Футбол деген бір ғажап!

«Астана» қайдан қателесті

«Астана» қайдан қателесті
news-banner7
mobile-news-top

Төрт дүркін ел чемпионы атанып, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған «Астана» командасының айдарынан жел есіп тұр бүгінде. Осындай сәтте оларға сын айтуға ешкімнің ауызы бармас. Десе де, соңғы уақытта сол «Астана» тарапынан адамды алаңдатарлық әңгімелерді көп естіп жүрміз.

Алдымен бас бапкері Станимир Стоиловтың командадан кететіні туралы ақпарат желдей ескен еді. Кейін команда басшыларының бапкердің жалақысын көтеріп, алып қалуға тырысып жатқаны белгілі болды. Бірақ, болгариялық маманның қандай шешімге келері әлі белгісіз.

Одан кейін команданың ең негізгі екі ойыншысы Жуниор Кабананга мен Патрик Твумасидің де бақыттарын басқа жақтан іздемекші екенін естідік. Елордалықтарды бүгінгі жетісігіне жетелеген осы үш маңызды адам кетсе команданың кейінгі жағдайы не болмақ? Бұлардың кетуімен «Астана» әлсіреп, чемпиондық атағынан айырылады деу асығыстық болар әзірге! Дегенмен, алынбастай көрінген «Астана» қорғанының бір қабырғасы сөгілері сөзсіз.

Футболшының командаға келуі, кетуі заңдылық, бұл жерде ел чемпионының не қателігі бар дерсіз. Енді айтайық «елордалықтардың» қателігін. Лигионерлердің кезі келгенде кетіп қалатынын біле тұра лайықты орынбасар ойыншы тәрбиелемеді. Жалмұқан, Лулаку, Деспотович қатарлы футболшыларын «Тобылға» жалға беріп тастады да, бас бапкер “қосалқы құрамымда адам қалмады” деп маусым бойы мұңын шағумен болды. Командада қалған Мұртазаевтің да мықтылығына бірде сенсе, бірде сенбей жүргендері тағы бар. Осыдан барып жыл соңында алаңдағы он бір ойыншыдан басқа ойынды күшейтетін ешкім қалмады қосалқы құрамда.

Ал енді сол сенім артқан Кабананга мен Твумаси кетіп барады. Алдағы уақытта кім гол соғады? Жаңа футболшы сатып алады. Ол сөзсіз. Бірақ, жаңа ойыншы келе сала команда жүгін арқалап кетсе жақсы.

Мәселен, осы Кабананганың көсіле шапқаны биыл ғана. Елордамызға 2015 жылы келгенімен алғашқы жылдары айтарлықтай өнер көрсете алған жоқ. Команда үшін жиырмадан асырып гол соққаны осы жыл ғана.

Оны айтасыз, Твумасидың да тынсы биыл ғана анық ашылды. «Астанаға» келгелі бес жылға аяқ басса да, бұрындары бірде ойнап, бірде тойлап кетіп, бас бапкерден сөз естіп сүріншектеп жүретін. Тек биыл ғана мінсіз өнер көрсетіп шықты.

Ал енді байқасаңыз, бір лигионердің командаға сіңісіп, көшбасшы деңгейіне жетуіне кемі бір-екі жыл керек екен. Демек, дәл биыл Кабанга мен Твумаси Қазақстанға “қош” десе «Астана» шабуылы айтарлықтай әлсірейтін болады. Бір мысал, биыл Еурододаларда соғылған 19 голдың 13-і осы екі қара маржанның еншісінде екен.

Ендеше, осы екі футболшы шынымен кеткен жағдайда, қосалқы құрамдағы шабуылшыларын жалға бермей, командада алып қалып осылармен бірге тәрбиелемегені үшін «астаналықтар» азды-көпті бодау беретін болады.

Қазақ футболын алға сүйреген «Астана» командасының аяғына оратылудан, болмаса, қателігін теріп, тырнақ астынан кір іздеуден аулақпыз. Қайта, алдағы уақыттарда да сәтті өнер көрсетуі үшін байқалған азырақ кемшілігін көрсетіп отырмыз

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер