СІЗ БІЛМЕЙТІН ҚЫЗЫҚТАР
Футбол

Футболшылардың ырымдары

Футболшылардың ырымдары
news-banner7
mobile-news-top

Спорт – талант пен жаттығудың көрсеткіші. Бірақ кей спортшылар бұлардан бөлек, ырымдарға да сенім артады. Бүкіл спортты тізіп шықпай-ақ, футболдың өзінен бірнеше мысал келтіруге болады.

- Кеңес кезіндегі атақты бапкер Валерий Лобановский «13» санына қауіппен қараған. Ол киевтік «Динамоны» жаттықтырған кезде алаңға ешкім осы нөмірмен шықпайтын. Жаңа киімдерді алып келгенде де, Лобановский 13-ші нөмірлі жейдені лақтырып тастайтын.

- Голландиялық маман Гус Хиддинк галстуктың «құдіретіне» сенеді. Мысалы, оның командасы бір ойында жеңіске жетсе, келесі матчқа сол кездегі галстугын қайта киеді. Ал жеңіліп қалса, сонда киген галстугымен қоштасады.

- Франциялық бапкер Раймон Доменек астрологияға қатты сенеді, сондықтан әр футболшының жұлдыз жорамалын оқып отырады.

- Голландия футболының аңызы Йохан Кройф матч басында сағызын қарсылас жаққа қарай түкіріп жіберетін. Бірде, 1969 жылы Чемпиондар кубогының финалында Кройф сол дәстүрін ұмытып кеткен. Бір қызығы, оның командасы «Аякс» италиялық «Миланға» 1:4 есебімен жол берді.

- «Шалькеде» ойнаған голкипер Норберт Нигбург алаңға Рим Папасының суретін алып шығатын болған.

- Франциялық футболшылардың пікірінше, олардың 1998 жылы әлем чемпионы болғаны шеберлікке ғана қатысты емес. Матч алдында командада мынадай дәстүр болған: команда капитаны Лоран Блан ойын сайын қақпашы Фабиан Бартездің басынан сүйіп тұратын.

- 90 жылдардағы Болгария құрамасының көшбасшысы Христо Стоичков ойын алдында бутсасына тиын салып қоятын. Мұның қаншалықты көмектескені белгісіз, бірақ Стоичков көп гол соғатын.

- Кезінде Кардифф қаласындағы «Миллениум» стадионының оңтүстік жағында орналасқан киім ауыстыратын бөлменің аты шыққан еді. 1999 жылы стадион ашылғалы бері сол киім ауыстыратын бөлмені пайдаланған команда ұтылып қала берген. Тіпті, қызметкерлер бөлмені «тазалап» шығу үшін шеберлерді де шақырған. Бірақ қатарынан 11 матч бойы стадионның оңтүстігіндегі киім ауыстыратын бөлмені қолданған ұжым жеңіліп қала берді. Тек 12-ші матчта ғана «Сток Сити» бұл «сиқырды» бұзды.

- 1962 жылғы әлем чемпионатына Чили құрамасы ерекше дайындалған. Бапкерлер мен футболшылар қарсыласты жеңу үшін оларды жақсы тану керек деп түсініпті. Сондықтан, чилилік ойыншылар Италияға қарсы матч алдында макарон, Швейцарияға қарсы ойында ірімшік жеген. Ал КСРО құрамасына қарсы ойынның алдында арақ ішіпті. Бір қызығы, Чили футболшылары сол жарыста сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жеткен. Ырымға сәйкес, Бразилияға қарсы ойын алдында чилиліктер кофе ішкен еді, бірақ жеңіліп қалды. Мүмкін, ол кофе Бразилияда жасалмаған шығар, кім біледі?

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер