Жекпе-жек
Бокс/Күрес/ММА

Қасқарауов: Оспанов «Гладиатормен» жекпе-жекке шығады

Қасқарауов: Оспанов «Гладиатормен» жекпе-жекке шығады
news-banner7
mobile-news-top

Alash Pride президенті Данияр Қасқарауов Prosports.kz тілшісіне эксклюзив сұқбат беріп қазақстандағы ММА-дің хал ахуалын баяндады.

- Сұрақты бірден төтесінен қойып Alash Pride-тың үздік спортшылары туралы білгім келеді. Арман Оспанов пен Қайрат Ахметов октогонға қашан оралады?

- Қайраттың мақсаты есені қайтарып ONE FC белбеуін тартып алу. Желтоқсанда Бангкокта ірі турнир өтеді. Осы жолы жеңіске жетсе чемпиондық белбеуге қайтадан тартысады. Қазіргі келісімшарты көңілден шығады. Сондықтан ONE FC-мен жұмысы жалғаса бермек. Біз оның Азияда жұлдыз болғанын қалаймыз.

Арман Оспанов желтоқсанның 23-де Мәскеуде ұйымдастырылатын үлкен турнирге қатысады. Қарсыласы Алексей Полудников. Лақап аты «Гладиатор». Кездесуге дейін Арман қалпына келіп үлгереді деген ойдамыз.

- Арман ұтылып қалса да Қазақстанда үздік санала ма?

- «Алматы Аренада» жеңіліп қалғаны өкінішті әрине. Дегенмен халық мықтыны тани біледі. Ұтылып қалған күннің өзінде ең жоғары рейтингілі файтер Арман. Реванш жасауға толық мүмкіндік бар. Себебі екеуі де АСВ ұйымында. Бәлкім көктемде реванш өтеді. Жекпе-жек алдында Сильваны әлсіз қарсылас деп санағандар болды. Өздеріңіз көрдіңіздер, біз нашар қарсылас таңдамаймыз. Жігіттеріміз тек мықтылармен шығуды қалайды.

- Alash Pride Алматыда өз Академиясын ашады деген сыбыс бар. Осы рас па?

- Иә, бұл шындық. Академия ашылмай ісіміз алға баспайды. Бұған көз жетті. Жеке жаттығу залымыз болмағандықтан орталықтандыру болмады. Енді бір жүйе жасап, ортақ идея қалыптастыруды көздеп отырмыз. Соның арқасында халықаралық аренаға Қазақ жігіттері көптеп шығады. Мектепті жылдың соңына дейін ашамыз деген жоспар құрдық. Тек қаржы мәселесі тежеп тұр процессті.

- Жастар арасынан үміт күттірер спортшылар бар ма?

- Әрине, Нұрсұлтан Қасымхан, Асу Алмабаев сияқты жігіттер бар. Дамир Исмагулов мықты. Бірақ ол Ресей азаматы. Болашақта UFC-ге шығуы да мүмкін. Нұрсұлтан Қасымхан деген жігітті 11 қарашада Грозныйда өтетін жарысқа қатыстырамыз. Егер келісімшартқа қол қойылмаса Алматыдағы турнирге қатысады. Айта кетейін, желтоқсанның 1 күні Алматыда Экономикалық форум өтеді. СОЮЗ ММА России осыған орай ірі дода ұйымдастырмақ. Біз де ат салысамыз. Жалпы жарыстарды беделді ұйымдармен бірлесе жасаған тиімді. Майк Тайсон құрметті қонақ ретінде келеді. Рингте Шахмарал Жетпісов жұдырықтасады. Асылжан Бақытов басты кездесуде өнер көрсетеді. Қыздардан Зәмзәгүл Файзуллаева шығады деп отырмыз.

- ММА-да қаржы табу қиын, сондықтан спортшылар аз деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

- Иә, мемлекет тарапынан қолдау аз. Жігіттердің шетелдегі жаттығуына, жүріп-тұруына, витаминизацияға ақша көп кетеді. Ең болмаса жарқ етіп көзге түскен спортшыларға, үздік файтерлерге мемлекеттен стипендия берілсе ғой. Себебі ережесіз жекпе-жек футболдан кейінгі ең тартымды спорт түріне айналып келе жатыр.


- Осы мәселені телеарна мен әлеуметтік желіде көтеріп жүрген Қуат Хамитов мемлекеттен еш көмек болмады деп налыды.

- Орынды айтса қолдаймын. Бірақ ұйымдастырушы ретінде біз өкіметке ренжісек жарасады. Қуатқа емес. Себебі ол Alash Pride-та 4 жыл жаттықты. Жақсы қолдау көрсеттік. Жететін деңгейіне жетті.

- Жалпы оның соңғы жазбалары ел назаран қатты аударды. Кейде тым қатты кетеді деп ойламайсыз ба?

- Оның сөздерін PR менеджері жазып беретін сияқты. Ал әлеуметтік желідегілер іліп әкетеді. Қазір журналистер оның парақшасын аңдитын болды тағы не айтады екен деп. Меніңше мұндай әрекет ер адамға жараспайды. Біздің менталитетте ер адам әр сөзіне жауап беріп абайлап сөйлеу керек. Депутат болғысы келе ме, тұлға боп қалыптасу мақсаты ма? Белгісіз. Сөздерінің шанайылығына көз жеткізу үшін оны тікелей эфир мінберіне шығару керек.

- Арман Оспанов Америкада өнер көрсетейін дегенде артынан арыз жазып «допинг қолданды» деп жала жапқан біреу. Бұл жайт спортшының карьерасына кері әсерін тигізбей қоймады. Сол адамды танисыз ба? Кім ол?

- «Жау жоқ деме жар астында». Көре алмаушылар алыста емес. Рейтингісі төмен болса да Арманды өзіне бақталас санайтын кісілер бар. Күдікті адам арамызда жүр. Оның атын атамай-ақ қояйын.

- Сұқбатыңызға көп рақмет. Ісіңізге сәттілік!

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер