Бокс/Күрес/ММА

Не бел кетер, не белбеу кетер

Не бел кетер, не белбеу кетер
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек өтетін болды.

Америкалық БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, бұл жекпе-жек 5 мамыр күніне белгіленіпті. Бұл күн мексикалық «Синко де Мая» мерекесімен тұспа тұс.

Екі жақтың промоутерлері де келісімнің ақтық кезеңінде екенін сенімді түрде айтты, ал боксшылар келісімге қол қоюға жақын.

Осыдан бір апта бұрын Том Леффер бұл жекпе-жек жайлы былай деген еді:

- Егер бəрі бізге байланысты болғанда, келісімшартқа бір ай бұрын қол қойылар еді. Дегенмен, əлі де кеш емес, егер де желтоқсанның соңына дейін шарттарды келісіп алсақ, онда бізде толыққанды промоушен жасауға уақыт жетеді.

Golden Boy Promotion президенті Эрик Гомес Boxingscene.com-ға берген сұхбатында келіссөздің аяқталу кезеңінде екенін растады:

- Біз екінші кездесуді өткізуді көздеп отырмыз жəне келісімге жақынбыз. Қазір аздаған мəселелерді шешуіміз керек. Біздің қолымыздан келеді деген ойдамын. Басты мақсат – екінші жекпе-жек жəне басқа дуниені ойламаймыз. Бұл біздің басты қалауымыз. Осы аптаның ішінде барлығын айтып береміз.

Осы мезетті букмекерлік кеңселер пайдаланып, Головкин мен Альварес арасындағы екінші кездесуге бәс қабылдай бастады. Қазақстандық боксшы жекпе-жектің фавориті болып қалды, бірақ бірінші кездесудегідей аса басым емес. GGG-дің жеңісіне 1.7 коэфицент , ал Саульге 2.3 коэффициент беріп отыр.

Екінші жекпе-жекте Канело өзіне сенімдірек болады. Головкиннің жойқын соққыларын сезініп көрген соң, одан нәтиже шығарып, келесіде қаттырақ жұмыс істейтіні анық. Канелоның мықтылығын мойындау керек, себебі ол Головкиннің соққысына төтеп беріп қоймай, қарымта күшті соққылар жасады.

Қайта кездесудің күні белгілі болса, келесі мəселе – қай жерде өтетіні. Еске сала кетейік, бірінші кездесу Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile» аренасында өткен болатын. Канелоның промоутері Оскар де ла Хойя екінші айқас та сол жерде өтетінін айтты. Ал Том Леффлер қарымта кездесуді Головкин бұрындары жұдырықтасқан əрі көптеген жанкүйері бар Нью-Йорк немесе Лос-Анджлес қаласына ауыстыруды қалайды.

Келесі басты сұрақ – төрешілер алқасы кім болады? Бұл тізімде аты шулы Аделаида Бердтің болмайтыны анық. Дегенмен, қуануға əлі ерте, себебі төрешілерді Альварес жағы таңдайды. Яғнир, Головкинге келесі жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтау керек. Тең түсу де оңай болмайды.

Ал Канелода бəрі керісінше. Бастысы нокаутқа түспей, арасында соққылатып тұрса, ары қарай төрешілер бəрін шешеді. Саульді сұлатып түсіру өте қиын. Себебі ол да Головкин сияқты ешқашан нокаут түгілі, тіпті нокдаунға да түспеген.

Екінші кездесу, шамамен, біріншісін аздаған өзгеріспен еске салатын сияқты. Енді Канело сенімдірек қимылдайды. Бұның жақсы я жаман екенін жекпе-жектен кейін білеміз. Дегенмен жас өзінікін алады. Бұрындары Головкин өзінің қарсыластарын үлкен айырмашылықпен жеңетін еді, қазір бəрі қиынырақ. Әрине, бұл жерде қарсыластың деңгейі де өз рөлін ойнайды. Головкин соңғы екі айқасында Альварес жəне Джейкобспен кездесті, ал олар өз дивизиондарының мықтылары.

Объективті қарасақ, Головкин бірінші кездесуде өз қарсыласынан сəл ғана артық болды. Соққыларының санымен де қазақстандық басым көрінді. Раундтардың басы мен аяғын ғана беріп қойғаны болмаса, Геннадий бүкіл жекпе-жек бойы басым түсті. Өкініштісі – ол қарсыласын нокаутқа жібере алмады.

Қалың көпшілік көптен күткен кездесуден біраз қызық көргісі келген болатын. Бірақ қызықтың бəрі екінші кездесуге қалды деген ойдамыз. Бір Олимпиада чемпионының айтқанындай «нокдаун мұндай кездесуде тосын дүние болады». Головкин солай істей алады деген ойдамыз.

Альварес – Головкиннің орта салмақтағы ең мықты қарсыласы. Бұл – екі мықтының айқасы. Бірі The Ring журналы бойынша үздік болса, екіншісі ең танымал Boxrec ресурсының үздігі. Мексикалықта The Ring белбеуі мен чемпиондық атақ, ал қазақстандықтың еншісінде WBA, WBC, IBF, IBO белбеулері бар.

Жеңімпаз бəрін алады. Тарихи жекпе-жек əділ өтеді деген сенімдеміз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер