Жеңіл атлетика

Антон Боднар – Сакиркин турнирінің жеңімпазы

news-banner7
mobile-news-top

Шымкентте үш қарғып секіруден 1987 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Олег Сакиркинді еске түсіруге арналған республикалық турнирдің бірінші сайыс күні аяқталды.

Республикалық турнир Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика манежінде өтіп жатыр. Кеше ерлер арасында 60 метрге жүгіруден Николай Витов (ОҚО, 60 метр – 7,31 сек.), 400 метрге жүгіруден Мақсат Уәлиев (ОҚО, 400 метр – 52,22 сек.) және 1500 метрге жүгіруден Александр Попов (Алматы облысы, 1 500 метр – 4.13,90 мин.) жеңіске жетті.

Әйелдерден Ксения Агапова (Қарағанды облысы, 60 метр – 8,18 сек.), Анастасия Лысая (Қарағанды облысы, 400 метр – 1.00,45 мин.), Екатерина Кашафутдинова (ОҚО, 1 500 метр – 5.18,26 мин.), Екатерина Авдеенко (ОҚО, биіктікке секіру – 1,65 м), Анна Городкова (ОҚО, үш қарғып секіру – 12,80 м) тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Ал кезінде Олег Сакиркин өнер көрсеткен үш қарғып секіру сайысында 25 жастағы жергілікті спортшы Антон Боднар топ жарды. Боднар бұл турнирде көрсеткен ең жоғары нәтижесі –14,89 метр. Сөйтіп, екінші орын алған Владимир Потоцкийден (ОҚО) екі сантиметрге озып кетті. Үздік үштікті 17 жастағы Әбдужапар Шәмшидов қорытындылады (14, 26 метр).

Жеңімпазға ұйымдастырушылар тарапынан 50 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Боднар одан бөлек, биіктікке секіруден де қатысып, бірінші орын алды (2,05 метр). Спортшы ұзақ уақыт Оңтүстік Кореяда жарақатын емдеткен болатын.

Айта кетейік, Олег Сакиркин өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы еліміздегі үш қарғып секірушілердің бірі болды. Вадим Антипов және Михаил Ганнота секілді тәжірибелі мамандардан тәлім алған. 1987 жылы Римде өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген. Жабық кешендегі Еуропа чемпионатының жеңімпазы. Азия ойындары, Азия чемпионаты, дүниежүзілік студенттер универсиадасында талай мәрте Қазақстан қоржына олжа салды. Ең үздік нәтижесі – 17, 58 метр (1989 жылы). Бұл көрсеткішті Қазақстанда әлі күнге ешкім жаңартқан жоқ.

Олег Сакиркин 2009 жылы америкалық мәнерлеп сырғанаушы Шарон Приспен отбасын құрып, бірнеше жыл АҚШ-тың Техас штатында тұрды. 2014 жылы Шымкентке оралды. Бірақ арада 1 жыл өткенде 2015 жылдың наурыз айында 49 жасында дүниеден өтті.

Түпнұсқасы: kazathletics.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер