Блогбастер
Футбол

«Ұмытпа: еңсеңді түсірмеуің керек». Роберт Энке не нәрсеге төзе алмады?

«Ұмытпа: еңсеңді түсірмеуің керек». Роберт Энке не нәрсеге төзе алмады?
news-banner7
mobile-news-top

«Карл Цейс» «Йенафармаға» 1:3 есебімен жол берген. Жеңіліп қалған команданың бас бапкері Хельмут Мюллер үш гол соққан баланың әкесін көрермендер арасынан тауып алды: «Сіздің ұлыңыз біздің командаға ауысуы керек». Дирк Энкенің өзі бұрын спортшы болған, алайда ұзаққа бара алмады. Ал енді оның ұлын ГДР-дегі ең үздік балалар командасына шақырып жатыр – қалай бас тартасың? Роберт Энке оныншы нөмірмен «Карл Цейстің» шабуылында ойнады. Кейін команданың қақпашысы Томас елден кетіп қалды. Бапкер Мюллер алаңдағы барлық ойыншысын қақпаға тұрғызып көрген, бірақ тек Энке ғана допты ұстай алды. Бір жылдан кейін Роберт үйіне жүгіріп келген, есік алдында әкесін көрді – қолында үлкен сөмке. Дирк баласын шашынан сипады да, көлікке қарай кетіп қалды. Үйде Роберттің анасы жылап отырды. «Әкең жаңа әйел тауып алды», - деді Гизела Энке.

Бір-екі жыл өтті, Дирк үйіне қайтып келді. Ол уақытқа дейін Энкені бүкіл Йенада тани бастады. Оны көшеде банда жігіттері ұстап алғанда, арасындағы біреуі айтты: «Тоқтаңдар, бұл «Карл Цейс» қақпашысы ғой, кете берсін». Кешке Роберт анасына әлгі жігіттер киген күрткені сатып әперуді сұрады. Анасы қорқып кетті, бірақ дайындап отырған жаңалығын айтты – әкесі үйден тағы да кетіп қалған. Мұны білген Роберт үйінен қашып кетіп, «Карл Цейстегі» достарына барды – Марио мен Торстенге.

1993 жылы Роберт, Марио мен Торстен Германияның жасөспірімдер чемпионатында финалға дейін жетіп, боруссиялық «Дортмундқа» жол берді. Кейін немістің U-16 құрамасы сапында Англияға қарсы ойнады. Сол матчта Энке германиялық жаңа буынның қаһарман болғанын айтып, одан үлкен сұхбат алды. Сол кезде Роберт ешкім күтпеген сөзді айтқан: «Кейде жақын арада ақырзаман болатын секілді көрінеді».

Келесі жылы Робертті он сегіз жастағылардың командасына алды, оның жасы 17-ге де жетпеген еді. Энке алғашқы ойыны алдында қобалжыды: «Әке, футболды тастап кетсем ашуланбайсың ба?» Дирк Энке психотерапевт болатын, сондықтан мәселені тез шешті: қателік жіберуден қорқу. Роберттің көңілін қорқыныштан басқа нәрсе бөлді – оның парталасы жаңа оқушы Терезе болды. Ал екі жылдан кейін Энке екінші бундеслигада дебютін өткізді.

«Ганноверге» қарсы дебют жаман өткен жоқ, алайда бір аптадан соң «Любекке» қарсы ойында бұрыштан әуелеген доп Энкенің қолынан шығып кетті де, қақпаға енді. Бірақ «Карл Цейс» 3:1 есебімен жеңіп, Энкенің қателігі ұмытылып қалды. Бапкер Фогель оны Лейпцигтегі келесі матчқа шығарды. Үшінші минутта Гвидо Хоффманның соққысынан кейін доп Роберттің қол астынан өтіп, қақпаға кіріп кетті. «Өтінемін, мені ауыстырып тастаңдаршы», - деді Энке үзілісте. «Қайдағыны айтпа», - деп жауап қатты Фогель. Роберт екінші тайм ойнап шыққанымен, сол маусымда алаңға шыққан жоқ.

ruedb6234ff98.jpg

«Мен сіздің ұлыңызға көмектесе аламын», - деді агент Норберт Пфлиппен Дирк Энкеге. Жетпісінші жылдары Пфлиппен өз ойыншыларын мадридтік «Реалға», «Интерге» орналастырған еді. Ал 1996-ның жазында ол Энкені менхенгладбахтық «Боруссияға» ауыстырды. Роберт айына жиырма мың марка алып тұрды.

Энке Терезамен бірге Бекельбергке бес минуттық жерде тұрды. Айына бір рет кіреберісті жуатын, себебі олардың көршілері сыпырушыға ақша аяйтын. Кейін ит асырап алды. 19 жасар Энке Кельн-Лонгерих казармасында үш ай болып, бір жылдан соң «Боруссияның» негізгі қапашысы атанды. Анасы Словакияда демалып жатқандықтан, Энкенің бундеслигадағы алғашқы ойынына үлгермей қалды. Есесіне Йенадан әкесі келді. «Боруссия» «Шалькені» тас-талқан еткен, алайда кейін сегіз апта бойы жеңіске жете алмай, соңғы орынға түсіп қалды.

Энке «Байерге» қарсы матчта сегіз гол жіберіп алды. Бір аптадан соң «Вольфсбург» оның қақпасына жеті гол тоғытты. Рождество кезінде көшеге шыққан ол он минуттан соң қайта кірді: «Ауа жұта алмай жатырмын», - деді Терезаға. Терезаның әкесі Робертті ауруханаға алып барды. Тіркеу бөлімінде ешкім жоқ. Медбикелер үш минуттан соң келді. «О, бұл Энке ғой», - деді бірі. Бір аптада он бес гол жіберген оны бәрі білетін. Жаңа жылды палатада өткізген Роберт алма мен балдыркөкке аллергиясы бар екенін білді. Бөлек емес, екеуін бірге жесе ғана. Сол күні кешке балдыркөк сорпасын ішіп, алмадан жасалған бәліш жеген болатын. Оның үстіне, қасында Тереза болмаса, бүгінде тұншығып өлер еді.

Негізгі қақпашы Уве Кампс жарақатынан айықпаған соң, Энке екінші айналымда да ойнай берді. Бірақ «Боруссия» соңғы орыннан көтерілген жоқ. Сөйтіп, Роберт жаңа бапкер Бонхофқа жазда бітетін келісім-шартты ұзартпайтынын айтты. «Бохумға» қарсы ойынның алдында «Боруссия» жанкүйерлері Энкенің айып алаңына тұтандырғыш, пластикалық стақан мен әжетхана қағаздарын лақтырып, оны «сатқын» және «Штази шошқасы» деп айыптады.

rue9db66c0daa.jpg

«Бенфикамен» келісім-шартқа отырған Роберт бір сағаттан соң жылап жіберді: «Мұнда қала алмаймын! Басқа елде не істеп жүрмін?» - «Бетінен салып қалыңдаршы», - деді агент Пфлиппен. Ертеңіне Энкені «Бенфиканың» стадионында таныстыру керек болатын, алайда Роберт Терезамен бірге Голландияның оңтүстігіне кетіп қалды – ойлары велосипед теуіп, күнге қараю. Агенті бапкер Хайнкеске түсіндіруге тырысты: «Бала ғой, Лиссабон әуежайындағы папаррациядан қорқып кетті. Бұлай боларын күткен жоқ». – «Не істеп жүргенін біле ме өзі? Менің арқамда тамаша келісім-шарт алды!» Көп ұзамай «Бенфика» тағы бір қақпашы аргентиналық Карлос Боссионы қатарына қосты.

Шілдедегі жиынның алдында Тереза Робертті Лиссабонға қайтуға көндіріп, оны алғашқы жаттығуға алып барды. Бассиодан бөлек Роберт тағы екі қақпашыны кезіктірді – Нуну Сантуш пен Сергей Овчинниковты. Жаттығудан кейін Энкенің қасына Хайнкес келді: «Жиырма бір жасыңда шетелге кетудің қиын екенін білемін. Бірақ қорықпа. Мен сені осы жаққа шақырттым, саған көмектесемін». Энке «Бенфикаға» үйреніп үлгерген жоқ, оны аяқ астынан Германия құрамасына шақыртты. Мексикада Конфедерация кубогына қатысу керек. Кейін оның негізгі бәсекелесі Боссио «Баварияға» қарсы алғашқы жолдастық ойында екі гол жіберді. Сөйтіп, «Бенфика» бұл қақпашыдан бас тартып, ол «Эстудиантеске» қайтып кетті. Нуну Сантуш жарақат алса, Овчинников «Алверкаға» кетіп қалды. Мексикадан оралған Энке командадағы жалғыз қақпашы ғана болды.

Әрине, дубльден он жеті жасар Жозе Морейраны алдырған, алайда ол бәсекелестен көрі, оқушыны көбірек еске түсірді: Энкеден қақпашылар туралы көп нәрсе сұрап жүрді. Осындай доспен бірге ол Португалияға үйренісіп, төрт айда тілін меңгеріп алды. Жанкүйерлер арасында сүйікті қақпашы бола бастаған ол қарашада УЕФА Кубогында «Селтаның» ойыншыларынан жеті гол жіберді.

Вигодағы 0:7-ден соң «Бенфика» президенті үлкен қате жіберген қорғаушыларға, кейін португалиялық журналистерді португалиялық футболшылардан да жаман деген бапкер Хайнкеске айлық төлемей қойды. Тоғыз ай жалақысыз жүрген Хайнкес «Бенфикадан» кетіп қалды. Ал екі аптадан соң клуб президенті Азеведу пара алды деген айыппен тұтқындалды. Хайнкестің орнына 37 жастағы бапкер келіп, қатарынан бес матч бойы жеңіске жетті. Бірақ жазда келісім-шартты ұзартпайтынын естіген ол төрт ай қызметтен соң кетіп қалды. Робертке сол төрт ай жеткілікті болды – ол Жозе Моуриньоны мансабындағы ең үздік бапкер деп атады.

ruee5e0cab406.jpg

Энке Фергюсонның қол астында да ойнауы мүмкін еді. 2001 жылы оны МЮ шақырған, «Бенфиканың» басшылығы да ақша қажет екенін айтып, трансферге келісім берген. Алайда Роберт ауысудан бас тартты, себебі Фергюсон оны Фабьен Бартездің дублері ретінде ғана көрді. Жиырма төрт жасында Энке «Бенфиканың» капитаны атанды. Басқа ойыншылардың жиі ауысқаны соншалық, «Бенфикадағы» үшінші маусымында-ақ ол командада көптен бері жүрген ойыншы атанды. 2002 жылдың наурызында Энке «Бенфикамен» келісім-шартты ұзартпайтынын айтқан, бас бапкер Жазуалду Феррейра оны маусымның соңына дейін қосалқы құрамда қалдырды.

Оның досы мен жаңа агенті Йорг Неблунг Робертке «Алавес» пен «Эспаньол» қызығып отырғанын айтты. Бірақ бұл ұсыныстар Энкеге ұнамаған соң, Неблунг Бернд Шустерге хабарласты: «Барса» Рейна мен Бонаноның ойынына көңілі толмай жүр дейді ғой. Былтыр жазда «Манчестер Юнайтед» қызыққан тамаша әрі тегін қақпашы бар екенін айтып көресіз бе?», - деді ол Берндке. Шустер бұл ақпаратты «Барсаның» спорт директоры Антон Парерге жеткізді, ал ол қақпашылар бапкері Франсу Хукқа айтты. Жозе Моуриньомен ақылдасқан Хук Энкені сатып алуға келісті. Моуриньо Энкенің Оливер Кан немесе Андреас Кепкеге ұқсамайтынын, алға шыққанда жақсы ойнайтынын айтты. Негізі, Моуриньо оны өзінің «Портуына» алғысы келген, алайда қаржы жағынан келісе алған жоқ. «Барсаның» директоры Парерамен келіссөз жүргізіп жатқанда Энке Арубада демалып жүрген Луи ван Галға хабарласты: «Мені қандай рөлде көргіңіз келеді?» - «Сізбен келісім-шартқа отыратын мен емес, - деді ван Гал. – Бұл спорт директорының жұмысы. Мен сізді білмеймін де. Үш қақпашы да маусым алдында мүмкіндік алады».

rue5379bae499.jpg

Онымен келісім-шартқа отырды. Ал ол көктемде Германияға оралғысы келген еді. «Бенфикадағы» соңғы екі айын қосалқы құрамда өткізген ол енді «Барселонаға» ауысты!

Қақпашылар бапкері Франс Хук Энкеге ван дер Сар секілді ойнауды сұрады: қорғаушыларға көмектесіп, қақпадан жиі шығып тұру керек. «Пармаға» қарсы жолдастық ойында Роберт қақпадан кеш шығып, Ди Вайодан гол жіберіп алды. Келесі матчында ван Гал үшінші қақпашы Виктор Вальдесті шығарды. Чемпионатты ван Гал Вальдеспен бастады, ал Робертке үшінші лиганың аутсайдері «Новельдаға» қарсы ойында мүмкіндік берді – кубоктық матч болатын. Энке былай ойлады: гол жібермесе де – ешкім мақтамайды, қарсыласы мынау ғой, Вальдес бірінші нөмір болып қала береді. Ал гол жіберіп алса – масқара, ұмытылмас масқара.

«Барса» жеңіліп қалды: Энке шабуылшы Тони Мадригалдан үш гол жіберіп алды. Таңғы ас кезінде Энке «Боруссиядағы» бұрынғы әріптесі Патрик Андерссонның қасына барып отырды: «Көрдің бе? Франк де Бур жіберілген голдар үшін сені кінәлады, - деді Андерссон. – Бұған көніп жүруге болмайды. Оған жауабыңды бер». – «Журналистер бәрін басқаша жазған», - деді де Бур Робертке.

Вальдес чемпионатта жиі қате жіберді, бірақ ван Гал оны қозғаған жоқ. «Барса» оныншы орынға түсіп қалғанда оның орнына аргентиналық Бонаноны шығарды. Новельдадан кейін екі айдан соң ғана Энке алаңға шықты. Чемпиондар лигасының плэй-офф кезеңіне жолдама алып қойған соң ван Гал Брюггеде қосалқы құрамды және жастар командасының ойыншыларын шығарды (сол кезде Андрес Иньеста алғашқы матчын өткізген). Бұл құраммен Энке қақпасына гол жіберген жоқ, алайда келесі матчта тағы да Бонано қақпаны күзетті. Жаттығуда Франс Хук Энкеге айтты: «Сен өте мейірімдісің. Вальдес секілді ашулы бол».

«Робертті Новельдадағы ойыннан кейін сызып тастады, - деп жазды Вальдес «Өте қысқа өмір» кітабында, - Субисарретадан кейін «Барселонаның» барлық қақпашысын әлсіз деп есептейтін. Ал Үшінші лига командасына қарсы ойында Энке қате жіберген соң, бәрі түсінді: тағы бір түкке тұрмайтын қақпашы. Энке «Барсадағы» ойынға бейімделе алмады, бірақ ол менен мықтырақ болатын».

ruea0129cac21.jpg

«Барса» он екінші орынға түсіп кеткенде ван Гал массаж үстеліне мініп алып, ойыншыларға айқайлады. Бірақ бұл көмектескен жоқ. Жаңа бапкер Радомир Антич жарты жылдың ішінде Энкеге жиырма минут қана берді – «Осасунаға» қарсы ойында Бонано жарақаттанып қалған. Жазда Робертті Калифорнияда өтетін маусым алды турнеге апарған жоқ. Бір ғана амал қалды – бір жыл «Фенербахчеде» жалда ойнау. «Фенердің» басшысы Йылдырым Фабьен Бартезді алғысы келген, Энке туралы ештеңе білген жоқ. Неміс бапкері Даум осы қақпашыны алғанда ашуланған. Тіпті, Энкенің Стамбулдағы алғашқы күнінде бірге суретке түсуден бас тартты.

«Коджаэлиспорға» қарсы жолдастық ойынның алдында алаң ортасында қой сойылды. «Фенербахче» бірінші турда «Истанбулспорды» қабылдады. Он тоғызыншы минутта Энке қақпадан атып шыққан, израильдік Пини Балили допты оның бойынан оңайлықпен асырып жіберді. Екінші таймның ортасында Энке тағы екі гол жіберді. «Фенербахче» фанаттары оған бөтелкелер мен тұтандырғыштар лақтырды. 0:3.

«Мен мансабымды бітіремін. Емделуім керек», - деді Энке бапкер Даумға. Неміс маманы басын изеп, келісім-шартты бұзуға көмектесетінін айтты. «Барселонадағы бір жылымда Лиссабонда жинаған сенімділігімді жоғалтып алдым. Қазір қате жіберуден қатты қорқамын», - деп жазды Энке өзінің күнделігінде. Ол Барселонаға оралды да, дәрігер Гельдшлегерде емделіп, Бонано және Гарсиямен бірге жаттығу жасай бастады.

Энке емін Кельнде жалғастырды. Футбол одағы оған психолог әйелді жіберді. Бірақ Роберт оған айып алаңына пас асырылғанда болатын қорқынышын қалай түсіндірерін білген жоқ – «Новельда» мен «Истанбулспордан» осылай екі голдан жіберген еді. Валентин Масксермен жұмыс оңай болатын – ол да гандбол командасында қақпашы болған, бәрін түсінеді. Сол Марксермен әңгімелескен соң Энке арзан пиццерияға барып түскі ас ішетін – себебі оның араб басшысын аяйды, Роберттен басқа ешкім бармайтын еді ол жаққа. Ал кешірек Энке «Кельннің» алаңында жаттығатын. Артынша немістің басты таланты Себастьян Дайсперге барып, депрессиядан емделді. Жағдайы жақсарып қалған соң «Тенерифеге» ауысты. Ал екі апта бұрын Тезераның аяғы ауыр екенін білді.

rue2adaf26f6c.jpg

«Тенерифенің» спорт директоры Лобо Карраско Mundo Deportivo-ға жазып тұратын. «Барселонаның» «Брюггеге» қарсы ойынынан кейін ван Гал Энкеге сенім артуы керектігін жазған еді. Энкені Тенерифеге ауысуға көндіру үшін Карраско оған спорт көлігін әперуге уәде еткен және алғашқы жаттығудан соң клубта бар жалғыз көлікті соған берді. «Тенерифе» «Кордобаны» 1:0 жеңген соң «Кельннің» қақпашылар бапкері Петер Грайбер Робертті құттықтап, хабарлама жіберді. «Рахмет, - деп жауап қатты Энке, - бірақ мен ойнаған жоқпын». Ол «Барсадағы» жалақысынан он есе аз алатын, бірақ соның өзі «Тенерифедегі» ең көп айлық болатын. Сонда да, қосалқы құрамда отырды.

Негізгі қақпашы Иглесиас жақ сүйегін сындырып алған соң Энке «Тенерифе» сапында алғашқы матчын өткізді. Ал ойыннан кейін әйеліне қайта кетіп, оны ауруханаға жеткізді. Роберт пен Тереза қызды болатынын бұрыннан білетін, тіпті, есімді де тауып қойды – Лара. Бірақ басқа да жаңалық бар еді. Лараның жүрек ақауы бар, анасының құрсағында өліп кетуі мүмкін. Жарты сағаттан соң Энкеге Тенерифеге қайта ұшу керек – жаттығу күтіп тұр. «Әуежайға бара бер», - деді Тереза. «Сені қалдырып кете алмаймын». – «Мәселеміз онсыз да көп. Жаттығуды жіберіп, одан сайын қиындық тудырма». Роберт ұшып кеткен соң, Тереза қызының жүрек ақауы ғана емес, хромосомалық аурулары бар екенін естіді – Тернер синдромы. Бірақ Мюнхен ауруханасында оны тыныштандырды: алғашқы жылы қызына бірнеше ота жасалса, өмір сүре алады.

Португалияда Еуро-2004 өтіп жатқанда, Энке «Тенерифемен» бірге испаниялық маусымды бітіріп жатты. Роберт алаңға шыққан сегіз матчта оның командасы жеңілмей, сегізінші орынға көтерілді. Соңғы турдың алдында Робертке «Алавестің» вице-президенті хабарласты: «Мені ұмытпадыңыз ба? Екі жыл бұрын келіссөз жүргізген едік» - «Иә-иә, әрине». – «Демалыста сіздер «Хетафемен» ойнайсыздар. Егер сіздер жеңіске жетсеңіздер, «Алавес» примераға көтеріледі, ал мен сіздің командаңызға жүз мың еуро беремін».

Келесі күні басқа ұсыныс түсті – бұл жолы «Хетафенің» жеңіске жетуіне мүмкіндік беру керек, ұсынған сомалары – 240 мың еуро. Сөйтіп, «Тенерифе» «Хетафеден» бес гол жіберді.

Жазда Энке «Ганноверге» ауысты. Бірінші турда «Байерге» жол берді, алайда Kicker Робертті матчтың үздік ойыншысы деп таныды. Бірнеше аптадан соң Лара дүние есігін ашты. Бірден жүрегіне ота жасалды. Екінші турда – «Боруссиямен» тең ойын, журналистер тағы да Робертті мақтады. «Энергике» қарсы кубоктық матч алдында Лараның жүрегі тоқтап қалды. Роберт пен Тереза ауруханаға желдей ұшқан, Лараның жүрегі бес сағаттан соң ғана соқты. Келесі күні Энке румын Регекампфтың он бір метрлік айып соққысын кері қайтарып, «Ганновер» Кубоктың ширек финалына шықты. Бундеслиганың ойыншылары Энкені бірінші айналымның үздік қақпашысы деп таңдады, ал «Ганновер» соңғы орыннан төртінші сатыға дейін көтерілді. Рождествоны Роберт пен Тереза аурухананың асханасында қарсы алды.

rueae62fc7f59.jpg

Бір жылдан соң Лараның жүрегіне үшінші рет ота жасалды. Наурызда «Кельнді» жеңген «Ганновер» тоғызыншы орыннан жетіге көтерілді. Ал Роберт қызын көтеріп, жанкүйерлердің алдына шықты. Бес айдан соң Лара екі жасқа толды – дәрігерлер оның құлағы естімейтінін айтты, тағы да ота жасау керек. Кезекті отадан соң Тереза мен Роберт алма кезек қызының қасында болды. Бірде таңғы бесте Роберт көзін ашса, медбике жүрек соғысын өлшейтін құрылғының қасында тұр екен: «Тетік нөлді көрсетіп тұр, - деді медбике, - бұзылып қалған шығар».

Лараны жерлеген соң Тереза Робертке жаттығудан қалмауды өтінді. Екі аптадан соң Йоахим Лев Энкені құрамаға шақыртты. Еуро-2008-ге екі ай қалғанда Энке «Айнтрахтқа» қарсы ойнады. Ал тур шолуында «Штутгарттың» бапкері Армин Фе өз командасының жеңіліп қалғанына 19 жасар қақпашы Свет Ульрайхты кінәлағанын көрді. Ертеңіне Роберт Свенга хабарласып, жіберген голдарын түсіндіріп берді: «Бірінші голда сен кінәлі емессің. Ал екіншісінде жолың болмады, - деді Энке. – «Барселонада» менде де сәтсіз матч болды, содан кейін бапкер маған сенбей қалды. Мен сені түсінемін. Ұмытпа: еңсеңді түсірмеуің керек».

Еурода Энке негізгі қақпашы болғанымен, жарақат алып, тек Бельгиямен ғана ойнай алды. 2009 жылдың көктемінде Роберт құрамаға қайта оралып, қатарынан екі матчта гол жіберген жоқ. Сондай-ақ, Терезамен бірге Лейла есімді қызды асырап алды. Бірақ депрессияға қайта тап болған Роберт құрамадан кетіп қалды. Ал қабылдап жүрген антидепрессанттар Роберттің жылдамдығын азайтатыны белгілі болды. Тереза Робертті жаттығуға өзі апаратын болды. 30 қазанда Энке «Кельнге» қарсы ойында алаңға шығып, бірнеше сейв жасады – «Ганновер» 1:0 есебімен жеңді.

Йоахим Лев Чили мен Кот-д’Ивуарға қарсы ойындарға шақырылған ойыншылар тізімін жариялады. Екі қақпашы: Тим Визе мен Мануэль Нойер.

8 қарашада кешкісін Роберт «Титаникті» қарап отырды. Келесі күні жаттығудан соң Тереза мен Лейланы Kreipe кафесіне алып барған. Тереза күйеуі мен қызын суретке түсіріп алды. 10 қарашада Роберт Лейланың маңдайынан сүйіп, әйеліне фитнес-бапкерге бара жатқанын айтты. Кейін тоңазытқыштағы тақтайға жазды: «Баварияға» қарсы ойынға төрт билет алуды ұмытпа». «Түстен кейін қақпашылар бапкерімен жаттығу жасаймын. Үйге алты жарымға ораламын», - деді де, кетіп қалды.

Сегіз сағат бойы ол бір жерді айналып жүре берді де, 18:15-те жақын жердегі теміржол өткеліне барды.

ruec54846465a.jpg

2009 жылдың 8 қарашасы. «Гамбургке» қарсы матчтан кейін

«Ғаламторда оның пойыз астына секіріп кеткенін оқығанда сенген жоқпын, - деді Константин Рауш. – Бірақ Ханно Балич хабарласып, бәрін растады. Роберттің өлімінен кейін бірнеше сағаттан соң стадионның жолы майшамдарға толы болды. Он жеті-он сегіз жасымда негізгі командаға енді түскенімде Энке былай деген: «Кез келген уақытта кеңес сұрауға келсең болады». Бұл 2007 жыл болатын. Жаттығудан кейін түскі немесе кешкі асқа жиі баратынбыз. Оның күйзелісте жүргенін ешкім білген жоқ.

Ол көп күліп, көп қалжыңдасатын».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер