Блогбастер
Футбол

«Алтын доптың» пайдасы жоқ». «Сенатор» мансабын аяқтады

«Алтын доптың» пайдасы жоқ». «Сенатор» мансабын аяқтады
news-banner7
mobile-news-top

Жұма күні «Реалда» Фигу және Зиданмен бірге ойнап, «Интерде» мегажұлдыз болған жартылай қорғаушы Эстебан Камбьяссо мансабын аяқтады. Футбол тарихындағы ең үздік жартылай қорғашылардың бірі бүгінде – 37 жаста.

****

Эстебан Сан-Фернандо атты шағын қалашықта дүние есігін ашқан. Әкесі баскетболшы болғандықтан, өзі де 11 жасына дейін осы спорт түрімен айналысты. Тек кейін ғана футбол секциясына жазылған. Камбьяссо басында футболды жек көретін, алайда анасы мен алғашқы бапкері көндіріп алды. Сол кезде жүріп Кучу (Cuchu) деген лақап атын алған болатын.

Кучу дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері футбол ойнаса, сейсенбі мен бейсенбісін баскетболға арнайтын. Эстебан қашан да капитан болатын: оның салқынқанды мінезі бапкерлерге қатты ұнайтын және оған Аргентинада қасиетті саналатын оныншы нөмірді сеніп тапсыратын.

Кейін «Реалдың» екінші командасында доп теуіп жүрген ол бұл ұжымда ұзақ ойнағысы келмеді – Кастильяда «солып» қалмас үшін ол Аргентинаға қайта оралды. «Индепендьентенің» мектебінен өтіп, «Ривер Плейт» сапына ауысты – сөйтіп, 2002 жылы Клаусурада алтын медаль иеленді.

2002 жылы Висенте Дель Боске Камбьяссоны кері шақырды – Чемпиондар лигасын жеңіп алған «галактикосқа» орталық шепті күшейту керек болатын. Бірақ, бұл жолғы сапары да сәтсіз болды: бір жұлдыз басқа бір жұлдызды ауыстырып жататын командада Эстебан өзін көрсете алмады. «Зидандар мен Павондарға» сенім артатын Флорентино Перес аргентиналықты бұл деңгейге сай деп бағаламады.

Мұны Камбьяссоның өзі де мойындады: «Сол кезде клуб саясаты мынадай болатын: жұлдыздар мен өз түлектерін ойнату. Мен екі категорияға да енген жоқпын. Сондықтан, «галактикоста» айым оңынан тумады. Бірақ сол сәт көп тәжірибе алып келді».

Эстебан Фигу, Зидан, Роберто Карлос, Роналдо және Бекхэммен бірге жаттығу жасаудың үлкен әсерін тигізгенін айтады: «Олармен жұмыс істеу оңай. Бұл жұлдыздадың басты ерекшелігі: біз ойлағаннан қарапайым адамдар. Жас кезімде олармен бір шкафты бөліскеніме қуаныштымын. 21 жасымда Чемпиондар лигасын жеңіп алған команда сапында Еуропа Суперкубогында ойнадым. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын.

Сол кезде «Реал» адам сенгісіз қателер жіберді: бапкерлер гол соғатын футболшыларды ғана ойлап, сол ойынды ұйымдастыратын ойыншыларды ұмытып кетті. Сондықтан, шабуыл мен қорғанысты байланыстырып тұрған Макелелені сатып жіберді, ал Камбьяссо тегін кетті. Орталық шепте Дэвид Бекхэм ойнап көрді.

Нәтижесінде Камбьяссо «Интерге» жұлдыз ретінде ауысты.

«Маусымның басталғанын күтіп жүрмін. Менің арманым орындалды деуге болады». Көптеген адамдар Эстебанның бұл сөздерін жасанды деп бағалаған, бірақ оның бірнеше жылдық сәтті ойыны сөзін растап шықты. Камбьяссо «Интердің» XXI ғасырдағы барлық символикалық құрамдарына еніп, «сенатор» атанды (Италияда тәжірибелі, ойыншыларды біріктіретін көшбасшыларды осылай атайды).

2009/10 жылғы Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Барселонаға» қарсы матчта Жозе Моуриньо Линель Мессиді «жеп тастауды» талап етті – бұл міндетті Эстебаннан артық ешкім атқара алмайтын. Камбьяссо Леоның аяғын аттап аштырмады.

Бір қызығы, Чемпиондар лигасындағы жарқын жеңістен соң да Камбьяссо әлем чемпионатына бармай қалды. Өзін ерекше санайтын Диего Марадона солай деп шешіпті: «Камбьяссо – тактика тұрғысында жақсы ойыншы, бірақ ол доппен өте баяу жұмыс істейді. Ол – маған ұнамайтын ойыншылардың бірі».

Камбьяссо «Интерден» де тегін кетіп қалды. Капитанға келісім-шарттың ұзартылмайтынын ең соңғы сәтте айтқан: «Клуб менімен келісім-шартын ұзартқысы келмейтінін үш-төрт ай бұрын білуге лайықты болдым деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ чемпионаттың соңғы матчына бір күн қалғанда емес қой! Менің клубта он жыл ойнағанымды ескіріп, тым болмаса, бір апта бұрын айтса болар еді. Бірақ «Интердегі» жылдарымнан соң Италияның басқа клубына ауыса алмадым».

2014 жылдың тамызында Эстебан Англияға ат басын бұрды – чемпионшиптен енді көтерілген «Лестердің» жейдесін киді.

«Лестер» чемпиондық маусымы алдында құрдымға кетуге жақын болғанын көбі біле бермейді – Камбьяссоның сол кездегі ғажайып ойыны болмаса, кейін Джейми Варди, Рияд Марез және басқа футболшылар жасаған ғажайып ертегі орындалмас еді.

Маусымның соңында командасын құтқарып қалған соң Эстебан клубпен келісім-шартын ұзартпайтынын айтты.

Грекиялық «Олимпикостағы» сәтті екі маусымнан соң «Кучу» нүкте қойылатын уақыттың жақындағанын түсінді. 2017 жылдың 8 қыркүйегі – оның мансабындағы соңғы күн.

***

Біз енді Джузеппе Меацца алаңында оның «жалтыраған» басын көре алмаймыз. Әдемі қорғанысына таңқалмаймыз. Жойқын соққыларына қол шапалақтамаймыз. Тереңнен берген пасына қызыға алмаймыз.

Камбьяссо ерекше футболшы саналатын: ай сайын бағалар көтеріліп жатқан нарықта Эстебан үшін клубтар бір тиын да төлемеді.

Мұндай ойыншыларға «Алтын доптар» берілмейді, бірақ Эстебан сол үшін қиналып жүргенге ұқсамайды. Бір кездері ол былай деген: «Алтын доп – пайдасыз жүлде, себебі оны Рауль немесе Мальдини сынды футболшылар ешқашан алған жоқ».

Келіспеске амалың жоқ...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер