Футбол

Еркебұлан Нұрғалиев Болгар біріншілігін бағындырмақ

Еркебұлан Нұрғалиев Болгар біріншілігін бағындырмақ
news-banner7
mobile-news-top

Көкшелік «Оқжетпестің» бұрынғы ойыншысы Еркебұлан Нұрғалиев бағын шетел біріншілігінде сынап көрмек.

23-жастағы футболшы Болгария чемпионатында өнер көрсететін «Верея» командасының сапында доп тебетін болады. Футболшының дәл бұл команданы таңдауы кездейсоқтық емес. «Вереяны» Илиан Илиев жаттықтырады. Ағымдағы маусым басталарда Илиев семейлік «Алтайдың» тізгінін ұстаған. Алайда Премьер-Лига жолдамасынан қағылғаннан соң, болгарлық бапкер отанына қайтқан. Аз уақыттың ішінде Илиан Илиев жас футболшының дарынын байқап қалған болу керек.

Еркебұлан үшін бұл қадам мансабындағы оң шешімдердің бірі болуы әбден мүмкін. Ел біріншілігінде өткізген жарты жылдың ішінде бар-жоғы бір ойында жасыл алаңға шығып, азды-көпті 13 минут доп тепкен. Қосалқы құрамда сарғайып өз мүмкіндігін күткеннен гөрі, шекара асып, жаңа командада өнер көрсеткені абзал, әрине. Жас футболшыларымыздың шетелге көптеп барады деуге келмейді. Дегенмен, бағын шет ел біріншілігінде сынағандар баршылық. Мысалы, Шығыс Еуропада доп теуіп қайтқан Бауыржан Тұрысбек пен Максим Федин дәл қазіргі таңда Премьер-Лигада жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп жүр.

Күзде 24-ке толатын Еркебұлан Нұрғалиевтың жаңа командасы Болгарияның жоғары чемпионатында бақ сынайды. Илиан Илиев баптайтын аталмыш ұжым Кәсіпқой футбол лигасындағы алғашқы маусымында жанкүйерлердің үмітін ақтауға тырысатыны айдан анық.
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер