Блогбастер
Футбол

«Алтын допты» ұстағанымда, қолым дірілдеді». «Реалды» құтқарған Агустин

«Алтын допты» ұстағанымда, қолым дірілдеді». «Реалды» құтқарған Агустин
news-banner7
mobile-news-top

Әр клубта жұрттың көзіне түспесе де, командада бәрі жақсы көретін қызметкер болады. «Реалда» бұл – Агустин Эррерин. Қызметі – «Сантьяго Бернабеу» делегаты. Ал бейресми жұмысы – әлемдегі ең ұлы стадиондардың бірінде дәстүрді сақтаушы. Әр ойынның алдында ол алаңға шығар тұста «Реал» ойыншылары мен бапкерлерінің қолын алып шығады. Кейде киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, команданың көңіл-күйін бақылайды. Ойыншылар қобалжыса Агустинмен сөйлесу керегін біледі.

Мадридте тұрмайтын немесе «Сантьяго Бернабеуге» бармаған жанкүйерлер Агустинді алғаш рет 2014 жылдың қаңтарында көрді. Сол кезде Криштиану Роналду үшінші «Алтын добына» ме болған еді. Испания чемпионатының матчы алдында шағын шара өтті: аталмыш жүлдені өз стадионына алып шығып, жанкүйерлердің қошеметіне бөлену – әдеттегі іс. Бірақ Криштиану басқа шешім қабылдады.

rue3cefc3f2b2.jpg

Эррерин екі бапкерлік штабтың ортасына барғанда (әдетте матч кезінде сол жерде тұрады), Криштиану мен Серхио Рамос оны өздеріне шақырып алды. Делегат таңқалып, қастарына барған. Стадионда бір мәселе болып қалған шығар деп ойлады. Бірақ футболшылар басқа себеппен шақырыпты: «Әй, Агус ата, бірге суретке түсейікші?». Криштиану «Алтын допты» Эрреринге ұстатып, ортаға тұруын сұрады да, оны оң қолымен құшақтады. Ал «Реалдың» басқа ойыншылары жан-жаққа тұра бастады. Ерекше сәт болды.

Эррерин бұған дейін де алаңға түрлі жүлделерді алып шыққан – чемпиондар кубогынан «Алтын бутсаға» дейін. Бірақ мұндай бірінші рет болып тұр. «Мұндайды күтпеген едім. Ғажайып сәт. Маған жүлдені дайындап әкелуімді сұрады, ал мұнда..., - деп есіне алды Агустин. – «Алтын допты» ұстағанымда, қолым дірілдеп тұрды. Мұны ешқашан ұмытпаймын. Өмірімдегі ең үздік сәттердің бірі».

Агустиннің жасы 82-де, «Реалда» еңбек етіп жүргеніне 40 жылдан асты. Басты делегат қызметіне көтерілгелі 18 жыл өтіпті. Испанияда оны тек «Реал» ғана емес, басқа клубтар да құрметтейді – мысалы, 2011 жылы желтоқсанда класикодан соң «Барселона» капитаны Карлес Пуйоль оның қасына барған. Екеуі бірнеше минут сөйлесіп тұрды. Кейін белгілі болғандай, матч алдында Агустиннің жары дүниеден озған – Пуйоль оған көңіл айтыпты. Мұндай сәттерде негізгі қарсылас деген ұғым болмайтыны анық.

ruebea6c8d77f.jpg

Эррериннің мансабындағы ең маңызды оқиға 1998 жылдың 1 сәуірінде болды. «Реал» Чемпиондар лигасының сол кездегі жеңімпазы дортмундтық «Боруссиямен» кездескен. Жартылай финалдың алғашқы матчы еді. «Реал» титулды 32 жыл бойы жеңе алмай келеді, сондықтан толқыныс ерекше. Командалар алаңға шыққанда ешкім күтпеген жайт болды: «Сантьяго Бернабеудің» оңтүстік трибунасына қарсы тұрған қақпа құлап қалды. Чемпиондар лигасының әнұраны ойналды, командалар жалаушамен алмасты – тек сол кезде ғана матчты өткізу мүмкін емес екенін аңғарды. Көзіңізге елестетіңізші: «Реал» соңғы 30 жылдағы ең маңызды ойындарының бірін құлап қалған қақпаның кесіренен бастай алмады.

Бас қазы Марио ван дер Энде команданы алаңнан алып кетіп, «Реалға» жағдайды түзету үшін 30 минут уақыт берді. Бірақ бұл аз еді: «Сантьяго Бернабеуде» басқа қақпа болмады, оны жөндеуге қосымша құрылғылар да жоқ. «Реал» қызметкерлері бағананы жөндеуге тырысқан, бірақ қолдарынан келмеді.

Техникалық жеңіліс (0:3) уақыты жақындай түскен кезде стадионда нағыз қаһарман табылды. Бұл Агустин Эррерин болатын. Ол жаттығу базасына барып, сол жақтан жаңа қақпа алып келу үшін төрешіден қосымша уақыт сұрауды ұсынды. Төреші қарсы болмады.

rue4ede39e01c.jpg

Сол кезде Эррерин мен «Реалдың» бұрынғы қақпашысы Мигель Анхель микроавтобусқа отырып, полицейлермен бірге базаға зулай жөнелді.

Діттеген жерге барғанда Эррерин база есігінің жабық екенін байқайды. Іште кезекші жоқ, кілт те табыла қоймады. Сол кезде, 63 жастағы Агустин қоршаудан секіріп өтіп, есікті іштен ашты.

Агустин айдап келген микроавтобусқа футбол қақпасының сыймайтыны анық еді. Сол сәтте Эррерин клубтың жүк көлігін байқап қалды да, жүргізушісін іздеп кетті. «Базада жиенім екеуіміз кешкі ас ішіп отырғанбыз. Бір кезде Агустин, Мигель Анхель мен сегіз полицей кіріп келді..» - деп жүргізуші Кандидо Гомес сол сәтті есіне алды. «Қақпаны біздің стадионға жеткізсеңіз, қалағаныңыздың бәрін береміз», - деді Эррерин.

Енді қақпаны қоймадан алып шығу ғана қалды.

Бірақ бұл оңай болсын ба? Жаттығу заттары сақталатын орын жабық екен, ал кілттің қайда екенін ешкім білмейді. Кілтті іздеуге уақыт кетірмеу үшін, олар жүк көлігіне отырып алып, қойманың есігін бұзып өткен.

Стадионға жетуге 8 минут қана кетті. Жүк көлігінің жүргізушісі Мадрид көшелерімен 90 ш/с жылдамдығымен жүйіткіп өтіп, бағдаршамның қызыл түсіне де тоқтаған жоқ – алдарында сиренасы қосылған полиция көлігі бар, демек, бәріне де рұқсат. «Өзімді премьер-министр сезіндім. Біз жылдамдықты арттырып, бағдаршамға тоқтамадық, сөйтіп, 80 000 көрермен отырған стадионға кірдік», - дейді жүргізуші Кандидо Гомес.

Қақпаны алаңға алып шыққанда «Сантьяго Бернабеу» құтқарушыларға қошемет көрсетті.

ruee6632c2cd7.jpg

Матч жоспарланған уақыттан бір сағат, он бес минутқа кеш басталды. Сол кезде бірінші голды соққан Фернандо Морьентес ойынның кеш басталғанына байланысты матч кезінде қарны қатты ашқанын айтады. Бірақ бар қиындыққа

қарамастан, «Реал» сол кездегі чемпионды 2:0 есебімен жеңіп, артынша өз тарихында жетінші рет Чемпиондар лигасында топ жарды.

Агустин сол сәттен бастап «Реалдың» бойтұмарына айналып, «Сантьяго Бернабеудің» аға делегаты атанды. Ал жүргізушіге 58 мың песет, сағат пен ойыншылардың қолтаңбасы қойылған доп сыйға берілді.

Бірақ ең маңыздысы – екеуі де тарихқа Чемпиондар лигасының жеңімпазы ретінде кірді.

ruea60529d3b8.jpg

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер