдық келісімшартым бар командамен.

- Ақпарт құралдарында «Ордабасы» ойыншылары бірнеше ай бойы жалақыларын алған жоқ деп жазылып жүр.

- Ол ақпарат рас. Клуб басшылығы футболшыларға 2,5 айдың жалақысына және қола медал алғанымыз үшін берілетін сыйақыға қарыз болып қалды.

- Демек, клуб президенті Бақтияр Байсейітов мырзаның қызметінен кетуіне осы жағдай себеп болса керек...

- Әбден мүмкін. Болмаса, команда премьер-лигада жүлде алды. Сол үшін болса да бұрынғы басшылық қызметінде қалуы ықтимал еді. Бірақ, футболшыларға мынадай көп мөлшерде қарыз болып қалу кез-келген басшыға үлкен сын.

- Жаңа басшылармен танысып үлгердіңіздер ме?

- Менеджерлермен кездестік. Сауатты, команданы биікке бастай алатын кісілер секілді.

- Былтыр маусым ортасына дейін бөтен алаңда ойнадыңыздар.

- Иә, негізгі алаңның дайын болмай қалуы командаға да, жанкүйерлерге де кері әсерін тигізді. Әсіресе жанкүйерлерге қиын болды. Қосалқы алаң алыс, оның үстіне кішкене, көрермендер отыратын орындар да аз. Бірақ, биыл ондай келеңсіздік орын алмайды деп үміттенем.

- Келесі жылға қандай мақсат қойып отырсыздар?

- Осы жеткен жетістіктерімізді төкпей-шашпай жалғастырып, бұдан да жоғары көтерілуді көздеп отырмыз. Жаңа басшылықпен бірге ел чемпионатында жүлдеге ілігіп, Еуропа лигасында да жақсы өнер көрсеткіміз келеді.

- Еуропа лигасында сәтсіз өнер көрсетіп жүрсіздер.

- Сәл жолымыз болмай жүр. Тәжірибенің аздығы да негізгі себеп деп ойлаймын. Біз де «Астана» командасы секілді топтық кезеңде ойнағымыз келеді. Осы жолы қалайда барымызды салатын боламыз.

- «Астананың» керемет жетістіктері жайлы не айтасыз?

- Бүкіл қазақстандықтар секілді мен де қуанып, жанкүйерлік таныттым. «Астана» сапында достарым көп, бәрімен жақсы таныспын. Олардың жетістікке жеткеніне бейне өзім жеткендей болып, өзім топтық кезеңде доп тепкендей болып қуанып жүрмін.

- Еліміздегі тәжірибелі футболшы ретінде, сіздердің іздеріңізді басып өсіп келе жатқан жас қақпашыларды байқай алдыңыз ба?

- Дәл осы жылы керемет бір жас қақпашыны байқадым дей алмаймын. Сол Стас Покатилов сынды бұрынғы қақпашыларды ғана айта аламыз. Есесіне Бақтияр Зайнутдинов, Сағдат Тұрсынбай секілді талантты ойыншылар өсіп келеді.

- Буффон, Касильяс қатарлы қақпашылар 15-20 жыл үздіксіз жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Біз сізді де әлі ұзақ жылдар бойы жасыл алаңда жүреді деп үміттенеміз.

- Өткен жылы біздің командада Самат Смақов, Сергей Бойченко секілді көптеген тәжірибелі футболшылар болды. Мен де солар секілді ұзақ уақыт өнер көрсеткім келеді. Егер мүмкін болса 40-41 жасыма дейін доп тебетін болармын.

- Сұқбат бергеніңізге рақмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер