Қысқы

Алматы қысқы Олимпиаданы өткізу туралы өтінім берген жоқ

Алматы қысқы Олимпиаданы өткізу туралы өтінім берген жоқ
news-banner7
mobile-news-top

ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізген Алматы әкімі Бауыржан Байбек тілшілер қауымының «Алматы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс берді ме» деген сауалына жауап берді, деп хабарлайды отандық басылымдар.

«Өздеріңіз білетіндей, біз жылдың басында Қысқы Универсиаданы өте нәтижелі өткіздік. Универсиада - Олимпиаданың алдындағы өте ауқымды спорттық сайыс. Оған барлығы жоғары баға берді. Бізден кейін Тайпейде болған отырыста «Алматы - Универсиаданы тарихта ең керемет өткізген қала» болғаны туралы айтылды. Сондықтан, біздің сайыс өткізу тәжірибемізді қазіргі таңда барлығы зерттеп жатыр», - дейді қала әкімі.

Оның айтуынша, Алматыда қысқы спорт түрлері үшін инфрақұрылымның бәрі дайын. «Сол себепті, мүмкін Алматы қысқы Олимпиаданы өткізуі керек дегенді айтып жатқан көрінеді. Бірақ, мен сіздерге ресми түрде айта аламын. Алматы қаласы 2026 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу туралы өтінім берген жоқ.

Жалпы, ЭКСПО, Универсиада секілді шараларды өткізу мемлекетке көп тәжірибе береді. Кезінде Олимпиаданы өткізген Токио инфрақұрылымын сол шара арқылы көтеріп алған. Қайталап айтарым - Алматы қаласы бұл тұрғыда ешқандай ұсыныс берген жоқ», - деп сөзін қорытындылады Бауыржан Байбек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер