Блогбастер
Футбол

Контенің жалыны қайдан?

Контенің жалыны қайдан?
news-banner7
mobile-news-top

Бір жыл бұрын Италия Еуроның іріктеу матчында Хорватияға жол беріп жатты. Отыз алтыншы минутта Манджукич допты Грациано Пелленің басынан қолымен алып шыққан, төреші Аткинсон пенальти белгіледі. Антонио Кандрева 2013 жылғы Конфедерация кубогында Испанияға қарсы ойында жасаған тәсілін қайталап, допты аяғының ұшымен көтеріп жіберді.

Екі күннен соң Италия Женевада Португалияға қарсы жолдастық матчқа дайындалып жатқан.

- Паненка стиліндегі соққың туралы сөйлесеміз бе? – деп сұрады Конте.

- Иә, әрине.

- Қақпашының бұрышқа секіріп бара жатқанын байқаған соң солай тептің бе?

- І-і-і, жоқ.

- Оның өз орнында қалмай, секіретініне сенімді болдың ба?

- І-і, жоқ.

- Ендеше неге олай тептің?

- Сол кезде осындай шешім қабылдадым.

- Егер қате жібергеніңде, менен таяқ жейтін едің. Білесің бе? (Кандрева бұл диалогті Sky Sports журналисі Алессандро Альчатоның Конте туралы кітабында баяндаған)

Бір апта бұрын «Челси» Кандрева үшін он миллион еуро ұсынған еді – «Интер» бас тартты. Бірақ, ештеңе етпейді, бүгінгі Азар барда Кандреваның ауыспағаны үшін өкінудің керегі жоқ. Азардың «Арсенал» қақпасына соққан голынан соң Конте «Стэмфорд Бридждің» шығыс трибунасында отырған «Челси» жанкүйерлеріне қарай секіріп, ұзақ уақыт бойы ақсап жүрді – балтырын созып алыпты. «Стад де Франста» көрермендер орны алыс орналасқан, сондықтан Пелле Еуроның 1/8 финалында Испанияға гол соққан соң Антонио қосалқы құрам отыратын жаққа секірді.

ruee9cb06229b.jpg

Оған бала кезінде тежеу қою мүмкін емес болатын. Бес жасында мектепке барғысы келді, бірақ мұндай баланы кім қабылдайды? Әкесі оны кедей отбасылардың ұлдарына арналған лицейге орналастыра алды. Контенің сыныптастары одан үлкен болатын, сол кезде-ақ бүктемелі пышақтар ұстап, орындықтарды терезеден лақтырып жіберетін. Антонио жаттығатын «Карло Пранцо» стадионына төрт команда сыйды. Конте ол жаққа тек ескі киімдерін ғана киетін. Стадионға жаңа киіммен баратындар үйге жалаңаш қайтатын еді. Командалардың бірін Контенің әкесі Козимо басқарды. Бірақ бұл Антонио үшін жаман еді: оның досы Сандро Морелло киім ауыстыратын бөлмені суға батырғанда Козимо мән-жайға бармай жатып Антонионың бетінен салып қалған: «Саған ерекше қарайды деп ойламасын, - деді әкесі. – Не болса да, кінәлілер қатарында сен боласың». Сол Сандромен бірге Антонио «Лечче» сапына ауысты. Контенің әкесі он доп пен ақша сұраған еді, бірақ сегізге келісті. Екі жылдан соң Конте жаттығуда білегін сындырып алған еді, алайда сүйіктісі Карланың інісін біреулер ұрып кеткенде ол кек алуға барды. «Қараңдар, ол бізді гипстілген қолымен қорқытпақ», - деді олар Антониоға. Конте жұдырық ала жүгірді.

1958 жылғы маусым алдындағы дайындықтың алғашқы күнінде Антонио мен Сандро «Лечче» орналасқан қонақүйдің вестибюліне түсті: тірі жан жоқ – демек, пинг-понг ойнауға болады. Партияны бапкер Кортизаноның айқайы бөліп тастады: «Естеріңнен ауыстыңдар ма? Бәрі жаттығуға кірісіп кетті». Сөйтсе, таңғы тоғыз – вестибюльге жиналатын емес, алаңға шығатын уақыт екен. Үрейленген Конте аяқ киімін киіп үлгермей қалды да, кәсіпқой футболдағы алғашқы жаттығуында жалаңаяқ жүгірді: «Бұл сенің жазаң болады», - деді бас бапкер Фашетти. Италия жастар чемпионатының ширек финалындағы «Асколиге» қарсы ойында Конте тағы да жарақат алып қалды. «Лечче» қорғаушысы Джузеппе Лучери қарсыласқа жүгіріп келе жатқан, бірақ Антониоға соқтығысты да, жіліншік сүйегін сындырып жіберді. Конте «Лациоға» қарсы жартылай финалдық матчқа екі апта қалғанда гипсін шешіп тастады. Ойын барысында шабуылшы Джампаоло Зауринимен соқтығысып қалған, бірақ матчты жалғастыра берді. Он бес минут өткен соң Конте «Лечче» капитанынан сұрады: «Есеп қандай?» - «0:1» - «А, жақсы-жақсы». Екі минуттан соң: «Ал қазір есеп қандай?» - «Контені ауыстырып тастаңдар! Басына бірдеңе болған». Ауруханада бас сүйек-ми зақымын алғаны анықталды.

ruebb7700c5e4.png

«Осы маусымда қанша гол соқтың?» - «Ювентус» басшысы Аньелли сұрақ қойды. Антонио ұялып қалды. Бір ғана гол соққан еді, Неапольде болатын, бүгінде екі жыл өтті, Аньелли оны шабуылдаушы жартылай қорғаушы деп ойлап жүрсе ше? «Әзірше көп гол соққаным жоқ, - деп Конте мойындады. – Бірақ түзелемін». «Монакоға» қарсы жолдастық матчта «Юве» сапында дебютін өткізген Конте допты қақпашы Такконидің жанынан теуіп жіберген еді, алайда ивуар Фофан допты жолдан алып кетті де, жеңіс голын соқты. Маусым сәтті аяқталған жоқ: Конте Кубоктың финалында жиырма минутқа шыққан, «Парма» шабуылшы Агостини былай деді: «Балам, бұлай шапқыламасаңшы». Әрине, оны ұрып жіберді де, алаңнан қуылды. «Юве» жеңіліп қалды – 0:2. Екі жылдан кейін Агостини В сериясында ойнап жүргенде Конте Италия құрамасы сапында әлем чемпионатына кетті.

1996 жылы Чемпиондар лигасының жартылай финалына көзі көгеріп шықты – «Каррарезеге» қарсы жолдастық ойында біреу шынтағымен көзінен ұрып жіберген. Ал «Аякске» қарсы финалда үзіліске екі минут қалғанда Давидспен соқтығысып қалды, сан артериясы жарылып, аяғы ісіп кетті. Бәрі Чемпиондар лигасындағы жеңісін тойлап жатқанда Конте дәрігермен сөйлесіп отырды: қанның көптігі сонша, шприцпен шығарып ала алмаймыз. Күту керек, енді Еуро-96-ны ұмыт. Сол жылы жазда бапкер Липпи Контені «Ювентустің» капитаны қылды, ал қазанда Грузияға қарсы матчта Антонио айқыш байламын жарақаттап алды. Дәрігер Пиццетти үміт сыйлағандай болды: «Бұлшық етіңді нығайта алсаң – Құрлықаралық Кубокқа таман ораласың». Бір айдан соң Конте жаттығу кезінде өкшесімен соққы жасаймын деп айқыш байламын тағы да жарақаттап алды. Ол үшін маусым аяқталды.

Жаңа чемпионаттың алғашқы ойынында Конте Зиданның пасынан кейін өзінің бірінші клубы «Лечче» қақпасына гол соғып, кейін құрамаға қайта оралды. 2000 жылғы Еурода румын Хаджи аяғына тікелей секірген: табан сіңірі жарақаттанды, енді екі ай футбол жоқ. Голландияға қарсы жартылай финалды Антонио балдақпен тамашалады, бірақ солай да көмегін тигізді: бапкер Дзофф бесінші пенальтисті анықтай алмай тұрғанда, Конте Джанлука Пессоттоны ұсынған. Нәтижесінде ол пенальти сериясында есепті 2:0 қылды. «Ювентуста» Конте қосалқы құрамда отыратын болды, бірақ 2003 жылы ЧЛ финалына шығып, гол соғуға жақын болған – доп маңдайшаға тиді. Антонио келісім-шартты ұзартқысы келіп еді, алайда директор Моджи келісілген сомадан өте аз ұсынды: «Жағдай өзгерді, бұл біздің жаңа талаптарымыз». Намыстанған Конте мансабының соңғы жылын «Леччеге» арнамақ болды – оның үстіне, кезінде 13 жасар Антониоға үлкен талант сыйлаған Панталео Корвино шақырып жатыр. Бұл жаңалық газет беттеріне тарап кеткен соң «Лечченің» базасына екі мың фанат келіп, талап қойды: ешқандай Конте болмасын! Себебі ол 1997 жылы өзінің туған клубына гол соғып кеткен еді. Осыдан соң Антонио мансабын аяқтады.

rue8beca12a28.jpg

Бапкерлік мансабын «Ареццода» сәтсіз бастаған соң (тоғыз ойын бойы жеңіс болмай, Контенің орнына Маурицио Сарриді қойды), Антонио сүйіктісі Элизабеттамен бірге Голландияға ұшып кетті: мақсаттары демалу, бірақ негізгі жоспары АЗ Алкмардағы Луи ван Галдың жұмысын қарау. «Жолымыз болды: ашық жаттығуға тап болдық, - деп Конте өзінің өмірбаянында есіне алады. – Ван Галдан көзімді тайдырмадым». Жаттығудан кейін Конте қасына барып, танысқысы келді, бірақ ұялды. Ертеңіне сүйіктісін тағы да АЗ-дің жаттығуына алып келді. Бұл жолы жаттығу жабық екен, бірақ Антонио дуалдағы тесіктен ван Галға қарап тұрды. Сол сәтте біреу иығынан қақты: «Иә-иә, бес минуттан соң қайтамыз», - деді Конте. Тағы да қақты: «Ант етемін, жаным, қазір қайтамыз». Артқа бұрылған Конте күзетшіні көрді. «Ван Галды аңдып жүрмісіз? Бұл жерде тұруға болмайды». – «Жо-жоқ, тыңшы емеспін, - деді Антонио ағылшынша. – Мен ескі ойыншымын. Ван Галдың жаттығуын көргім келеді». – «Сіздің кім екеніңізді білемін. Бірақ мұнда тұруға болмайды», - деді де, күзетші Контеден қолтаңба алды. Антонио Италияға оралған соң, «Ареццо» директоры хабарласып, қайта оралуын сұрады. Конте бір ғана талап қойды: оның жұмысына ешкім араласпасын. Сөйтіп, «Ареццо» соңғы он турдың жетеуінде жеңіске жетті, алайда бұл В сериясында қалуға көмектескен жоқ.

Есесіне ол жарты жылдың ішінде «Бариді» құтқарып, В сериясының турнир кестесінде ортаңғы орындарға дейін алып барды. Соңғы турлардың бірінде Конте «Леччені» 2:1 есебімен жеңіп, олардың А сериясына ауысуына бөгет болды («Лечче» бәрібір көтерілді, бірақ аралық матч арқылы). Жазда Антонио әйелі және бір жасар баласымен жағажайда демалып жатқан. Оны «Лечченің» фанаттары байқап қалды: «Немене, жетесіз, туған клубыңды ұтасың ба? Оның үстіне, «Ювентус» сапында бізге гол соғып, қуанғанын айтсаңшы. Біз сені бөлшектеп тастаймыз». Конте тағы да төбелесіп кетті, бірақ қызының қорыққанын көрген ол тоқтап қалды. Бір жылдан соң «Лечче» А сериясында соңғы орын алып, ұшып кетті. Ал Конте «Юве» директоры Жан-Клод Бланның үйінде бес сағат бойы келіссөз жүргізді.

«Маған 4-2-4 жүйесіндегі жылдам футбол ұнайды», - деді Конте. - «Жақсы әсер қалдырдың. «Ювенің» жаңа бапкері болатын секілдісің», - деді спорт директоры Алессио Секко. Конте Бариге оралып, А сериясына жолдама алды. Ал Секко тағы бір кездесуге шақырды: «Юве» «Вердерден» Диегоны сатып алды, сондықтан Контенің ойын жүйесі келмейді. Сондықтан «Ювентустың» бапкері Чиро Феррара атанды. Ал «Баридің» басшысы Матарреземен кездесуде Конте төртінші шабуылшыны сатып алуды сұраған, алайда бұл ойы басшылыққа ұнамады: «Үшеу жеткіліксіз бе? А сериясында да 4-2-4 жүйесімен ойнамақсыз ба?» Осылайша, Конте жұмыссыз қалды.

rue2c19e0f29a.jpg

Оны «Аталантаның» 22 жастағы президенті Алессандро Руджери шақырды. Контенің келуімен – үш тең ойын, екі жеңіс. Кейін «Аталанта» Ливорнода жеңіліп қалды, ал жалғыз гол соғылған соң төрт минуттан кейін Антонио команда капитаны Кристиано Дониді ауыстырып тастады. Соңғысы мазақ қылғандай қол шапалақтады: «Тамаша ауысым», матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кетіп бара жатып есікті жұдырығымен ұрып жіберді. Конте де сол ісін қайталап: «Жұдырыққа жүгіну – жақсы іс емес» деді. Екеуі ерегесіп қалған соң Дони Алессандро Руджеримен кездесті. Екі айдан кейін өз алаңында «Наполиден» жеңіліп қалған соң Конте Руджеримен трансфер туралы сөйлесті. «Дониді сата алмаймыз, фанаттар мұны кешірмейді», - деді президент. Артынша спорт директоры Ости кіріп, жанкүйерлердің Контемен сөйлескілері келетінін айтты. Антонио халық алдында шыққан, бірақ жанкүйерлер оның отбасына тіл тигізді. Киім ауыстыратын бөлмеге оралып, президент Руджериге айқайлады: «Мен кетемін».

«Ювентуске» Контенің өзі хабарласып, кездесуді сұрады. 1 мамырда «Новараға» қарсы кездесуден кейін Аньеллидің үйінде кездесуге келісті. «Ренжімеңіз, бірақ соңғы жылдары «Юве» өте нашар ойнап жүр, - деп бастады Конте. – Қарсылас алаңға шықпай жатып қорқуы керек. Мен «Леччемен» бірге Туринге алғаш келгенде солай болған. «Юве» допты қарсыласқа беріп қоймай, өзі бақылауда ұстауы керек». Үш сағаттық әңгіме Аньеллиге жақсы жағынан әсер етті: «Бірақ енді клуб директоры Мароттамен сөйлесу керек». Бір апта өтті – тыныштық. Телефон шырылдаған сайын Конте Маротта болса екен деп үміттенеді. Бірақ ол 9 мамырда ғана хабарласты. «Ювентустың» жағдайы ауыр емес, клуб бұрынғы шыңғы қайта шыға алады, - деді Конте. – Иә, мен жаспын. Бірақ үш жылда В сериясын екі рет жеңіп алдым».

Андреа Пирло киім ауыстыратын бөлменің есігі жақта орналасқан орнын Туриндегі ең қауіпті жер деп атайтын. Себебі «Юве» үзіліске дейін есепте алда тұрса да, Конте киім ауыстыратын бөлмеге жүгіріп келіп, қолына түскеннің бәрін қабырғаға лақтыратын. Үш жылда үшінші чемпиондық титулын уақытынан бұрын жеңіп алған соң Конте маусымға жаңа мақсат қойды – чемпионатта жүзден көп ұпай жинау керек. Ол үшін соңғы турда «Кальяриді» ұту керек. Конте ойыншыларды теориялық сабаққа шақырды, Буффоннан басқасының бәрі осында. Джиджи кешігіп келіп, клуб директоры Мароттамен бірге кірді. «Мистер, кешіріңіз, - деді Буффон бапкеріне, - директор чемпиондыққа берілетін сыйақы туралы айтып жіберсін». Конте лезде ашуға мініп, айқайға басты: «Сыйақы? Джиджи, басқа-басқа, бірақ сенен мұндайды күтпедім! Сенен қатты көңілім қалды. Бәрің шығыңдар! Алаңға барып жаттығыңдар! Жоғалыңдар! Масқара! Масқара!». Артынша команданың ең тәжірибелі ойыншысы Буффон «өтірік жау» болғаны анықталды. Команданы маңызсыз матч алдында бір сілкіп алу үшін Конте осындай тәсілге барған. Айтпақшы, сол кезде «Ювентус» 3:0 есебімен жеңіп, 102 ұпай еншіледі.

Екі апта өтті. Трансфер кезінде Конте «Фиорентинадан» Куадрадоны сатып алғысы келді, ал «Ювенің» директорлары Мората мен Итурбені команда сапына қосуды қалады. Оның үстіне, Антонио клубтың Погба мен Видальді сатпайтынына көз жеткізе алмады. Нәтижесінде Конте «Ювентустан» кетіп қалды.

rue9b5671119c.jpg

Ол Хорватияда яхтасының ішінде күнге қыздырынып жатқан, италиялық футбол федерациясының жаңа басшысы Тавеккьо хабарласты. Конте «Ювентустан» кеткен соң құрамаға басты кандидат атанды. Байланыс нашар болып, дауыстары дұрыс естілмесе де, Антонио өзінің италиялық федерация үшін қымбатқа түсетінін анық айтты. Құраманың бұрынғы бапкері Пранделли жарты миллион еуро алып отырған – Конте үшін бұл аз. Сондықтан мынадай шешім қабылданды: федерация Контені жарнамаға пайдалану үшін төрт демеуші табады, бұл дегеніміз екі миллион. Антонионы ақшадан бұрын, жұмыс уақыты алаңдатты: ол айына бір рет емес, күнде жұмыс істеуді қалаған. Сөйтіп, Тавеккьо Антонионы Италияның барлық құрамасына (U-15-тен бастап) үйлестіруші қылып тағайындады – Конте келісті.

Құрама тізгінін ұстаған ол журналистерге командасының қалай ойнайтынын түсіндіріп берді: «3-5-2 қорғаныс жүйесі деп саналады. Бірақ бұлай емес. «Юведе» 4-2-4 жүйесімен ойнағым келген, алайда Видальдің ауысуымен 3-5-2 дұрыс деп шештім. Бұрын шабуылға төрт ойыншы араласатын, енді – бесеу».

Құрамада Контенің бірінші ісі мынадай болды – асханаға Коверчаноның суретін іліп қойды: «Тамақтану жеңіліс пен жеңістің айырмашылығын көрсетеді». Бірақ бүгінгі «Челсиге» қарар болсақ, олар ашқарынмен де жеңіске жетуді үйренген секілді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер