русский язык
Хоккей

Жанкүйердің денсаулығына ең зиян спорт түрі анықталды

news-banner7
mobile-news-top

Хоккейді стадионда немесе теледидардан көрген адамдардың жүрек қағысы екі есеге жиілейді екен. Ал бұл инфаркт пен басқа да жүрек ауруларына апаруы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Canadian Journal of Cardiology журналында жарияланған мақалаға сүйене отырып РИА Новости жазады.

Ғалымдар хоккейдің жүрек ауруларына себепші болатынын Ұлттық хоккей лигасы командасы жанкүйерлерінің денсаулығын бақылау нәтижесінде анықтады.

«Дәрігерлер жүрек ауруы бар пациенттерінен спортпен шұғылданып-шұғылданбайтынын міндетті түрде сұрауы керек. Тартысты хоккей матчтары шынымен де жүрек-қан тамырлары ауруының асқыну ықтималдығын арттырады, әсіресе овертайм секілді «сын сағаттарда». Сол себепті жүрегі сыр беретін жанкүйерлерге бұл туралы ескерткен абзал», - дейді мақалаға қатысты пікірін білдірген редактор Дэвид Уотерс.

Футболдан соңғы өткен әлем чемпионаты кезінде жүрек талмасы мен «жедел жәрдем» шақырту саны бірнеше есеге күрт өскеннен кейін, Квебектегі Корольдік батыс академиясының дәрігері Лейя Хэири мен әріптестері осындай ерекше зерттеу жүргізуге бел буған.

Кейін ғалымдар анықтағандай, матч кезінде футбол жанкүйерлерінде тамырдың соғу жиілігі минутына ондаған соққыға артады екен. Чемпионат кезіндегі жүрек ауруларының «эпидемиясы» осымен байланысты болуы мүмкін, дейді дәрігерлер.

Хэири мен әріптестерінің айтуынша, мұндай зерттеулер хоккей жанкүйерлерінің арасында бұрын-соңды жүргізілмеген. Сондықтан ғалымдар бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ҰХЛ-дағы ең танымал командалардың бірі «Монреаль Канадиенс» жанкүйерлерінің көмегіне жүгініпті. Олар бірнеше ондаған «фанаттың» тамыр соғысының жиілігін бақылаған. Жанкүйерлердің бір бөлігі хоккей матчын үйде тамашаласа, қалғандары тұрақты түрде мұз аренасына барып тұрған.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, хоккейді адам денсаулығына ең қауіпті спорт түрі ретінде атауға болады: үйдегі «фанаттарда» жүрек қағысының жиілігі ойын кезінде 75-80%-ға артса, стадиондағы жанкүйерлерде екі есеге жиілеген. Яғни, матч көрген жанкүйерлердің жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін салмақ ауыр қол еңбегімен айналысқан кездегі салмақпен тең болған.

Бір қызығы, ойын кезінде жүрекке түсетін салмақ команданың «тұрақты» жанкүйерлері мен жай ғана хоккей көргенді ұнататындарда бірдей болған. Сондай-ақ, көрермендердің тамыр соғысы гол мен овертайм кезінде едәуір жиілепті. Осының бәрі, канадалық дәрігерлердің пікірінше, хоккейдің ең тартысты әрі адамды толқытатын ойындардың бірі екенін дәлелдейді.

Дегенмен, бұл жүрек ауруы бар жанкүйерлердің бұдан былай хоккей көруді тоқтатып, сүйікті командасының ойындарына бармауы керектігін білдірмейді. Бірақ, матч кезінде қатты толқудың соңы неге апарып соғуы мүмкін екенін де біліп жүргендері абзал, дейді мақала авторлары.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;