Футзал

Қайрат Оразбеков: «Столицамен» матчта жеті ғана ойыншымыз қалды

Қайрат Оразбеков: «Столицамен» матчта жеті ғана ойыншымыз қалды
news-banner7
mobile-news-top

«Қайрат» футзал клубының президенті Prosports.kz-ке берген сұхбатында команданың УЕФА Кубогы Негізгі кезеңіндегі нәтижесі туралы айтып, Элиталық кезеңнің жеребесі жөнінде әсерімен бөлісті.

- Қайрат Айтмолдаұлы, клубтың Элиталық кезеңге екінші орынмен шығуы көңіліңізді қалдырды ма?

- Клубтың алдына қойылған мақсат – УЕФА Кубогының Элиталық кезеңіне кем дегенде топтан екінші орын арқылы өту. Өткен турнир Кубоктың көптеген қатысушыларын амбицияларынан айықтырып жіберді. Негізгі кезең клубтардың қандай психологиялық және физикалық жағдайда екенін көрсетіп берді. Турнирдің бұл кезеңі біздің мықты және осал тұстарымызды көрсетті. УЕФА Кубогы алғаш рет жаңа форматта өтіп жатыр – қосымша қатысушылар қосылды. Еуропадағы Испания, Италия, Португалия және Ресей сынды мықты лигалардың вице-чемпиондары футзалдың басты еурокубогына жолдама алды. Күрес, Элиталық кезеңге өтудегі қиындық екі есеге көбейді.

Алғашқы ойын италиялық «Пескараға» қарсы өтті – атақты футзалшылар ойнайтын тамаша клуб: құрамында соңғы әлем чемпионатын жеңіп алған Аргентина ұлттық құрамасының ойыншылары, екі бразилиялық бар – ғажайып селекция. Шынымды айтсам, қорытынды есеп алаңдағы ойынды айқын көрсетіп бере алмады. «Қайрат» өз деңгейін көрсетіп, қолайлы нәтижеге қол жеткізді де, алғашқы үш ұпайын еншіледі.

- «Динамо» жақсы әсерде қалдырды, олардан осындай ойынды күттіңіз бе?

- Мәскеулік клубтан дубль ойыншылары келді. Жас жігіттер болса да, азулы екен. Оларды қарау үшін Минскіге «Динамоның» бас директорыГалина Михайловна Данилкина арнайы келді. Бас бапкер Александр Рахимов өз шәкірттерін жақсы дайындай алған екен. Әрине, халықаралық тәжірибесінің жоқ екені байқалды, сөйтіп, «Динамо» Негізгі кезеңнен әрі аса алмады. Команданың орташа жасы – 21-де, осы жаста-ақ өз шеберлігіңді көрсете бастауың керек. Бұл жақсы ұжым деп ойлаймын. Егер осы құрамды сақтап қалса, олар ойнай келе, мықты бола түседі. «Динамоның» сапында көшбасшы – Сергей Орлов. Болашағы бар футзалшы, басқаларына қарағанда ерекше көзге түседі. Егер талмай еңбек ете берсе, оның болашағы жарқын болатынына сенімдімін.

- Негізгі кезеңнің басында іріктеуден өтпей қалатын клуб «Динамо» болады деп ойладыңыз ба?

- Бәріміз де «Динамоға» келесі кезеңге өту өте қиын болатынын білдік, себебі жастардан құралған ұжымда халықаралық турнирлер бойынша тәжірибе жоқ. Бірақ соның өзінде динамолықтар өз ойынымен қуантты. Жақсы әсерде қалдым.

- Беларусьтік «Столицадан» осындай адуынды ойын күттіңіз бе?

- Бұл команда барлық матчтан ұпай жырып қалды. «Қайратқа» қарсы соңғы матчтың өзі не тұрады, беларусьтар сол ойында соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкеткен болатын. Бұл бәрін де таңқалдырды. Бізде ойыншылар болған жоқ немесе біздің команда психологиялық тұрғыда босаңсып, бұл ойынға керегінше дайындалмай шықты деуге болатын шығар. Себебі команда Элиталық кезеңге өтіп қойған болатын. Бас бапкер Андрей Толмачтың тамаша жұмысын айта кеткім келеді. Оның командасы турнирге қойылған мақсатты толық орындай алды. «Қайратқа» барлық командалар ерекше дайындалатынын айтқым келеді. «Столицадан» ұтылу біз үшін күтпеген жайт болды. Шынымды айтсам, физикалық тұрғыда шаршаңқырап қалғанымыз көрініп тұрды. Жеті адам ғана ойнады, қалғандары жарақаттанып қалды немесе ескертулері болды. «Қайрат» кез келген құраммен ауысымсыз 40 минут бойы ойнай алады, бірақ неге екені белгісіз, матчтың соңына таман Игита мен қорғаушылар дөрекі қателер жібере бастады. «Столицаның» қарқыны жемісті болды. Біз есепті теңестіру үшін шабуылдаған кезде, бесінші голды жіберіп алдық. Сол кезде матч тағдыры шешілді. «Столицаны» жақсы қарсы алып, УЕФА Кубогының Негізгі кезеңін ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді – жарыс жоғары деңгейде өтті. Беларусьтарға келесі кезеңде сәттілік тілеймін. Минскілік клубтың құрылғанына төрт жыл болғанын ескерсек, олардың қадамы жаман емес. Құдай жазып, осының бәрін сақтап қалуын тілеймін.

- Қазақстан чемпионатына тіркелген ойыншылардың кейбірі неге Негізгі кезеңге қатысқан жоқ?

- Көбі жарақат алып қалды, мәселе соған байланысты. Басқалары отбасылық проблемаларын шешуге тырысты: бірі Бразилияда, бірі Еуропада. Бірақ УЕФА Кубогында Қазақстанның намысын қорғаған құрам келесі кезеңге өту тапсырмасын орындауға қауқарлы болды. Басқа да мәселелер бар: Негізгі кезеңге бір апта қалғанда Серік Жаманқұлов тізесін жарақаттап алды. Жарақатынан енді айығып келе жатқан Леоны шығарған жоқпыз, денсаулығына қауіп төндіргіміз келмеді. Бір ай бұрын Шыңғыс Есенамановқа ота жасалды. Бірақ ол Минскіде алаңға шығып, маңызды голдарды соқты – ол жарады. Дәурен Нұрғожин де жарақатынан толық айыққан жоқ – Какау ойын динамикасын сезіне алуы үшін оған бірнеше минут берді. Бірақ қайта жарақаттанып қала ма деп қорықтық. Үшінші матчта Дуглас ойнаған жоқ – температурасы көтерілді, ларингит. Екі күн емделді. Оның үстіне, Тайеби екеуінің сары қағазы болатын. Біз үшін Элиталық кезеңнің қаншалықты маңызды екенін ескеріп, артық сары қағаз алудан қорықтық. Негізгі ойыншыларды келесі кезеңге сақтадық, жарақаттан аулақ болуға тырыстық. Бұл ұлттық құрамаға да қатысты, себебі жақын арада Иранда халықаралық турнир өтеді ғой, артынша ЕУРО-2018 күтіп тұр.

- «Қайрат» сапында екінші қақпашы Дуду алаңға жиі шығып жүр. Оның ойыны туралы не айта аласыз және ол Игитаға бәсекелес бола ала ма?

- Дуду – тамаша қақпашы. Ол тек өз қақпасында ғана тұрады, өз аймағынан шығып кетпейді. «Аяқсыз ойнайды» деген тіркес бар ғой. Өкінішке қарай, бұл турнирде Игитаның қақпаға жасаған соққылары әлсіз шықты, қарсылас иелігіне гол соғатындай жылдамдықта болған жоқ. Ол гол соғуға қатты тырысты, сондықтан соңына таман жүйкесі сыр бере бастады. Бұл оның орындауындағы ең үздік ойын болмады.

Бәсекелестікке келер болсақ, бұл қақпашылар екі түрлі. Дуду – екінші қақпашы, он қандай да бір қиындықтар туса, Игитаны ауыстыра алады. Команда Дудуға толығымен сенеді.

- Элиталық кезеңді Алматыда қабылдауға дайын болдыңыздар ма?

- Біз Элиталық кезең мен Төрттік финалын бұған дейін қабылдағанбыз. УЕФА-да осындай жоғары деңгейдегі турнирлерді өткізу бойынша нақты бір регламенттері бар. Биыл бізге Элиталық кезеңді бермес еді.

- Біздің топты «өлім тобы» деп айтуға болады. Осындай ауыр жеребеден кейін әсеріңіз қандай – «Интер» бәріне танымал, ал португалиялық «Брага» мен «Дева» клубы туралы не айта аласыз? «Қайраттың» УЕФА Кубогы Төрттік финалына өту мүмкіндігін қалай бағалар едіңіз?

- Жеребенің нәтижесі өте қызық болып тұр. Біздің топта кез келген команда кез келгенін жеңіп кетуі мүмкін. «Өлім тобы» дегеніміз қарсыластың бәрі де мықты екенін білдіреді. Қай-қайсысы да Төрттік Финалына өтуі мүмкін. Осындай топқа түскенімізге қуаныштымын. «Дева» Негізгі кезеңде «Аразды» жарыс жолынан шығарып тастады. Ал «Брага» - осал команда емес, сеніңіздер. «Интерді» таныстырудың да керегі жоқ – УЕФА Кубогының төрт дүркін жеңімпазы. D тобынан шығу үшін күрес соңғы турға дейін жалғасады. Басқа квартеттерде тосын-сыйлар аз болады, себебі ол жақтарда айқын фаворит бар – егер негізгі қарсыласыңмен ойында жеңіске жете алмасаң, қалған матчтардың мәні де жоқ. Біздің топта барлық қызық соңғы голға дейін сақталмақ. «Қайраттың» негізгі мүмкіндігі – осыда.

- Әңгімеміздің соңында осындай бір сұрақ қойғым келеді. «Қайрат» Қазақстан кубогының алғашқы кезеңінде «Ақтөбеден» ұтылып қалған соң, «Ақтөбе» ФК ресми дүкенінде бір сағаттан кейін матч есебі жазылған арнайы кружкалар шыға бастады. Фанаттардың мұндай әдісіне қалай қарайсыз?

- Шынымды айтсам, мұндай оқиғалар жанкүйерлердің назарынан тыс қалмағаны мені қуантады. Демек, қазақстандық футзал танымалдық жағынан жаңа белеске шығып келеді деген сөз. Мықты қарсыластармен матчта жеңіске жетуге болады, бұл қиял емес, шынайы нәрсе. Тек талмай еңбек ете беру керек. Кім жұмыс істеп, футзалға ақшаны ақылмен құйса, сол «Қайратқа» бәсекелес бола алады. Біз қашан да осылай дейміз. Тағы да айтайын: «Қайраттың» осылай жүруі – Қазақстан футзалын дамыту үшін. Отандық командалардың «Қайратты» жеңуі елімізде футзалдың дамып жатқанын білдіреді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер