Блогбастер
Футбол

«Уайымдамаңдар, жақында кетемін». Луис Энрике жайлы не білесіз

«Уайымдамаңдар, жақында кетемін». Луис Энрике жайлы не білесіз
news-banner7
mobile-news-top

Неміс төрешісі пенальти белгілеп, «Барселона» ПСЖ-дан басым түсті – осылайша Луис Энрике алғашқы еурокубогын жеңіп алған болатын. Үзіліске сегіз минут қалғанда ол Иван де ла Пеньядан пас алып, допты бірден Роналдоға қалдырды, бразилиялықты айып алаңында Брюно Н’Готти құлатып тастады. Роналдо нүктеден мүлт кеткен жоқ, жеңіске осы да жеткілікті еді. 1997 жылғы Кубоктар Кубогын жеңіп алған жейдесін Луис Энрике Исмаэль Фернандеске сыйлады – ол бірінші бапкері болмаса да, маңыздысы еді. Он төрт жасар Луис Энрикені хихондық «Спортинг» алмай, ол «Ла Браньюға» ауысқан болатын, екі жылдан соң жастар командасының капитаны атанды. Бапкер Исмаэль Фернандес өз ойыншыларының ең кішкентайын неге капитан қылып қойғанын түсіндіргенде былай деген: «Луис Энрике – жаттығулардың біреуін де жібермеген жалғыз футболшы, оның үстіне, ол тым болмаса үшінші лигаға жарамды болсам екен деп ойлап жүреді».

1988 жылдың көктемінде астуриялық скаут Сисдоро Санчес Луис Энрикені «Барселонаға» байқауға алып барды. Эль-Прат әуежайында Луис Энрике қайтар жолға билетті жоғалтып алғанын байқады. Сөйтіп, аса мазасызданып, жарақаттанып қалды да, байқаудан өткен жоқ. Үйге оралған соң «Спортингке» ауысып, алғашқы маусымында-ақ он жеті гол соқты. Сол уақыттарда «Барселона» «Спортингпен» әріптестікке қол қойған: каталониялық клуб жүз миллион песет төлейді және Йохан Кройфф пен оның көмекшісі Карлес Решакке ұнаған кез келген футболшыны өздеріне алады. Олар Луис Энрикені таңдады, бірақ «Спортингтің» директоры былай деді: «Бұл жігіт үшін тағы 250 миллион беру керек. Сендер Хуанелені алсаңдаршы, бір жасқа кішкентай, ол да көп гол соғады». Ол кезде Луис Энрике мадридтік «Реалға» ауысуға келісіп қойған еді.

Бір жылдан соң Кройффтың «Барсасы» Чемпиондар кубогын жеңіп алды, ал Энрике Мадридтегі үш маусымында төрт бапкер көріп, бесіншісімен ғана чемпион атана алды. «Реалда» қаржылық дағдарыс басталды, қазанда команда он бесінші орынға түсіп кетті. Жаңағы бесінші бапкер Хорхе Вальдано Энрикені қорғаныстың қапталына қойды, ал «Альбасетеге» қарсы ойында оны, тіпті, құрамнан шығарып тастады: «Оған Венгриядағы Чемпиондар лигасының матчы алдында демалу керек». Ашуланған Луис Энрике журналистерге айтып қалды: Вальдано оны Альбасетеде ғана емес, Будапештте де шығармайды. Аз уақыттан соң Редондо жарақат алып, оның орны бос қалған. Бірақ Вальдано Энрикенің журналистерге айтып жүргенін естіген – енді алаңға шығармайтыны анық.

rue1475a6505b.jpg

«Мен ашу сақтамаймын – оны қайтадан аламын». Көктемде Йохан Кройфф Луис Энрикені тағы да «Барселонаға» шақырды. «Реалмен» келісім-шарт уақыты аяқталатынын біледі. 1996 жылдың 21 мамырында мадридтік әуежайдың автотұрағында Энрике «Барселонаның» вице-президенті Жоан Гаспар берген келісімге қол қойды. Үш күн бұрын «Барса» Кройффты жұмысынан босатқан болатын. Кейін Бобби Робсон Кройффтың орнын басып, артынша Луи ван Гал команданың тізгінін ұстады. Луис Энрике El País-ке берген сұхбатында былай деген: «Робсон тактиканы пластикалық стақандармен түсіндіргенде, мен бірінші рет бапкер болуды ойладым».

Луи ван Гал Луис Энрикені алаңның ортасында көретін, соның кесірінен әлемнің үздік ойыншысы Ривалдомен жанжалдасты. Бразилиялық жартылай қорғаушы сол қанатта емес, ортада ойнағысы келетін. Алайда ван Галдан кейін Энрике «Барсамен» ештеңе ұтып алған жоқ, сөйтіп, отыз төрт жасында мансабын аяқтады. Әйелі Елена және екі баласымен жарты жылға Аустралияға кетіп, сол жақта серфингпен айналысты. Ал қайтып келген соң алдына жаңа мақсат қойды – марафонға қатысу. 2005 жылдың 6 қарашасында Энрике нью-йорктік марафонда 1345-ші болып келді. 2006-ның қазанында – амстердамдық марафон. Желге қарамастан Луис мәре сызығын 428-ші болып кесті. Енді тапсырманы қиындату керек. Триатлон: 3,8 шақырым жүзіп, 180 шақырым велосипедпен жүріп, 42 шақырым жүгіру. Шілдеде Энрике триатлоннан Еуропа чемпионатына қатысып, оны он сағат он минутта аяқтады. Ал жылды Флоренциядағы марафонмен тәмамдады.

ruee3608a9b1d.jpg

2008 жылы – жаңа мақсат: Марокко оңтүстігінде жеті күндік Сахара Марафоны. Қатарынан алты марафон бойы арқасына сөмкесін тағып жүгіреді. Сөмкеде бір апталық тамақ, газ жылытпасы, түнемелі қап және бенгал оты (қараңғыда адасып кетсе). Бұған, қырықтан елу градусқа дейінгі температураны қосыңыз. Тағы бес испанмен бірге Энрике «Призма Глобал» командасына енді. Сахар марафонының төртінші күні таңертеңгісін команда қатысушыларының бірі Пепе Наварро жарысты жалғастырудан бас тартты – әлі қалмапты. Бірақ бұл шешімімен бүкіл команданы құтқарып қалды. Қатысушыларда ауыстыратын киім мен аяқ киім болған жоқ (жарыс талабы сондай – бір апта бойы душ қабылдап, киім ауыстыруға болмайды). Луис Энрикенің аяғы ісіп кетіп, өз кроссовкасын кие алмады. Ол командаласы Марсель Батльдің аяқ киімін өзіне алды (екі көлемге үлкен болатын). Ал Марсельге жарыстан шыққан Пере Наварроның аяқ киімі берілді.

Сол уақытта «Барселонаның» вице-президенті Марк Ингла мен спорт директоры Чики Бегиристайн Лиссабонда Жозе Моуриньомен кездесті. Моуриньо бағдарламаларының бір пункті – Луис Энрикені екінші бапкер қылу. Ол балаларды да баптамайтын, футболдан төрт жыл алыс жүрді – қалай болар екен? Жозе Луиске примерада сегіз маусым ойнаған футболшыларға арналған үш апталық бапкерлер курсына жазылуға кеңес берді. Энрике бапкерлік курсты Аустралиядан келген соң оқыды. Онымен бірге «Барсадағы» достары Амор, Сержи, Феррер мен Гвардиола бірге тәлім алды.

rue1ce94ee138.jpg

Испаниялық ВШТ-ның директоры, мадридтік Марионо Мореноның қолынан диплом алған Луис Энрике «Барселонаның» жастар командасында тәжірибе жинауға кетті. «Барсаның» басшылары Моуриньоның жоспарынан бас тартты, бірақ Жозенің арқасында бапкер Луис Энрикені еске түсіріп, оған Гвардиола қалдырған жастар командасын сеніп тапсырды. Екінші командадағы көмекшілерінің бірі триатлоннан бапкері Хосе Роман Каллен болды. Луис Энрике Калленге ойыншылардың төзімділігін арттыруды тапсырды – 17 жасар Тиаго Алькантарадан 21 жастағы Нолитоға дейін. Сондай-ақ, Луис Энрике келесі қарсыласқа қарай бейімделіп, апта сайын жаттығу стилін өзгертетін. Бір жағынан жақсы, команда әр түрлі жаттығады. Бірақ қарсылас ауысқан сайын стильдің өзгеруі командаға қиындау тиді. Энрике келесі маусымында «Барсаның» дублін екінші лигаға алып шықты.

Алты жыл бұрын Луис Энрике «Барса» дубліндегі үшінші маусымы соңғы болатынын мәлім етті.

Энрикені «Романың» америкалық басшылары шақыртты. Алғашқы ойында-ақ футболшылармен қиындықтарға тап болды. Братиславада «Слованға» жол берген. Сол кезде Франческо Тотти матчты қосалқы құрамда бастады, екінші таймның ортасында ғана Джанлуку Капраридің орнына шықты. Тотти келесі жаттығуға алдында «Жетер!» деген жазуы бар ақ жейдемен келді. Қарымта матчта Тотти негізгі құрамда шығып, нәтижелі пас берді. Бірақ ойынның аяқталуына он бес минут қалғанда оның орнына Стефано Окака шықты. Ал «Рома» гол жіберіп, ұшып кетті. Corriere dello Sport «Луис Энрике өз командасын суға батыруда» деген тақырыппен мақала жазды.

Ақпанда аутсайдерлер «Сиена» мен «Аталантадан» жеңілген соң Энрике сарапшы Маркос Лопесті жұмыстан шығарып жіберді. Бергамодағы жеңіліс тағы бір жанжалдың бастауы болды. «Аталантаға» қарсы матчтың алдында Даниэл Де Росси тактикалық нұсқауға бес минутқа кешігіп, ойыннан шеттетіліп тасталды – оның орнына бразилиялық Маркиньо (ол А сериясында он минут қана ойнаған) шықты. «Рома» 1:4 есебімен жеңіліп, ойынды тоғыз ойыншымен аяқтады – Кассетти мен Освальдо алаңнан қуылған. Сәуірде «Фиорентинадан» жеңілген соң Луис Энрике журналистерге ашық айтты: «Уайымдамаңдар, жақында кетемін».

rue1ac699f991.jpg

Келесі жылдың наурызында Луис Энрике мен көмекшілерінің бірі Тоньин Льоренте Оңтүстік Африкадағы тау веложарысына қатысып, жалпы есептегенде, сегіз жүз шақырымды жүріп өтті. «Сельтаның» тізгінін ұстаған Энрике сол веложарыстағы бапкері Унсуэні екінші бапкер қылып тағайындады, кейін оны «Барсаға» алып кетті. Бүгінде Унсуэ Луис Энрикенің орнын басуы мүмкін бапкерлердің бірі болып саналады.

«Сельтаға» келген соң Луис негізгі құрамдағы екі ойыншы, қорғаушы Туньес пен хавбек Орельянаға керек еместерін айтты: Туньес бірден иерусалимдік «Бейтарға» ауысып кетсе, Орельяна командадан кетуден бас тартты. Қазанның аяғында «Селта» қатарынан төрт матчта жеңіліп қалды (тоғыз турда бір ғана жеңіс), команда 19-ші сатыға түсті.

Турнир кестесінде көтерілу үшін Энрике құрамды ғана емес (құрамға қайта оралған Орельяна бірден «Альмерияға» гол соқты), тактикалық жаттығулардағы өз орнын да өзгертті – енді ол ойыншылардың позицияларын дұрыс бақылау үшін құрылыс мінбесінде тұрды. Ойыншыларды жаттығуларда бақылап отыратын камералар мен бағдарламаларды алуға «Сельтаның» ақшасы болған жоқ – Яго Аспасты «Ливерпульге» сатқан соң трансфер ақшасы қарыздарды төлеуге кетті.

rue82c7e13497.png

«Сельта» екінші айналымда тамаша ойнап, «Валенсия», «Севилья» мен «Реалдан» басым түсті. Ал маусым басында құрамға енбей қалған Орельяна сәуір мен мамыр айларындағы төрт матчта бір гол соғып, алты нәтижелі пас берді. «Сельта» маусымды тоғызыншы орынмен аяқтады, ал бірнеше күннен соң Энрике «Барселонаға» ауысып кетті. Сол сәтте Хави «Нью-Йорк Ситиге» кеткелі жатқан, бірақ жақындары, туыстары мен көріпкелдер командада қалуға кеңес берді. Шешуші рөлді Луис Энрике атқарды: екінші таймда команданы күшейтіп, племейкер болу, сонда Хави өз клубына пайдасын тигізе алады. Бір жылдан соң Хави Чемпиондар лигасының финалында алаңға шығып, Луис Энрикеге бапкерлік мансабындағы алғашқы еурокубогын жеңіп алуға көмектесті.

rue8c3a160681.jpg

Луис Энрике «Барселонаның» жаттығу орталығынан он бір шақырым қашықтықта тұрады. Ол жаққа таңғы жеті жарымда барады: душ қабылдап, таңғы ас ішеді де, сарапшылардың мәлімдемелерін зерттейді, артынша бір жарым-екі сағат бойы келесі қарсыластың видеосын қарайды. Он бірде жаттығу басталады. Ойыншылар жаттығуға бір сағат бұрын келуі тиіс, бұл Энрикенің 2014 жылы енгізген он ережесінің бірі. Басқалары мынадай: түнге дейін үйге оралу керек, қауіпті спорттар мен әлеуметтік желілердегі жанжалдарға тыйым. 2014 жылдың 29 қазанында Энрике Жерар Пикені ауыстырып тастады, қорғаушы жуынып келіп, «Эспаньолға» қарсы Каталония кубогының қалған ойынын қарап тастау үшін қайта шыққан. Сөйтіп, қалтасынан телефонын шығарды. Мұны көріп қалған Энрике Пикеге айыппұл салып қана қоймай, оны алдағы үш матчқа шығарған жоқ. «Лучо келген кезде біздің жағдайымыз жаман еді, ал бір жылдан соң үш титул жеңіп алдық. Өткенді есте сақтап, ол атқарған жұмысты бағалауға шақырамын, - деді Пике бір апта бұрын Парижде 0:4 есебімен жеңілген соң. – Біз Луис Энрике үшін өлуге дайынбыз».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер