Ұлттық спорт

Қазақ күресінен «Еуразия Барысы» өтеді

news-banner7
mobile-news-top

16 желтоқсан күні «Алматы Аренада» қазақ күресінен «Еуразия Барысы» әлем Кубогы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін халықаралық турнир ретінде өткен жарыс осымен бесінші рет жалауын желбіретпек. Үш жыл Тараз қаласында ұйымдастырылған «Еуразия Барысы» биыл екінші рет оңтүстік астанада өткізілгелі отыр.

Жыл сайын дәстүрлі жарысқа Грузия, Моңғолия, Ресей, Польша, Түркия, Қырғызстан тағы басқа көптеген елдің білекті балуандары бақ сынап келеді. Соның ішінде Қазақстан құрамасы аталмыш командалық жарыста үш рет топ жарды, тек 2014 жылы ғана Моңғолия құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. Биыл «Еуразия Барысына» Бразилия, Жапония және Камерун елдері тұңғыш рет қатысады. Сонымен қатар, жарысқа Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның қос командасы бақ сынайды.

Қатысушылар арасында нәтижелі спортшылар аз емес. Самбодан әлем чемпионы Паата Гвиниашвили (Грузия), Д.Алтангерел Моңғолияның ұлттық күресі бойынша «Арыстан» атағының иегері, биыл Астанада өткен қазақ күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Р.Сонмес (Түркия), қазақ күресінен көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері және кураштан әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), дзюдодан Жапония чемпионы К.Танию және тағы басқалары бар.

Қазақстан командасы биыл екі құраммен боз кілемге шығады. Балуандар Алматыда екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жиын қорытындысы бойынша бапкерлік кеңес «Еуразия Барысына» қатысатын спортшыларды анықтайды.

«Еуразия Барысында» әр командада сегіз балуаннан күреседі. Спортшылар 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг және +100 кг салмақ дәрежелері бойынша мықтыны анықтайды.

Дәстүр бойынша жарыстың қомақты жүлде қоры бар.

І орын - 10 000 000 теңге

ІІ орын - 6 000 000 теңге

ІІІ орын - 4 000 000 теңге

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер