Футбол

Стойлов: «Астананың» міндеті 90 минут бойы қорғану емес

Стойлов: «Астананың» міндеті 90 минут бойы қорғану емес
news-banner7
mobile-news-top

УЕФА Чемпиондар Лигасы үшінші іріктеу кезеңінің «Легия» және «Астана» командалары арасындағы жауапты матчы алдындағы баспасөз жиынында елордалық команда бас бапкері Станимир Стойлов журналистердің сұрақтарына жауап беріп, кездесу туралы өз ойымен бөлісті.

- Бізді ертең өте қиын күтіп тұрғанын өте жақсы білеміз. Іректеу кезеңі екі ойыннан тұратындықтан, барлығы ертеңгі кезеңде шешілетіні анық. Ертеңгі маңызды ойында менің командам өте жақсы ойын үлгісін көрсетеді деген сенімдімін. Бізге ертеңгі матчта үлкен қысым болатынын жақсы білеміз. Бірақ, бұл осындай қысыммен өткізгелі отырған алғашқы ойын емес. Ертең қай команда жақсы ойын үлгісін көрсетсе, сол команда ары қарай өтеді.

- Алғашқы ойында Джордже Деспотович жарақат алып қалған еді. Ол командамен бірге Варшаваға келген жоқ. Ал команда құрамындағы басқа ойыншылар толықтай дайын ба?

- Команда құрамына қатысты бірнеше мәселелер бар. Дегенмен, Деспотовичтан басқа футболшылар ертеңгі ойынға дайын болады.

- Станимир, сарапшылардың пікірі бойынша ертеңгі кездесуде «Астана» үшін алғашқы 30 минут өте қиын болмақ. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Алғашқы 30 минут қиын болады дегенді кім айтып жүргенін білмеймін. Ойын 90 минутқа созылады. Сондықтан, ойынның барлық бөлігі қиын болары анық. Команда сапындағы ойыншалар да матчтың алғашқы 20-30 минутына емес, соңғы секундына дейін күресуге дайын болулары керек. Ертеңгі кездесуде өзіміздің ойынымызды көрсетуге тиіспіз. Футболда алаңда қай команда жақсы ойнаса, сол команда жеңіске жететіні анық. Егер біз жеңіске лайық болсақ, келесі кезеңге өтеміз.

- Станимир, ертеңгі ойынға жоспарыңыз қандай? Қорғанысқа көп көңіл бөлесіз бе, әлде, шабуылға ма?

- Қорғанысқа көп көңіл бөлу «Астанаға» тән тактика емес. Біздің басты тактикамыз шабуыл мен қорғанысты қатар ұстау.

- Польшалық журналистер ойынның кеш басталуы қазақстындық команда үшін қол еместігін алға тартып жатыр. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Біз бастысы футбол ойнауымыз керек. Матчтың қай уақытта басталатыны маңызды емес.

- Сізді ертеңгі матчта қандай есеп қанағаттандырады?

- Чемпиондар Лигасының келесі кезеңіне жолдама алсақ болды. Қандай есеп тіркелетіні маңызды емес.

- Томасов ертең алаңға шыға ма?

- Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

- Шетелдің көптеген клубтары «Астана Аренадағы» жасанды алаңға көңілдері толмай жатады. Ал ертең Сіздің команда керісінше табиғи алаңда маңызды кездесу өткізбек...

- Егер ойынның есебі ұнамаса, жасыл алаң кінәлі дей саламыз (күледі). Бізге ақталатын керемет себеп табылып тұр. Дегенмен, кім футбол ойнай білсе, оған алаңның қандай екендігі маңызды емес.

Естеріңізге сала кетейік, екі команда арасындағы алғашқы кездесу елордалық команда пайдасына 3:1 есебімен аяқталған еді. Ал ойын ертең яғни 2-ші тамыздан 3-ші тамызға қараған түні, Астана уақытымен 00:45-те басталады. Матчты Қазспорт телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер