Футбол деген бір ғажап!
Футбол

Футбол әлемін бағындырған сегіз сері

Футбол әлемін бағындырған сегіз сері
news-banner7
mobile-news-top

Әр футболшының көздеген мақсаты Әлем чемпионатын, Еуропа Чемпиондар лигасын және Алтын допты жеңіп алу екені сөзсіз. Ал осы үшеуіне бірдей қол жеткізген ойыншының арманы бар ма екен, сірә! Ондай футболшының олжасы түгел, өткенге өкпесі жоқ деген сөз. Бірақ, футбол тарихында бұндай бақытты жандардың саны сегіз ғана.

Тіпті, Роналду мен Мессидің өзі қазірше бұл биікті бағындыра алған жоқ.

Бобби Чарльтон

1966 жылы Англия құрамасымен бірге Әлем чемпионатын ұтты, әрі сол жылы Еуропаның үздік ойыншысы(Алтын доп) мәртебесіне ие болды. Ал келесі жылы «Манчестер Юнайтед» командасымен бірге Еуропа Чемпиондар кубогын(Чемпиондар лигасы) жеңіп, футболдағы үш ірі жүлдеге бірдей қол жеткізген әлемдегі алғашқы аяқдопшы атанды.

Франц Беккенбауэр

1974 жылы Батыс Германияның(ГФР) капитаны ретінде Әлем чемпионатында топ жарды. «Бавария» сапында қатарынан үш маусым(1973-74, 1974-75, 1975-76) Чемпиондар кубогын иеленді. Бұған қоса ол - екі мәрте Еуропаның үздік футболшысы(1972, 1976).

Герд Мюллер

Отандасы Беккенбауэрмен бірге бір мәрте Әлем біріншілігін(1974), үш кезек Чемпиондар кубогын(1973-74, 1974-75, 1975-76) жеңіп алған. Еуропаның үздік ойыншысы атағына 1970 жылы қол жеткізді.

Паоло Росси

1982 жылғы Әлем чемпионаты мен сол жылғы Еуропаның үздік ойыншысы атағының иегері Паоло Росси да Италияның атақты футболшыларының бірі. 1984-85 жылы «Ювентуспен» бірге Чемпиондар кубогын ұтқан.

Зинедин Зидан

Даңықты Француз футболшысы 1998 жылы өз елінде өткен Әлем біріншілігін жеңіп алды. Финалда Бразилия қақпасына қос гол соққан ол сол жылғы «Алтын допқа» да ие болды. Ал Чемпиондар лигасында қазір өзі бас бапкер болып қызмет атқаратын «Реал Мадрид» командасымен бірге 2001-02 жылғы маусымда топ жарды.

Ривалдо

Бразилиялық шабуылшы «Алтын допқа» 1999 жылы «Барселона» сапында жүріп қол жеткізді. Еуропа Чемпиондар лигасын «Миланмен» бірге ұтты(2002-03 жыл). 2002 жылы Бразилия құрамасының бесінші мәрте әлем чемпионы атануына да өз үлесін қосты.

Роналдиньо

Футбол әлемінің сиқыршысы Роналдиньо да 2002 жылы Бразилия құрамасының сапында әлем чемпионы атанды. Ал клубтық биіктерді «Барселонамен» бірге бағындырды. 2005 жылы «Алтын допты» алып, 2005-06 жылғы маусымда Еуропа Чемпиондар лигасын ұтты.

Кака

Жақында ғана манасабын аяқтаған Рикардо Каканың да футболдағы есебі түгел. 2002 жылы бар болғаны 20 жастағы бразилиялық Әлем біріншілігін бағындырды. Араға бес жыл салып, әбден толысқан шағында бүкіл әлемді бетіне қаратты. Тіпті 2007 жыл «Кака жылы» деп бағаланды. «Милан» командасымен бірге Чемпиондар лигасында қарсылас шыдатпаған ол сол жылғы «Алтын доптың» да даусыз иегері болды.

«Алтын доп» жүлдесі 1995 жылға дейін тек еуропалық футболшыларға берілетіндіктен, сол жылдан бұрын Алтын доп алғандарды Еуропаның үздік ойыншысы деп атауды жөн көрдік.

Еуропа Чемпиондар лигасы 1992 жылға дейін Еуропа Чемпиондар кубогы деп аталғаны бәрімізге белгілі.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер