Күрес

Олимпиада жүлдегерлері шеберлік сабағын өткізді

Олимпиада жүлдегерлері шеберлік сабағын өткізді
news-banner7
mobile-news-top

Алматының «Халық Арена» спорт кешенінде күрес түрлерінен Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлерінің қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Шараны Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Алматы қаласы №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.

Еркін күрестен Атланта олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, еркін күрестен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадраев, Азия чемпионы Ербол Қоңыратов, еркін күрестен 1976 жылғы Монреаль олимпиадасының күміс жүлдегері Александр Иванов 200-ге тарта балғын балуандарға күрестің айла-тәсілдерін түсіндірді. Шараны ұйымдастыруға ұйтқы болған №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дастан Қанатхановтың айтуынша, мұндай шеберлік сабағын өткізудегі мақсат жас балуандардың шеберлігін шыңдай түседі.

«Қазіргі таңда Алматыдағы «Халық Арена», «Алматы Арена», «Достық» спорт кешендерінде жас балуандардың күреспен шұғылдануына керемет жағдай жасалған. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы мен ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының қолдауының арқасында жас балуандарымыз аталған спорт кешендерінде тегін жаттығады. Бүгінгі өткізіп отырған спорттық шарада жас балуандарымыз Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлерінен күрестің айла-тәсілін үйреніп, шеберліктерін шыңдай түсетініне сенімім зор. Болашақта олар да ағалары сияқты ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбірететіні сөзсіз, - деді Д.Қанатханов.

Спорттық шараның соңында жас балуандар атақты балуандардан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер