Блогбастер
Бокс

Тозаққа апарар жол: әйелі мен өзін өлтірген супербоксшы

Тозаққа апарар жол: әйелі мен өзін өлтірген супербоксшы
news-banner7
mobile-news-top

1.

Тұманға оранған Эспеджо шыңы Эдвинді арбап алатын. Кейде ол өзін құдіретті Эспеджо секілді көреді. Сондай тұман өз басында да тұрғандай сезінетін. Көбіне мұндай сәттер кокуи ішкен соң басталады. Тым тәтті ликёр баланың басына сіңіп кетіп, өміріне жаңа мағына берген болады.

Ол тағы да Чиканы есіне түсіріп, кокуи құтысын аузына қалай алып барды. Басындағы тұман қызыл қанға боянғандай болып тұр. Чика дүниеден өткен күні қатты жаңбыр жауып тұрған, бірақ иті бауды тістеп алып, Эдвинді көшеге қарай сүйреді.

Алдарынан Эдуардо шықты. Жаралы бұқа секілді ашуланшақ жігіт. Оны маскүнем әкесі көп ұратын, ол болса есесін басқа балалардан қайтаратын. Эдуардо әкесінен тағы бір таяқ жеп алып, өз лашығының алдында тұрған. Оны көрген Чика жақындай түсті.

Эспеджо

Эдуардо бәрін үнсіз істеді. Қолына үлкен жұмыр тасты алды да, Чиканың басын жаңғақ шаққандай мылжылап тастады. Бұл аз болғандай, езілген денесін бірнеше рет теуіп жіберді. Шаруасын тындырып тастаған ол Эдвинді күтіп түр. Чиканың жаны қанға боялған. Енді бір ғана сұрақ тұр: Эдвин не істейді?

Ол шешімді тез қабылдады. Эдвин Эдуардодан кішкентай болатын, бірақ қорықпай алға ұмтылды. Эдуардоның бір соққысын да сезген жоқ. Бар қалағаны итін өлтірген адамның мойнынан ұстап алып, енді ауа жұтпайтындай қылып тұншықтыру. Жартылай жалаңаш ересек кісі басына мылтық тақағанда есін жинады.

Қорқыныштан көзі шығып кеткелі тұрған Эдуардоны жіберуге тура келді.

- Аузыңды аш, боқмұрын! – деді Эдуардоның әкесі. Эдвин оның бұйрығын орындағанда мылтықты аузына салды. Өлімнің азуына ілінгелі тұрған сәтте ғана Эдвин өмір сүргісі келетінін сезді.

- Әке, миын шашып жібер, - деді Эдуардо орнынан тұрып жатыр. Әкесінің кек алғанын қалап тұр. Бірақ әкесі мылтықты баланың аузынан алып, өз ұлын сабады.

- Сен – отбасымыздың масқарасы. Жылан құртындай кішкентай баладан жеңіліп қалдың, бишара, сені күлкі етті! - деді айқайлады ұлын теуіп жатып.

Есін жиған Эдвин Чиканы ұстап алып, үйіне жүгіріп кетті. Қолына күректі алып, шұңқыр қазды да, итін сол жерге тастады.

Сүйікті итімен бірге ол жаңбырлы күнде аяқталған өзінің балалық шағын да жерледі.

2.

Эдвин Эль-Вихияның тұйық көшелерімен аялдамаға дейін жылдам жүріп барады – бүгін базарда барлық жемістерді сатып жіберді, қалтасында боливарлар сыңғырлап келеді. Енді анасы белбеумен ұрмайды, тіпті, кешкі асқа дәмді бір нәрсе беруі де мүмкін.

Бар ойы Эмпанадоста болды. Ет қосылған құймақ. Анасы дәмді қылып жасайды. Бірақ жақын арада оны жей қоймас – үйде ет көптен бері жоқ. Көп дегенде бүгін тамале мен жүгері шелпегін жейді. Әкесі отбасын тастап, басқа әйелге кетіп қалғалы, бұл үйде мұндай тамақ көп бола бермейтін.

Штат Мерида

Кеш батып келе жатқан. Кокуидің әсері еліктіріп барады. Бірде анасы алкогольдің иісін сезіп қалып, Эдвин қатты таяқ жеген. Бірақ ішімдіктің миға әсері соншалық, анасынан тығылуды да ұмытып кететін.

Бұл жолы да сол ішімдікті татып алып, базардан бері аңдып келе жатқан адамды байқамай қалды.

- Эй, cabron, ақша бар ма? – Эдвиннің естігені осы болды. – Кішкентай мақұлық, үніңді шығарсаң, денеңнің парша-паршасын шығарып, шошқаларға жем қыламын.

Бір қолымен қалтасын тінтіп шықты да, бүгінгі табысын алып кетті. Эдвин артындағы адамның ауыр демін естіп, оның ойында ақша ғана емес екенін сезді.

- Merde! – деп айқайлады ол, тиындарды санап тұрып. – Мұнда бір-екі грам коксқа да жетпейді, боқмұрын! Әй, жарайды, есесін тәніңмен қайтарасың.

Эдвинді бір қолымен ұстап тұрып, шалбарын шеше бастады. Сол сәтте Эдвин қашан да өзімен бірге ұстап жүретін пышағын зорлаушыға тығып жіберді. Аюдай құшақ әлсіздеген соң шашылып қалған боливарларды жинап алды да, қашып кетті.

- Қымбаттым, барлық жемісті сатып жібердің бе? – деп сұрады Мария Элоиза өз ұлынан. – Ақылдым сол!

Анасына күліп қараған Эдвин қалтасында қанға боянған пышағын тығып тұрды.

3.

- Қазір сенің кім екеніңді көреміз, - Пако миығынан күлді. – Бас терің сыпырылып түскенше ұра беремін. Қандай екеніңді көреміз, cabron.

Олар орманда еді, Эспеджоны тұман басқан. Тұман арасында бозбалалардың сұлбалары көрінеді. Бәрі де Пакоға бағынады. Енді өз басшыларына тіл тигізген баланы жазаламақ.

Паконы бәрі жыртқыш ретінде танитын, аулада қанға толған төбелестердің бәріне қатысады. Таңғы ас ішкенінен көрі төбелесі жиі болатын. Он жаста болса да, алтын тістері жарқырап тұр.

Пако Эдвинге бір қарап-ақ оның басқалардан не айырмашылығы бар екенін байқады. Бәкененің көзінен қорқыныш көрінбейді, тек жек көрініш бар. Пако айнаға қарап тұрғандай болды. Бұл Эдвин үшін өлім жазасы еді, себебі Пако Меридада сондай тағы біреудің болғанына төзе алмайды.

Дети Венесуэлы

Эдвин қолына құтысын ұстап, рекуэладан дәм татып алды да, Пакоға бірінші болып жүгірген, бірақ бірден құлатып тастады.

Пако Эдвинді соққыға алды. Жарты сағаттан соң Эдвиннің көзі шардай болып ісіп кетті. Аузынан қан ағып, төс қуысы сынып кеткендей болды. Бірақ орнынан қайта тұрып, соққыға жауап қайтаруға тырысты.

Көп ұзамай Пако да шаршады. Эдвинді ұра беріп, жұдырығы ісіп кетті. Көп жылдан бері Пако бірінші рет қорқып кетті – денесінің ауырғанынан емес, таяқ жеген баланың көзіндегі әзәзілден.

Төбелес тып-тыныш өтті. Ешкім жапқан аузын ашқан жоқ. Төбелесіп жатқан екі баланың демі ғана естіледі.

Эдвин ештеңе көріп тұрған жоқ, тек ішкі сезімімен ғана қозғалуда. Кезекті рет орнынан атып тұрып, бар күшін жинады да, қарсыласының басынан соққы жасады.

Пако алдымен тізерлеп, кейін баспен құлады. Эдвин оның басын сәл көтерді де, мойнына пышақты жақындатты. Оларды қоршап тұрған бозбалалар жеңімпазға қол шапалақтады, ал Пако жәй ғана жымиып, «amigo» деді.

Пако өзінен де мықты құрдасының пайда болғанын түсінді. Енді оның бандасында жаңа басшы болады.

4.

- Мен Оскар Ортегамын, осы тамаша залдың бапкері. Мұнда нағыз мықтылар ғана жұдырықтасады, - деді кепеш киген қарт кісі. Эдвин оның жанына келіп, жаңа Франсиско Родригес болғысы келетінін айтқан. – Саған бірден айтайын, сен Олимпиада чемпионы болмайсың, боқмұрын. Жоқ, мынаған қараңдаршы, қайдағы жоқ сайқымазақ келіп, Венесуэланың жаңа үміті боламын дейді. Франсиско Родригес болудың не екенін түсінесің бе өзі? Саған түгел бір ел болу қажет. Кедей, шалажансар венесуэлалықтардың үміті болуың керек. Олар үшін Франсиско Родригес – шынайы өмірмен байланыстырып тұрған жалғыз жіп.

- Маған кез келген боксшыңды бер, дәл қазір мұрнын бет қыламын, - деді Эдвин. Оны бұрын бұлай масқараламап еді. – Қаласаң, сені де қан қақсатамын, cabron!

- Табытқа баруға ерте саған. Жаттығу жасап көр. Енді залда өмір сүресің, үйің алыс екен. Отбасыңа хат жазып, қанішердің тұтқынына түскеніңді хабарла.

Эдвин басын изеді.

6.

- Сені суперчемпион қылуды қалаймын, - деді Оскар Эдвинге. Кейде сенің жекпе-жектеріңе барғым келмейді. Сен үшін емес, тартылған етке айналатын қарсыластарың үшін қорқынышты. Гонсалес сенің жасыңда әлсіз болған. Сен менің ең сүйікті шәкірттерімнің бірісің. Тамаша боксшысың. Бірақ, Эдвин, сені жек көремін. Адам ретінде ешкім емессің. Тек боксқа ғана көңіл бөлші!

- Көп сөйлеме, бапкер! Мені тек боксқа ғана баулы. Адам ретінде өзім де қалыптасамын, - деді Эдвин сәл күлімдеп.

48e76e9c64710ef2c6c1eb7e509c55a4.jpg

7.

Эдвин өзін мүлдем қызықтырмаса да, сол қыздың қасында келе жатты. Бірақ ойы отбасын тереңге батырған кедейлікте. Қасындағы қыз да сол тақырыпты айта бастағанда, сәл жымиып күлді.

- Міне, үйіме жеттік. Менің сіңлім Дженниге бірдеңе деші. Әне, саған қол бұлғап тұр, демек, ұнағансың.

Эдвин басын кішкентай қызға қарай бұрған, оны көріп жүрегі дүрсілдей жөнелді. Балконнан кішкентай болса да, ғажайып қыз қарап тұр.

- Мына сөзімді ұмытпа, бұл қыз бір күні менің әйелім болады.

Сөйтіп, аз уақыттан соң Эдвин Дженниге келе бастады. Екеуі бірге жүргенде Дженнифер қасындағы жігіттің бұзақы екенін байқайтын, бірақ оған мән бермеді. Тіпті, Эдвин оны үйден қашып кетуге де шақырды.

- Кешкі асқа сиыр етін пісіріп бересің, - деп күлді ол. – Мен ақша табамын, ал сен дәмді ас дайындайсың. Жақында екеуіміз міндетті түрде үйленеміз. Ең әдемі көйлектерді ғана киесің.

Дженнифер күлімдеп, жолының болғанын ғана ойлай алды.

8.

- Іріктеуден өтіп, Сиднейдегі Олимпиадаға барамын деп үміттенемін – Эдвиннің даусынан арманшыл үн естілді. Әпкесімен сөйлесіп отырған. – Франсисконың жетістігін қайталағым келеді!

- Ол туралы айта бермеші! – Ярима қарсы шықты. – Ұлы атану ойыңды жаулап алған. Бірақ сен менің бауырымсың. Сені жоғалтқым келмейді... Дженни де содан қорқады.

Эдвин қалтасынан шылымды шығарып, тұтандыра бастады:

- Ашулана бермей, аспандағы жұлдызды қарашы. Әр адамның өз таңдауы бар: осы жұлдыздар секілді жарқырап тұру немесе жерге құлап, сол жақта шіріп жата беру.

- Демек, сен екінші нұсқаны таңдайды екенсің, ақымақ, - деді де, Ярима үйге кіріп кетті.

9.

- Әй, Вальдермир. Қазір бүкіл Бразилия сенің кім екеніңді көреді. Сен менің Сиднейге барар жолымдағы кішкентай ғана кедергісің.

Қызыл жейдедегі жігіт бұл сөзді естіп, қолымен бетін жабумен ғана болды. Жекпе-жек бойы Эдвиннің әр соққысы оған граната жарылғандай сезілді. Бірақ бразилиялық боксшы бапкері берген нұсқауды толық орындап, қорғаныста жүрді де, сәті келгенде соққы жасап қалды. Жеңіс үшін сол да жеткілікті еді. Эдвин үш раунд бойы Вальдемирді қуып жүріп сабады, бірақ кездесуден кейін рефери бразилиялықтың қолын көтерді.

Эдвин тілін шығарып, жеңіліске бәрібір екенін байқатқандай болды. Бірақ ішінде алау жанып жатқан. Күміс медальға бір рет те қараған жоқ.

Ол жеңіліп қалды... Иә, бұрын да жеңілген еді. Бірақ бұл мансабындағы ең маңызды жекпе-жегі болатын.

Каракастың әуежайында жеңілістен құса болып отырған Эдвин автобустың басқа жаққа бара жатқанын байқаған жоқ. Нәтижесінде автобусқа қарулы банда келіп, Эдвиннің құжатын, ақшасы мен медалін алып кетті. Кейін Орталық және Оңтүстік Америка чемпионы атағына таласып, мексикалық Франсиско Бохадодан басым түсті. Кездесуден кейін ол бапкері Оскардың қолын алып, кәсіпқой боксқа ауысатынын хабарлады.

Әуесқой бокста Эдвин 86 жекпе-жекте жеңіске жетіп (45-ін – нокаутпен), 6 рет жеңіліп қалды.

10.

- Prohibito! – ашуланған Эдвин Лос-Анджелестегі бес жұлдызды қонақүйдің нөмірін басына көтерді. – Тыйым салынған! Маған қалай тыйым салынады? Естен тандыңдар ма? Ол жақта әуесқойлар жұмыс істесе, Golden Boy Promotions-пен неге келісім-шартқа отырдым?

Бөлменің бір бұрышында бапкер Джо Эрнандес пен менеджер Джоэль Де Ла Хойя отырды. Венесуэлалық боксшы өз отанында сегіз жекпе-жекті тамаша стильде жеңіп алған соң Эдвинмен жұмыс істей бастаған. Кәсіпқой боксқа шыңға тез көтеріле алатын панчер келді.

Осы екеуінің айтуымен Эдвин Лос-Анджелесті бағындыруға келген еді. Бірақ медициналық тексерістен өту қажет екен.

- АҚШ-та өнер көрсете алмайсың дегенің қалай? – Эдвин бөлмедегі жиһазды лақтыра бастады. – Қалай болғаны? Мен он екі рет қарсыласты бірінші раундта нокаутпен жеңдім. Түсініп тұрсыңдар ма? Мен үшін қарсыластар – балапан, мойындарын жұлып аламын. Тіпті, сенің ұлыңды да, Джоэль, қазір-ақ жеңемін. Эрик Моралесті ұтқан Мэнни Пакьяоның өзі маған груша секілді көрінді. Енді маған АҚШ-та рингке шыға алмайсың дегілерің келе ме?

- Ештеңе істей алмаймыз... – деді Джоэль. – Эдвин, agarrado, сен өзімшіл адамсың! НВО-мен келісім-шартқа отыруың керек еді. Бірақ басыңа ота жасалған. Сырқат миыңмен сені ешкім рингке шығармайды. Басыңда не бәле бар екенін бірден айтуың керек еді. Бірақ саған, ақымақ, бәрі қызық емес қой...

Қонақтар кетіп қалған соң, Эдвин есірткісін шығарып, бір демалып алмақ болды. Тіпті, бөлмедегі жиһаздарды ды сындырып тастады.

Дженнифер

Дженнифер

Бір-екі сағаттан соң Дженни мен боксшының ұлы кіші Эдвин екеуі келді. Нөмірдегі ойранды көрген Дженни үн-түнсіз жинай бастады.

- Қайда жүрсің? – Дженни Эдвиннің сұрағын естімегендей болды. Ашуланған боксшы орнынан атып тұрып, әйелін ұстап алды да, айқайлап сол сұрақты қайталай берді.

- Жетер! Құрбыларыммен кездестім. Менсіз не істегенсің? Құдайдан қорық, Эдвин. Кішкентай балаң бар, жауапкершілікті ұмытпа. Қымбаттым, Венесуэлаға қайтайықшы. Америка саған жаман жағынан әсер етіп жатқан сияқты.

- Менің де кеткім келеді, сүйіктім, - деді Эдвин басылып. – Біздің chamito Эспеджоның баурайында өсуі керек.

13.

Висенте Москера. El Loco. Осындай лақап аттарын бағалайтын панамалық Висенте қарсылас аямайтын. Қарсыласқа хук, джеб, апперкот дегеннің бәрін сыйлайды. Бірақ оған тиесілі WBA белбеуі үшін келген венесуэлалық боксшының мықты екенін біледі. Бірақ жеңіліс туралы ойлаған да жоқ. Ол Эдвинді қолынан ұстап, тозақтың төріне апарып тастағысы келді. Бірақ қазір Анайака туралы ойлап отыр. Жеңе алмаған қарсыласы жалғыз сол – сұлу келіншек.

Эдвин де Дженнифер туралы ойлады, екі баласының анасы. Ұлы мен қызын алып ол да Панамаға келген. Өз күйеуін El Loco-ға қарсы жекпе-жекте қалай қолдамасын?

Бірінші раунд басталды – Эдвин бірден алға ұмтылып, Висентеге соққы жаудырды. Алғашқы раундта шыдаған панамалық кейін өзінің бекерге жұлдыз саналмайтынын көрсетті. Үшінші раундта Висенте басымдықты қолына алды – Эдвин ринг қожайынынан соққы алып, нокдаунға түсті. Рефери онға дейін санай бастағанда, венесуэлалық боксшы жекпе-жекті жалғастыра алатынын көрсетті. Бұл оның кәсіпқой бокстағы жалғыз нокдауны болатын.

Намыстанған Эдвин алға ұмтылып, чемпионды соққының астына алды. Оныншы раундта бәрі бітті. El Loco ринг бұрышынды өзіне әлі келе алмай отырғанда Эдвинге жартылай жеңіл салмақта әлем чемпионы белбеуін тағып жатты.

Эдвин мен Дженнифер Венесуэла туын оранып алып, құшақтасып тұрды. Оларды қоршаған топтың ішінде жапониялық промоутер Акихико Хонда болған. Ол Эдвинге талай көмектесіп, әр елдерде көптеген кездесулер ұйымдастырған. Сонда кеткен қаржының бәрін жекпе-жектен соң шығарып алатын.

Бой с Питалуа

14.

Эдвиннің чемпиондық атақты еншілеген кездегі қуанышынан бір ғана оқиға басып оза алады. Бұл – Дженнифермен отау құру. Бүгін сол сәт те жетті. Екеуі Эль-Вихии соборында некеге отырды.

- Енді бізді тек ажал ғана ажырата алады, - деді Эдвин әйеліне. Бірақ Дженнифер бұл сөзден қуаныш емес, қорқыныш сезді.

15.

Сол бақытты сәттен көп уақыт өткен соң Эдвин Дженниферге қол көтерді. Жәй ғана ұрған жоқ, рингтегі қарсыласы секілді сабады. Мұндағы жалғыз себеп – Дженни бапкер Адамсқа Эдвиннің полициямен мәселесі болып жатқанын айтып қойған еді.

Әйелін қатты қызғанатын Эдвин жаттығуға кетіп бара жатқанда Дженниді үйіне құлыптап кететін. Дженнидің көзінде баяғы қуаныш жоқ, тек қорқыныш бар. Күйеуі жаттығудан келген соң бәрі қалыпты болса екен деп тілейді.

Эдвин колумбиялық боксшымен жұдырықтасуға дайындалып жатқан. Жекпе-жек алдында Адамсты жұмыстан шығарып жіберіп, Роберт Альказарды алды.

Остинде ол колумбиялық 39 жастағы Питалуамен жұдырықтасты. Ол елу жекпе-жегінің қырық бірін нокаутпен жеңген. Азулы қарсылас. Алайда Эдвин оны екінші раундтың басында-ақ нокаутқа түсірді.

16.

Кейін кезекті қарсыласын таяқтың астына алып, кафеде тойлап болған соң, үйіне қайтып келді. Үйде Дженни күтіп алған жоқ. Оны іздеп бөлмесіне кіргісі келген. Бірақ ол жабық тұр екен.

Дженниге есікті аш деп бұйырғанымен, нәтиже болмады. Көңілдесі тығылып тұр деп ойласа керек, бөлмені бір ақтарып шықты. Сөйтіп, бұрышта қорқып отырған Дженниді сабай бастады...

Эдвин есін жиса, ауруханада отыр екен. Есінде түк те жоқ. Беті қанға боялған Дженни керуетте жатыр.

- Мұны кім жасады? – деп айқайлап жіберді. – Сол кемісті көрсетші, мұрнын бет қылайын.

Дженни үндемей тұрды да, қолымен есікті көрсетті: «Жоғал!».

- Сіз тұтқындалдыңыз, - деді де полиция қызметкері оны алып кетті. Эдвин түк түсінген жоқ. Бірақ Венесуэла президентімен жақын сөйлесетін ол түрмеде көп отырған жоқ. Дженни де баспалдақтан құлап кеткенін айтып, күйеуін ақтап алды. Ең қорқыныштысы – Эдвин Дженнидің бұл сөзіне, расымен де, сенді. Сөйтіп, бір апта психиатрлық ауруханада жатып, бостандыққа шықты.

Дженнифер и Эдвин

Дженнифер мен Эдвин

17.

Валенсияға бара жатқан Эдвин мен Дженни жолда Hotel Intercontinental-ге тұрақтады. Эдвинді бандиттер қуып келе жатқан. Валенсияға барып, сол шаруаны шешіп тастамақ.

Эдвиннің пікірінше, бандиттер оны өлтіріп, Дженниді құлдыққа сатып жібермек. Сондықтан, оларды жақындатпау қажет. Қонақүйге орналасқан соң тағы да есірткі пайдаланып алды.

Түнге таман біреу терезеден кіріп, Дженниді алып бара жатқандай көрінді. Жарық сөндірулі тұр, сондықтан түрін байқай алмады.

- Саған Дженниімді бермеймін, - деп тұра ұмтылды да, оны бірнеше рет пышақтап тастады. Сол жерде есінен танып қалды.

Ертесіне есін жиды – басы сынып барады. Айналасы қан екенін байқады – бір өліктің қасында жатыр. Өліктің кім екенін көрген ол өз көзіне өзі сене алған жоқ.

Қонақүйдің метрдотеліне барып, қанға оранған қолын көрсетті: «Мен өз әйелімді өлтіріп тастадым!»...

Эдвин камераның бір бұрышында отырып, болған жайтты ойына алды. Осы уақытқа дейін өзін алдап келіпті. Дженниді аңдыған ешқандай бандиттер болған жоқ, ешқандай көңілдес те болмады.

Тек біреу ғана болды – ол Эдвин Валероның өзі. Тамаша ұл мен қызды сыйлаған әйелдің өмірін бұзған сол.

Сондықтан оның да өмірі аяқталуы тиіс. Өз-өзіне қол жұмсаған ұлы боксшының ең соңғы ойы біреу ғана болды – жұмақта Дженниді көрсе ғой, шіркін!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер