Велоспорт

Алматыда қарттар күніне орай он тоғызыншы велошеру өтті

news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Алматыда қарттар күніне орай «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында он тоғызыншы велошеру өтті.

Әдеттегідей, «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталған 9 шақырымдық қашықтықты құрайтын велошеру Тұңғыш Президент саябағында аяқталды. Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар мен велосипед ойнатылды. Басты сыйдың иегері Шәкәрім Әубәкіров атанды.

«Бірінші рет қатысып, велосипед ұтқаныма сене алар емеспін. Өзім велоспортпен шұғылданамын. Менде бірнеше велосипед бар, сондықтан сыйлығымды өз бапкеріме табыстаймын», - деді жеңімпаз Шәкәрім Әубәкіров. Ұйымдастырушылар спорт ардагерлеріне құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстады. Мерекелік велошеруге Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушылары да қатысты. «Біз оқушыларымызды салауатты өмір салтына, спортқа баулуға тырысамыз. Эко фестивальге осы себепті қатыстық. Жалпы, қала тұрғындарының экологиялық көлік түрін қолданғанын қолдаймыз. Бұл фестиваль қала әкімдігінің және біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) қолдауымен өтеді. БҰҰ мектептерімізге жиырма спорттық велосипед берді. Велошеруге бірінші рет қатысып отырмыз. Енді, балаларымыз апта сайын велоспортпен айналысады деген ойдамын», - деді зияткерлік мектебінің химия-билогия бағытының директоры Гүлмира Бақытбекқызы.

Айта кетер жайт, осы велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының қолдауымен 2017-ші жылы жоспарланған 21 велошерудің он тоғызыншысы. Аталмыш бағдарлама мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.



Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер