Садриддин Ахмедов: Кәсіпқой боксқа ауысқаным рас
Қазақстанның және әлемнің спорт жаңалықтарына жазылыңызЕліміздегі ең талантты боксшылардың бірі Садриддин Ахмедов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында кәсіпқой боксқа ауысқанын растады.
- Иә, бұл рас ақпарат. Бірақ әзірге келісімге қол қоймадым. Жақын күндері келісімшартқа отырамын деген ойдамын.
- Қай промоутерлік компаниямен келісімшартқа отырасың?
- Америкалық «The Heavyweight Factory» деген компания.
- Иван Дычко өнер көрсетіп жүрген компания емес пе?
- Иә, дәл солай. Бұйыртса, Америкада жаттығып, кездесулерімді сонда өткіземін.
- Әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар аласың ба?
- Жоқ. Толығымен кәсіпқой боксқа ауысамын.
- Қай салмақ дәрежесінде өнер көрсетесің?
- Әзірге белгісіз. Жаттығу жұмыстарынан кейін белгілі болады. Бәлкім, 69 келі салмақ дәрежесінде қаламын.
- Құрамадағы әріптестерін бұл жаңалықты қалай қарсы алды?
- Көбі мені қолдады. «Сенің стилін кәсіпқой боксқа арналған» деп айтқандары да бар. Өзбасым, дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын.
- Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановпен сөйлескен жоқсың ба?
- Жеке сөйлескен жоқпын.
- Әуесқой бокста талай белестерді бағындыра алмадым деген өкініш жоқ па?
- Ешқандай өкініш жоқ. Керісінше, бапкерлік құрамға алғыс айтқым келеді. Бір жыл құрамада жүріп біраз тәжірибе жинадым.
- Онда кәсіпқой боксқа ауысуыңмен құттықтаймын. Ендігі мақсатың қандай?
- Менің арманым – кәсіпқой бокста чемпиондық белбеуді жеңу. Басты мақсатым, Головкин сияқты Қазақ елінің атын шығару.
- Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі туралы не айтасың?
- Жекпе-жек ұнады. Менің ойымша, Головкин сәл басымдықпен (60/40) жеңді. Бірақ төрешілер басқа шешім шығарды.
- Жанат Жақиянов пен Райан Барнетт арасындағы жекпе-жек қалай аяқталады деп ойлайсың?
- Жанат – әлем чемпионы. Шын айтсам, Барнеттің кездесулерін көрген жоқпын. Алайда Жақиянов ағамыз бар күшін салып, жеңіске жетеді деген ойдамын.