Блогбастер
Футбол

«Жеті әйелден сегіз балам бар». Роберто Карлостың тарихы

«Жеті әйелден сегіз балам бар». Роберто Карлостың тарихы
news-banner7
mobile-news-top

«Роналдо өліп барады! Роналдо өліп барады!» – көзі жасқа толған Роберто Карлос Париждегі қонақүйдің дәлізін басына көтеріп, құрамадағы әріптестері жатқан бөлмелерді қақты. Түн жарым. Франциядағы әлем чемпионатының финалына дейін жиырма төрт сағат бар. Онымен бір нөмірде орналасқан Роналдо еденде қалтырап жатыр.

Бір сағат бұрын бәрі ойдағыдай еді. Күнтізбеде – 1998 жылдың 11 шілдесі, ертең өміріндегі ең маңызды оқиға – Роналдо әлем чемпионы атағын төрт жыл бұрын алып қойған, ал Роберто үшін бұл алғашқы мүмкіндік. Олар танысқан күннен-ақ жиын кезінде бір нөмірде жатуға сөз байласқан болатын. Солай болды да – Бразилия құрамасында, «Реалда», тіпті, «Коринтианста» да. «20 жылдың ішінде әйелдерімнен гөрі, Роберто Карлоспен көп түнедім», - деп Роналдо еске алады.

Сол кеште екеуі Ұлыбритания Гран-Приінің іріктеу додасын қарап отырған. Әрине, Баррикеллоға жақтасады, бірақ ол 16-шы орын алды. Сол сәтте Роналдо төсектен еденге құлап түсті де, қол-аяғы дірілдей бастады. Досының әзілдеріне үйреніп қалған Роберто Карлос бұған мән берген де жоқ. Бірақ Роналдоның даусы қырылдап, екі көзі шарасынан шыққалы тұрғанын байқаған соң көмекке жүгірді. Бірінші болып Эдмундо шықты. «Ол өз-өзіне ұқсаған жоқ, Роналдо өлім туралы айтып жатты, - дейді шабуылшы кейін есіне алып. – Олардың нөміріне жүгіріп кірдім, Роналдоның тілі шығып, қолы дірілдеп жатыр екен. Таза ауа жұтқысы келеді, бірақ жұта алмай жатты. Мен Роналдоны қатты ұстап тұрдым, ал Сезар Сампайо тілін тартты. Сол сәтте дәрігерлер де келіп жетті».

Медициналық көмектен соң Роналдо біраз уақыт естен танып жатты, бірақ ең бастысы – тірі. Оны ауруханаға алып келді, түнді сол жақта өткізді – финал туралы әңгіме де болған жоқ. Бірақ бразилиялықтардың бас бапкері Марио Загаллоны спорт министрлігі, кейін үкімет қинай бастады – чемпиондық атақты қорғап қалу қажет. «Ойнай алмайды деген не сөз? Ол – біздің басты үмітіміз. Негізгі құрамда болуы тиіс». Солай болды. Бірақ Роналдоның бойында күш-қуат жоқ. Нәтижесінде Бразилия Францияға жол берді. Ал досының өмірін сақтап қалған Роберто Карлосқа әлем кубогын көтеру үшін тағы төрт жыл шыдау қажет.

Ол қашан да арманмен өмір сүретін. Ата-анасы бразилиялық атақты әнші Роберто Карлостың концертінде танысқан. 1973 жылы 10 сәуірде дүниеге келген тұңғышының есімін соның құрметіне атады. Он екі жасында ол отбасылық бюджетті толықтыру үшін Torsaro Cordeiro жіп фабрикасында тер төкті – Бразилияда кедейлікті жеңу мүмкін емес. Ал бос уақытында доп теуіп, көршісінің ақ-қара түсті теледидарынан футбол көретін. Бір қызығы, ол өзінің кумирі ретінде ойланбастан Марадонаны атайтын: «Пеленің ойынын өз көзіммен көрген жоқпын. Иә, Бразилияда ол Құдай, мен оның ойынын көрген емеспін. Ал футболды ұққаннан бері көз алдымда Марадонаның ойыны. Мен үшін ол нөмірі 1. Онымен және Ди Стефаномен бірге ойнағым келеді. Аргентиналықтар болса, қайтейін?». 14 жасында әкесі ойнаған «Жувентусте» өнер көрсетті. Мұнда ол орталық жартылай қорғаныс пен шабуылдың сол қапталында ойнады, бірақ оған кеңістік жетіспейтін. «20 метрге емес, 80 метрге жүгіргім келеді!». Бақытына орай, келесі командасы «Фламенгиньоның» бас бапкері Жоан Карлос Кампос оны қорғаныстың сол қапталына қойды.

«Фламенгиньодан» кейін ол «Унион Сан-Жуан» мектебіне барды. 93 жылы елінің олимпиадалық құрамасына енген оны «Палмейрас» алып кетті. Жаттығулардың бірінде ол әуедегі допқа бойшаң шабуылшыдан биік секірді. Соңғысы таңғалып тұрып қалды – Карлостан 20 см ұзын. Сөйтіп, Ривалдомен достығы басталды.

Бірінші жылында-ақ «Палмейраспен» бірге чемпионаттың алтын жүлдесін жеңіп алды – бұл команданың соңғы 20 жылдағы алғашқы жеңісі болатын. Келесі маусымда сол жетістікті қайталай алды. 90 жылдардың ортасында еуропалық клубтар Бразилияны жіті назарда ұстайтын. «Палмейрастың» қорғаушысы да назардын тыс қалмады. Сөйтіп, ол миландық «Интердің» жейдесін киді. Италияда алғашқы турда-ақ ол миландықтарға жеңіс сыйлады. Артынша қиындықтар туындай бастады – Рой Ходжсон оны сол қапталдағы қорғанысқа емес, шабуылға қойғысы келді.

Бір жылды солай өткізіп, Карлос қорғаныстың сол қанатына қайта оралғысы келетінін айтады. Бірақ Ходжсонның жоспары басқаша еді. Нәтижесінде, Роберто Карлос мадридтік «Реалға» ауысып кетті.

«Мадрид» жас қорғаушы үшін аз ғана ақша берді – 600 млн песет (шамамен, 3,6 млн еуро). Сол жазда «Мадридте» жаңа команда құрылып жатқан болатын. «Корольдік клубқа» бразилиялық қорғаушыдан бөлек, Давор Шукер, Предраг Миятович, Кларенс Зеедорф ауысты. Рауль да тынысын кең аша бастады. Ал бұл команданың тізгінін Висенте дель Боске ұстады. 1998 жылы испаниялықтар соңғы 32 жылда алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. 2000 жылы да сол жетістік. 2002-де де қайталады. Осы жеңістердің бәрінде де бразилиялық қорғаушы оқтай ұшып жүрді. Әсіресе, 2001/2002 жылғы ЧЛ финалы есте: «Байерге» қарсы ойын болатын. «Солари допты маған қалдырды. Мен біздің ойыншымыз айып алаңында тұрғанын байқап қалдым. Бірақ нақты кім екенін білмедім. Допты сол жаққа асыруды жөн көрдім. Құдайға шүкір, Зизу екен». Сол сәтте Зидан Чемпиондар лигасының тарихындағы ең үздік голдардың бірін соққан болатын. Оның үстіне, бұл гол жеңіс алып келді.

Өмір бойы алтыншы нөмірмен ойнап келген Карлос – Бразилиядағы дәстүр бойынша сол қанаттағы қорғаушылар 6-шы нөмірмен ойнайды – «Реалда» үшінші нөмірді таңдады. Бұл да сол дәстүрге байланысты. Испанияда бұл позиция 3-ші нөмірге тән екен. Сөйтіп, ол «Сантьяго Бернабеудің» кумирі мен басқа стадиондардың жауына айналды. Тіпті, бірде 1999 жылғы эль-класико кезінде Луис Энрике оны екі рет «маймыл» деп мазақтаған.

Дель Боскенің мынадай сөзі бар: «Егер Роберто Карлос алаңда болса, біз бір ойыншыға артық ойнап жатырмыз деген сөз. Ол бірден екі футболшының жұмысын атқарады». Карлоспен бірге «галактикос» дәуірі басталды.

Испаниядағы 11 жылының ішінде ол 514 матч өткізіп, 67 гол соқты және 13 титулға қол жеткізді. Әр екі голының біреуін шедевр деуге болатын еді.

«Мадридтегі» соңғы маусымында ол Капелломен бірге чемпионаттың алтын жүлдесін жеңіп алды. «Уақытында кетіп, жастарға жол беру қажет. «Мадридке» бере алатынымның бәрін бердім». Италия мен Англия оған қызығушылық танытқан болатын. 2004 жылы Жозе Моуриньо Лондонға келген бойда, оның телефонына тыным берген жоқ деген сыбыстар бар. «Мадридтен» соң Карлос «Фенербахчеге» ауысты. Түркиядағы екі жылынан соң чемпионаттың күміс медалін алып, Роберто «Коринтиансқа» қайта оралды. Тағы да Роналдомен бір бөлме, әзілдер, еске алу, бәрі тамаша. Бірақ бразилиялық жанкүйерлердің талаптары жоғары еді, ал оның жасы 37-де... Либертадорес кубогынан ұшып кеткен соң, оларға қоқан-лоқы көрсетіп, хат жаза бастаған. Латын Америка – футболға салғырт қарайтын жер емес. Сөйтіп, Роналдо мансабын тәмамдады. Ал Роберто Карлос Сулейман Керимовтың жаңа жобасына енді.

Артынша толған ақша, қымбат көліктер, пәтерлер, трибунадан лақтырылған банандар. «Анжиде» ол екі маусым өткізді – біріншісінде өзі де ойнады, ал екіншісінде команда директоры қызметін атқарды. Кейін Түркияда жұмыс істеді, Үндістанда тер төкті. Бірақ қайда барса да, ол «Реалға» деген махаббатын жоғалтқан жоқ. «Жеті әйелден сегіз балам бар - дейді Роберто. - Мексикалықтар, бразилиялықтар, венгриялықтар... Білесіздер ме, әйелдер машина не сағат сияқты. Біреуімен ұзақ жүрсең жалықтырып жібереді».

Жаңа жылдың алдында Роберто Карлос өзінің барлық балаларын бір үстел басына жинайды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер