русский язык

Константин Лифанов: «Елімізге Кафельников пен Шевченко келеді»

Константин Лифанов: «Елімізге Кафельников пен Шевченко келеді»

Гольфтан кәсіпқойлар арасындағы Kazakhstan Open 2013 – European Challenge Tour-дың басталуына шамалы уақыт қалды. 2005 жылы алғаш ұйымдастырылған турнир биыл тоғызыншы рет жалауын көтермек. Байрақты бәсеке қыркүйектің 19-ы мен 22-сі арасында өтеді деп жоспарланған.

NURTAU гольф-клубының директоры Константин Лифанов «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында алдағы жарыстың қызығы мол болатынын айтып жеткізді.

– Биылғы турнирде 132 гольфшы бақ сынайды, – деді Лифанов. «Челендж тур» рейтингісі бойынша тамыз соңына дейінгі санақтағы үздіктердің басын қоспақпыз. 100 адам ішінен 10-15-і Еуропа турында бақ сынағандар. Екі апта бұрын Еуропа турының бір кезеңі – «Russian Open» Мәскеуде өткен. Сол жарысқа қатысқандардың көбісі Kazakhstan Open-2013-ті сұрап, қызығушылық танытты. Бір сөзбен айтқанда, «жарысқа қатысам» деген үміткерлер көп.

– Яғни, біздегі жарыстың абырой-деңгейі өскені ғой?

– Елімізде өтетін турнирдің мәртебесі қашан да биік болған. Kazakhstan Open алғаш өткізілгенде де іріктеу жасағанбыз. Спортшылар саны жөнінен қиындық болмаған. Қазірдің өзінде 50 адам бізден жауап күтіп отыр.

- Жарыстың жүлде қоры қандай?

- Өткен жылдардағыдай 400 000 еуроны құрайды.

- Биыл жұлдыздардан біреу келеді ме? Евгений Кафельников қатысуы мүмкін бе?

- Иә, Евгений жарысқа қатысуға ниетті. Айта кетер жайт, биыл бізге футбол жұлдызы да келеді. Атақты ойыншы, Украина құрамасын өрге сүйреген шабулшы Андрей Шевченко Kazakhstan Open-2013-ке қатысқысы келеді екен. Бұл мәселе жақын күндері шешіледі.

- Қазақстан атынан кімдер өнер көрсетеді?

- Әдеттегідей, жергілікті спортшыларға тарататын алты жолдамамыз бар. Бірақ аталмыш жарыста ойнау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Себебі Kazakhstan Open-нің дәрежесі өте жоғары. Кәсіби спортшыларды ұлттық тур аясында көрсеткен өнеріне қарай баға бере отырып таңдаймыз.  Биылғы жылы сегіз кезеңі өтті. Үздіктер де анықталған. Қазақстандық бапкерлер тыңғылықты дайындық жүргізіп бар ықыласымен жұмыс істеп жатыр. Командамыз екі-үш кәсіпқойдан жасақталады, қалғандары әуесқойлар. Оларға да мүмкіндік берілген. 31-ші тамыз бен 1-ші қыркүйек арасында өтетін Қазақстан чемпионатында топ жарғандар жолдамаға ие болады. 

- Командамызда жастар болады ма? Мәселен, Дәулет Түлеубаев сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін гольфшыларымыз бар.

- Рас. Дәулет үшін сақтаулы бір орнымыз бар. Ол АҚШ-тан ұшып келмекші. Түлеубаев мұхиттың арғы жағындағы ең үздік бапкерлердің қол астында жаттығып, ең жақсы клубтарда ойнатынын білесіздер. Бұл жігіт ел біріншілігінде де тамаша нәтиже көрсетеді деген сенімдемін. Даулет АҚШ-тың ашық біріншілігінде 48-і орын алған. Жаман нәтиже емес, меніңше.

Көз қырын салыңыз

Kazakhstan Open 2011 - European Challenge Tour бір жыл ішінде кәсіпқойлар арасында өтетін жарыстар қатыран енген. Алғашқы турнир Алматыдағы NURTAU клубында ұйымдастырылған. Дәл сол жылы еліміз Еуропалық гольф-ассоциациясына енген (EPGA). EPGA Еуропадағы 35 мемлекеттің гольф-ассоциациясын біріктірген ұйым.

 

Юлия МИЛЕНЬКАЯ

Аударған: Қайсар ОҚАСОВ

Фото Константин Лифановтың жеке мұрағатынан

Түпнұсқасы

ТҮ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;