Блогбастер
Футбол

«Тіпті, жүгіре де алмадым». Филипп Ламның басынан өткені

«Тіпті, жүгіре де алмадым». Филипп Ламның басынан өткені
news-banner7
mobile-news-top

2007 жылдың жазында Лам Оңтүстік Африкаға ұшып келді. Жүз алпыс жетім өмір сүретін Иннердэйл ауылына барған. Оларға киім сыйлап, футбол ойнады да, Свазилендке аттанды. Бұл жақта ол Бусисве атты он үш жасар қызбен танысты. Жеткіншектің ата-анасы, ағасы мен тәтесі ЖИТС ауруынан көз жұмған, бір өзі екі сіңлісін бағып отыр екен. Лам артынша оңтүстікафрикалық саясаткермен, журналистермен кездесіп, мұражай және құрылыстарға барды, бірақ Бусисве ойынан кеткен жоқ. Жиырма үш жасынан Лам тағдыры қиын жасөспірімдерге көмектесе бастады. Эфиопиялық Бокоджи ауылының жас желаяқтары жалаң аяқ жаттығып жүргенін естіген соң, өз демеушісі арқылы оларға жеңіл атлеттерге арналған аяқ киімдер сыйлады. Йоханнесбургтың шетінен футбол алаңын салып, жан-жағына компьютерлік сынып пен кітапхана құрғызды.

Филипп бала күнінен «Бавариядан» бас тартып жүрді, аудандық «Герн» клубы да оған жеткілікті еді. Оның үстіне, бұл командада анасы жұмыс істейді, бұрын әкесі, ағасы және атасы ойнаған клуб. 1993 жылы «Мюнхен 1860» клубына байқауға келген, алайда қақпа артындағы сынған қоршауларды көріп, әкесіне айтты: «Бұл жерде ойнағым келмейді». Бір-екі аптадан соң сол «Мюнхен» оның «Гернін» 7:2 есебімен тас-талқан етті, Лам болса, дубль жасады. Бір жылдан кейін оны «Бавария» шақырған, ата-анасы қос қолдап қолдаса да, Филипп бас тартты. «Гернде» достары бар, әр ойын мерекемен тең, үйі де жақын еді. Ал «Баварияда» ше: күрес, бәсекелестік, жүйке. Қысқасы, күмәні басым, бірақ «Баварияның» балалар бапкері тамаша дәйек келтірді: «Байқаудан өтсең, бундеслига матчтарында доп әперіп тұрасың».

Сөйтсе, «Баварияда» да достар табуға болады екен. Алғашқы жаттығуда Филиппке Энцо көп көмектесті. Командаға үйренісуге ғана емес қол ұшын созбай, үлкен «Баварияның» матчтарына алып барды. Сонда отырып допты қалай көтеру керегін түсіндірді (есеп пен уақытқа байланысты). Лам артқы жартылай қорғаныста өнер көрсетті. Қалалық турнирдің финалында ойнап, «Мюнхен 1860» қақпасына гол соға алды. Бірнеше жылдан соң Лам «Бавариямен» бірге жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында топ жарды.

2002 жылдың қарашасында Лам «Баварияның» негізгі құрамында матч өткізген, бұл ұмытылмастай сезім болды. Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылған соң, бапкер Хитцфельд Ламды матчтың аяқталуына бір-екі минут қалғанда шығарды. Команда 3:2 есебімен ұтып жатқан. Бұл жеңіс үшін берілетін сыйақы мөлшері Ламның дубльдегі айлық жалақысынан асып түсетін. Бір жарым минут шыдаса болғаны. Алайда соңғы сәтте «Ланс» гол соғып кетті – енді ешқандай сыйақы жоқ. Негізгі командада қалу мүмкіндігі де аз.

2003 жылдың жетінші маусымында «Баварияның» дублі маусымдағы соңғы матчында «Саарбрюкеннен» жеңіліп қалды – 1:3. Кешкі ас кезінде Ламның ұялы телефоны шырылдады: «Бұл Феликс Магат». Тыныштық. «Алло, Филипп?» - «Иә, Магат мырза». – «Сені «Шутутгартқа» шақырғым келеді. Сол туралы ойлан».

rue397796baf6.jpg

Жаңа маусымның алғашқы матчын «Шутутгарт» Ростокта өткізді, Лам қосалқы құрамда. Ойынның аяқталуына он бес минут қалғанда «Шутутгарт» шабуылшысы Сабич есеп ашты. Тәуекелге бармас үшін, Магат сол сәтте бір ескертуі бар Майсснердің орнына Александр Глебті шығармақ болды. Бірақ Глеб ұзақ дайындалғандықтан, Магат ойын өзгертіп тастады: «Жоқ, сен емес» деді де, Ламға көрсетті. Лам Майсснердің кеңесі бойынша дайын отырған еді – бірден алаңға шығып кетті. Бірден қарсыластан допты тартып алды да, алдыңғы шепке пас қалдырды – Сабич тағы бір гол соқты. Екі айдан соң осы оқиға қайталанды. Лам шабуылды бастап, Сабич оны түйіндеді. Бір ғана айырмашылық – Лам енді «Штутгарттың» негізгі құрамында ойнайды, ал қарсыласы – Чемпиондар лигасында «Манчестер Юнайтед».

Бундеслигадағы дебютінен соң Лам Германия құрамасына шақырту алды. Феликс Магаттың ауыр жаттығуларына үйреніп қалған ол құрама тізгінін ұстайтын Руди Феллердің босаңсып жүргеніне таңқалды. Алаңды бір-екі рет айналып, бірнеше соққылар жасады. Құрама сырт алаңда Хорватияға қарсы матч өткізгелі жатыр, бірақ Феллер қарсыластың ойыны және матч тактикасы туралы ештеңе айтқан жоқ. Бапкердің бар айтқаны негізгі құрам ғана болады. Құрама сапындағы үшінші матчында Бухарестте Лам алғашқы голын соқты, алайда бұл тарихи сәт қуантқан жоқ – Германия Румыниядан 0:5 есебімен жеңіліп жатқан еді.

2004 жылдың желтоқсанында бундеслигада үзіліс болған. Филипп әкесі мен достарын шақырып, мини-футбол ойнады. Матч соңына таман оң аяғы ауыра бастады. Бірден ауруханаға кетті. Диагноз: табан сүйегі сынған. Сол түні Филипп өткен жылдар туралы ойланды. «Штутгарттың» қорғаушысы Тимо Венцельм жақаттанып, кубоктық матчқа шыға алмаған соң, орнын Лам басқан еді. Алғашқы маусымында-ақ Лам Чемпиондар лигасы мен ЕУРО-2004-те ойнады. Енді жалға берілген уақыты бітіп, «Баварияға» қайтады. Бірақ сол кезде Венцель жарақат алмаса ше? Лам қосалқы құрамда қала беруі мүмкін еді ғой? Енді, міне, өзі де абайсызда жарақат алып, алты апта бойы балдақпен жүруі тиіс. Оның орнында Мартин Штранцль ойнады, ал «Штутгарт» қатарынан төрт матчта жеңіске жетті.

Жарақатынан айыққан Лам жаттығу кезінде қайта ақсаңдап қалды. Айқыш байламы үзілген екен. Кем дегенде бес ай футболды ұмыта бер деген сөз. «Баварияның» дәрігері Мюллер-Вольфарт емді Колорадода алуға кеңес берді. Лам – мүгедектер арбасында, сондықтан онымен бірге агент Роман Гриль барды. Қайта оралған соң Лам «Бавария» физиотерапевттерінің демалысқа кеткенін естіді. Оның үстіне, Филипп жарақат алған соң «Бавария» қорғаушы Лизаразюмен келісім-шартын ұзартты.

rue4391446276.jpg

2005 жылдың қарашасында Лам Магат жаттықтыратын «Баварияда» ойнай бастады. Ал наурызда құрамаға қайта оралды. «Германия» жетінші минутқа дейін Италиядан екі гол жіберіп, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеге Михаэль Шумахер кіріп, бапкер Клинсманнан сұрады: «Бұл біздің негізгі құрам емес қой, иә?» Ал Bild газеті неміс ойыншыларынан жасалған пиццаның суретін салды. Мұнда Лам ананас ретінде көрсетілген (қарсылас үшін тым дәмді).

2006 жылғы әлем чемпионатына үш апта қалғанда Лам жолдастық кездесуде қолын жарақаттап алды. Ота қажет. Бір жыл бұрын Лам жарақатының кесірінен Конфедерация кубогына қатыса алмаған еді. Ал енді құрамасы өз елінде әлем чемпионатын өткізбек, ал ол ауруханада жатыр.

Үш күннен соң ол құрама дайындалып жатқан Сардинияға оралды. Қолы гипстелген. Басында жәй ғана жүгірді, ал әлем чемпионатына тоғыз күн қалғанда бәрімен бірге жаттығу жасай бастады.

Әлем чемпионаты. Алғашқы матч. Германия – Коста-Рика. Төреші Ламға гипспен ойнауға келісім бере ме екен? Филипптің бар уайымы сол болды. Ойынның басталуына 58 минут қалғанда бас қазы Орасио Элисондо Ламның гипстелген қолын көрді де, ойнауға рұқсат берді. Матчтың алтыншы минутында Филипп 2006 жылғы әлем чемпионатының алғашқы голын соқты.

Германия ширек финалға шыққан соң, Ламға «Баварияның» жас ойыншысы Андреас Оттль хабарласты: «Мұнда не болып жатқанын көзіңе елестете де алмайсың. Тіпті, пабтарда да адамдар әнұран кезінде орнынан тұрып, бірге айтады». Аргентинаны пенальти сериясында жеңген соң, Лам мен басқа ойыншылар таңға дейін сыра ішіп, әңгіме айтты. Жартылай финалда Италиядан жеңілгеннен кейін ешкім жұмған аузын ашқан жоқ. Алайда тыныштықты құрама менеджері Оливер Бирхофф бұзды: «Жігіттер, канцлер келе жатыр». «Осы жетістіктерің үшін мақтана аласыңдар, - деді Ангела Меркель, - неміс халқына осынша қуанышты ешкім сыйламаған еді». Үшінші орынға талас матчы үшін Штутгартқа жеткен Лам құраманы жаңбыр астында күтіп тұрған он мың адамды көрді. Ертеңіне немістер Португалиядан басым түсті.

2008 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалында да Португалиядан айласын асырды. Лам турнирді оң қанаттағы қорғаныста бастаған, бірақ кейін сол қапталға қайта оралды.

Германия жартылай финалда Түркиямен күш сынасты: екінші таймның аяқталуына он минут қалғанда Клозе Ламның пасын голға айналдырды. Артынша Филипп Сабли Сариоглудің финтіне алданып қалып, түріктер таразы басын теңестіріп тастады. «Сол сәтте қатты ұялдым, - деп есіне алады Лам, - тізерлеп тұрып, көгалға қарадым да қалдым. Ашуым басыма мініп, қатемді жөндегім келді». Үш минуттан соң Филипп айып алаңына еніп, жеңіс голын соқты.

rue7666110b19.jpg

Финалда испандардың бірі Ламның аяғынан басып кетті. Үзілісте Филипп аяқ киімін шешіп, қанап қалған табанын көрді. Сөйтіп, екінші таймда алаңға шыға алған жоқ. Екі жылдан соң немістер Испаниядан тағы да ұтылып қалды – бұл жолы әлем чемпионатының жартылай финалында: турнир басында Германия жарақаттың кесірінен бес ойыншысынан айырылған, оның ішінде негізгі қақпашы Адлер мен капитан Баллак бар. Сөйтіп, Лев Ламды құрама капитаны қылды. Үшінші орынға талас матчында Филипп ауырып қалып, ойынға қатысқан жоқ.

Бірнеше айдан соң Лам «Баварияның» да капитаны атанды. Дортмундта жеңіліп қалған соң команда 12-ші орынға түсіп кетті. Лам капитандық міндетін пайдаланып, бас бапкер Луи ван Галға команда тактикасының дұрыс емес екенін айтқан. Бапкер оны тыңдағанымен, ештеңе өзгерткен жоқ. Нәтижесінде, «Бавария» кезекті рет ұпай жоғалтып, Луи ван Гал қызметінен кетті.

«Баварияның» сол кездегі бапкері Юпп Хайнкеспен Лам 2009 жылы танысқан еді. Юпп Юрген Клисманның орнына келген болатын: «Клинсманның жаттығуында көбіне фитнеспен айналысатынбыз, - дейді Лам, - ал тактикалық сұрақтар қаралмайтын. Матч алдында біз, футболшылар, жиналып, қалай ойнайтынымызды өзіміз шешетінбіз».

Лам «Барселонаның» ұсынысынан бас тартты. «Мен Мюнхеннен кетіп қалып, олар Чемпиондар лигасын менсіз жеңіп алса не болады? Олай болғанын қаламадым», - деп түсіндірді ол. Сөйтіп, Хайнкеспен бірге Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

Артынша, Хайнкестің орнын басқан Гвардиола Ламды өз мансабындағы ең ақылды ойыншы деп атады да, оны артқы жартылай қорғаушы позициясына қойды. Йоахим Лев те Ламды осы позицияда қолдана бастады. Бірақ 2014 жылғы әлем чемпионатының алдында Филипп Германия кубогының финалында тобығын созып алды.

ruefc67a56877.jpg

«Тіпті, жәй жүгіре де алмадым, - деді Лам. – Құрама Италияда дайындалып жатты. Ал мен Мюнхенде дәрігердің қасында болдым». Лам Оңтүстік Тирольге ұшып барып, жаттығуға қатысты. Бірақ әлі де еркін қозғала алар емес. Ісік кеткен жоқ. Филипп әлем чемпионатына дейін айығып үлгергенімен, жайсыздық сезінді. Нәтижесінде екінші турда оның қателігінен соң Асамоа Гьян гол соғып кетті. Есесіне, 1/8 финалда қорғаныстың оң қапталына оралған Лам Алжирді жеңуге көмектесті.

2011 жылғы өмірбаянында Лам жеті жасында Әлем кубогын басынан көтеріп тұрған сәт түсіне кіргенін айтқан. Сол түсі жиырма үш жылдан соң өңіне айналды.

Енді аңызға айналып үлгерген Филипп Лам осы жазда футболдан кететінін мәлім етті. Жәй ғана футболшы емес, бір дәуір кетеді деген сөз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер