Басқа

Қораз жылымен қоштасу

Қораз жылымен қоштасу
news-banner7
mobile-news-top

Армысыздар, құрметті Prosports.kz сайтының оқырмандары. Мінекей, спорттық жылды қорытындылайтын мезгіл де келіп жетті. Қораз жылы қазақ спортшылары үшін көптеген жеңістер әкелді, сәтсіздіктер де болғаны жасырын емес. Ендеше тәптіштеп негізгі оқиғаларды тағы бір тізіп шығайық.

Футбол

2017 жыл ұлттық құрамамыз үшін аса сәтті жыл болған жоқ. Ақпан айында федерация басшылары тәп-тәуір жұмыс істеп жүрген Талғат Байсуфиновтің орнына Александр Бородюкті қойды. Ресейлік маман «Қайратты» құрдымға құлатумен қазақ жанкүйерлерінің есінде қалған. Спортсүйердің қорқынышты түсі шындыққа айналып Бородюктің бастауымен бас командамыз жыл бойы жеңілістен көз ашпады. Өз жерімізде Армениямен тең ойнағанымыз да жеңілістің әрі жақ, бері жағындағы ғана нәтиже. Ұлттық құрама наурыз мерекесінде Кипрден 3:1 есебімен ұтылып қалды. «Бұл жай ғана жолдастық кездесу» деп өзімізді алдап үлгермедік, төрт күннен кейін Ереванда армяндарға 2:0 есебімен есе жібердік.

Биылғы жылы үш голдан өткізу сәнге айналғандай. Жеті кездесудің бесеуінде үш голдан жіберіп отырдық. Сол сәнқой цифр маусым айының оны күні Алматының орталық стадионында да тіркелді. Қонаққа келген даниялықтар бізді 1:3-пен ұтып қайтты.

Осыдан кейін, қыркүйектің бірінде Астанада Черногорияны қабылдап, қақпамызға тағы үш гол жібердік. Бұл жолы бір голмен жауап қайтаруға да қауқар жетпеді.

Араға төрт күн салып Польша астанасы Варшавада тағы осы есеп тіркелді.

Төртінші қазанда Румынияға барып, жергілікті жанкүйерлер үш мәрте соғылған голдың қуанышын тойлады. Бауыржан Тұрысбек бір гол соғып көңіл аулаған.

Ең соңғы ойын өзіміздің елордада өтті. Өкініштісі, өзімізбен деңгейлес Армения құрамасы да бізге бағынбады. Тіпті, жеңіп кетуі де мүмкін еді, Тұрысбектің бір голы болмағанда.

Осындай сүреңсіз ойындардан кейін ұлттық құрамамыз FIFA рейтингісінде 137-ші орынға түсті. Ал біздің Бородюк ағай жылы орынында әлі отыр.

ҚПЛ

Қазақ даласын қызыққа бөлеген ҚПЛ-дің тағы бір маусымы тәмамдалды. Тартысқа толы жыл болғаны сөзсіз. Аздаған қалтарыс, қағаберіс тұстарын есепке алмасақ, ел біріншілігінде тәп-тәуір өсу бар екені байқалады.

Лиганың бас жүлдесі әдеттегідей «Астана» командасының еншісінде кетті. Маусым басында чемпион болады деп күтілген «Қайрат» күмісті қанағат тұтты. Айтпақшы, қола медальдың “қожайыны” жаңарған. Бұған дейін премьер-лигада бірде-бір жүлде алмаған «Ордабасы» үштікке ілінді. Ал төртінші сатыда - «Ертіс».

Өткен жылы бірінші лигаға түскен «Жетісу» биыл қайта оралды. Есесіне «Таразға» сау бол дедік, «Оқжетпес» те «Таразбен» қол ұстасып бірінші лигаға кетті.

Жыл сайын реформаға ұшырайтын ел чемпионаты биыл да басынан бір өзгерісті өткерді. Жылдағыдай алғашқы айналымнан кейін алты-алтыдан екі топқа бөлінбей, соңғы айналымды чемпионаттағы 12 команда өзара бір кездесуден алмасып шықты. Сөйтіп, бұрындары 32 кездесуден өткізетін командалар бұл жылы 33 рет матчқа шықты.

Сапасы нашар алаң мәселесі де 2017 жылы біраз клубтың бас ауыруы болды. Тіпті, Еуропа лигасында ойнаған «Ордабасының» өзі алаң таппай қиналған. «Оқжетпес» жаз шыққанша «Астана Аренаны» паналады. Ал «Шахтер» бірде Қарағандыны, бірде Теміртауды бетке алып көшіп-қонумен жүрді.

Жеке ойыншыларға келетін болсақ, қазақ футболының бағына баланған кейбір футболшыларды жоғалтып алдық. Мәселен, Бауыржан Исламхан өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Бауыржан Жолшиевті сол беті жасыл алаңнан көрген жоқпыз. Ұлан Қонысбаев жарақатынан әлі айықпады. Есесіне, Бахтияр Зайнутдинов, Юрий Перцух сында жас таланттарды көзіміз шалды.

Үздік сұрмергенге арналған «Алтын бутсы» биыл да шетелден шақырған шеберлердің «аяғында» кетті. «Қайрат» командасының шабуылшысы Жерар Гоу 24 гол соғып, қатарынан үшінші жыл Қазақстан біріншілігінің мергені атанды. Одан кейінгі орында «астаналық» қара маржан Жуниор Кабананга тұр. Еншісінде 19 гол. Ал отандық ойыншылардан Бауыржан Исламхан 11 гол соғып, төртінші сатыдан көрінді.

Васильевтің дауы

«Ақтөбе» клубының бұрынғы директорына қатысты қылмыстық ісі биыл да жалғасын тапты. 240 миллион теңгені команда бапкерлері мен футболшыларына сыйақы ретінде заңсыз жазып, оның 14 миллионын өз қалтасына басқаны үшін Дмитрий Васильев 26 мамыр күні сот алдында жауап берді. Ресейлік маманның кінәсі толық дәлелденіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда бірер ай өтпей жатып Дмитрий Васильевті түрмеде емес, көшеден көрген жұрт таңғалды. Сөйтсек 21 шілде күні сот істі қайта қарап, Дмитрий Васильев жазасы бас бостандықтан шектеуге ауыстырылған. Ал Дмитрий Васильевпен бірге сотталған Ескендірбек Махановтың жазасы ауыстырылмады.

Қош бол, аңыз

Жыл соңында суық хабар келді. 76 жасына қараған шағында қазақ футболының аңызы Тимур Санжарұлы Сегізбаев дүниеден озды. Алматы футбол мектебінің түлегі спорттық мансабын 1958 -1970 жылдар аралығында алматылық «Қайрат» сапында өткізген. Футболшы мансабын аяқтаған соң бапкерлікке бет бұрып «Автомобилист», «Шахтер», «Қайрат» сынды командаларды жаттықтырды. Тимур Сегізбаев қазақ футболының қара нары еді...

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі

Қораз жылы күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Қазақ елінің даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов Азия күрес кеңісінің президенті болып тағайындалды. Күрес әлемінде «сөзі өтетін» ағамыздың бастауымен отандық балуандар әлем, Азия чемпионатына қатысып, бақ сынады.

Франция астанасы Парижде өткен әлем біріншілігінде қазақстандық балуандар 4 медальға (2 күміс, бір қола) қол жеткізді. Алтын жоқ демесек, бір жылда бір келетін дүниежүзілік додада ел қоржынына түскен бұл жүлделердің бәсі жоғары. Ендеше, қазақстандық саңлақтардың жүлде алған сәттерін еске түсірейік. Париж төрінде айқасқа түскен грек-рим күрес шебері Демеу Жадыраев (71 келі) германиялық Штеблерден ұтылып, екінші орынды қанағат тұтса, ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов (59 келі) ақтық сайыста Азия чемпионы Кенчиро Фумитаның мықтылығын екініші рет мойындауға мәжбүр болды. Ал жарыстың екінші күні еркін күрестен құраманың көшбасшысы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров үшінші орын үшін тартысты өткен кездесуде жеңіске жетіп, еркін күрестен ұлттық құраманың абыройын сақтап қалды. Жарыстың соңғы күні аруларымыз әйелдер күресінен күш сынасты. Енді дамып келе жатқан бұл сайыста медальдан үмітті едік. Алайда, спортта бірде бақ, бірде бап шабады. Үміт артқан Гүлмарал Еркебаева, Жұлдыз Ешімова, Эльмира Сыздықовалар жүлделі орыннан көріне алмады.

2017 жыл да тарих қойнауына еніп барады. Ит жылында еліміздің спорт саласында қуанышымыз бен әттегенайымыз қатар келді. Бұл үлкен спорттың заңдылығы да болар. Ал біздің бүгінгі қаужайын деп отырған әңгімеміз жалпы спорт емес, бокс жайында болмақ.

Қазақ өрендері ел болып іргемізді бекіткенге дейін талай мәртебелі жарыста көк туымызды желбіретті. Олимпиада ойындарында атой салып, Әлем біріншілігінде биік белестерді бағындырып жүрген сол оғландарымыздың алдыңғы қатарында боксшыларымыздың тұрғандығы жасырын емес. Қазіргі уақытта әлемде бокс державасына айналған бес ел болса сол бестіктің қатарынан Қазақстан ойып тұрып орын алады.

Алдымен әуесқой бокстағы Әлем чемпионаты жайлы...

2017 жылын Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс, үш қола еншіледі.

56 келіде қазақстандық Қайрат Ералиев финалда Дюк Раганды (АҚШ) жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қонқабаев финалда сүрініп күміспен шектелді. Ал Ержан Жомарт (49 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг) және Василий Левит (91 кг) дүниежүзілік дүбірлі доданың қола жүлдегері атанып қайтты.
Гамбургте өткен Әлем біріншілігі бірінші кезекте тіс қаққан сақа боксшыларымызды алмастыра алатын жастарымыздың барын көрсетті.

«Қазақтың салмағына» айналып кеткен 69 келіде нағыз көшбасшының жоқтығы қынжылтады. Жастар арасында әлем чемпионы атанған Садриддин Ахметов өз бағын кәсіпқой бокста іздемек. Нәпәқасын кәсіпқой бокстан іздегендер қатарында Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов та бар еді. Алайда белгісіз себетпермен құрлық асып кеткен батырымыз елге оралып ұлттық құрамаға қайта қосылды. «Астана арландары» қатарында жүріп әбден шыныққан Асланбек Шымбергенов те кез келген уақытта ел намысын абыроймен қорғауға дайын. Абылайхан Жүсіпов та оңайшылықпен ұлттық құрамадағы орнын бергісі жоқ.

Жыл үздігі номинациясы, сөзсіз, Қайрат Ералиевтың қанжығасында. Жыл жаңалығы - Әбілхан Аманқұл. Жамбыл облысының тумасы әлем біріншілігінде күміс алады деп ешкім ойламаған.

Кәсіпқой бокс

Головкин биыл өзінің спорттық мансабындағы ең маңызды жекпе-жегін өткізіп тең түсті. Мексикалық Сауль Альвареспен өткен кездесуде төрешілердің шешімі қақ бөлінген. Енді жанкүйерлер екі боксшы арасындағы екінші кездесуді тағатсыздана күтіп жүр. Әлемдік және қазақстандық БАҚ Головкин мен Альварес алдағы жылдың мамыр айында кездесіп қалуы мүмкін деп жиі жазады. Алайда әлі күнге дейін қос тарап бір мәмлеге келіп, құжатқа қол қойған жоқ.

Тағы бір кәсіпқой боксшымыз Жанат Жақиянов жыл басында америкалық Роши Уорренді жеңіп WBA Super тұжырымы бойынша чемпион атанған. Алайда жыл соңына қарай британиялық Райан Барнетт деген боксшымен кездесіп жиған-тергенін беріп қойды. Бокс мамандары Жанатқа қиянат жасалғанын айтқанымен ештеңе өзгере қоймады.

«Қазақ» атымен шаршы алаңның шаңын қағып жүрген Қанат Ислам қарсылас біткеннің бәрін сұлатып жүрсе де ауыз толтырып айтарлықтай титулға қол жеткізе алатын емес. Қанат қораз жылында үш кездесу өткізіп Робсон Ассис, Норберто Гонсалес және Брэндон Кук сынды боксшылардың екі аяғын бір етікке тықты. Алайда, аталған боксшылардың ешбірі жалпы жұртқа аса танымал емес.

Жоғарыда аталған үш батырымыздың ізін өкшелей тағы боксшыларымыз танылып келеді. Солардың арасында Батыржан Жүкембаев, Бекман Сойлыбаев, Айдар Шәрібев, Мадияр Әшкеев, Бахтияр Эюбов, Әли Ахметов және Мейірім Нұрсұлтанов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер