Блогбастер
Футбол

«Бірінші күннен Карпин маған қарсы болды». Аптаның бас бапкері

«Бірінші күннен Карпин маған қарсы болды». Аптаның бас бапкері
news-banner7
mobile-news-top

Федунге Унаиді «Спартактың» спорт директоры Дмитрий Попов ұсынған еді, екеуі «Толедода» бірге ойнаған болатын. Неге Эмери? Қатарынан үш жыл бойы нашарлау құраммен «Барса» және «Реалдан» кейінгі үшінші орынды еншіледі, шабуылдау мәнерін жақсы көреді, мансабын шетелде жалғастыруды қалайды – «Спартакқа» керегі де осы. «Алғашқы күннен-ақ бас директор Карпин маған қарсы болды, себебі «Спартакты» өзі жаттықтырғысы келетін», - деді Эмери француз журналисі Ромэн Молинаның кітабында. Унаидің «Спартак» тізгінін ұстағаны белгілі болғанда, оған Баск елінің журналисі Евгения Лариошкина хабарласып, орыс тілін үйрету үшін көмек қолын созуға дайын екенін айтады. Сөйтіп, екеуі аптасына бірнеше рет дайындалатын. Унаи футбол терминдерін жаттап алғанымен, орыс тілін меңгеруде нәтиже шығара алмады. Сондықтан ағылшын тілін үйренуге ауысып кетті, негізгі құрам ойыншыларының басым бөлігі бұл тілді жақсы білетін.

Дмитрий Попов Эмериге ескертті: «Дөрекі болмасаң, команданы бақылауда ұстай алмайсың». «Спартактың» шетелдік екі ойыншысы қонақүйде қыздармен бірге көзге түсіп қалған кезде Эмери оларға айыппұл салмай, әңгімемен ғана шектелді – бұл туралы бүкіл команда естіді. Қарашаның басында «Спартак» Самараға ұшқан, әуежайда ойыншылардың бірі құжатын ұмытып кеткені белгілі болды. Әкімшілер бұл мәселені оңай шешкенімен, Эмери ұрыса жөнелді: «Құжатыңды ұмытуың команданы ойламайтыныңды білдіреді. Бұл – бізге деген құрметсіздігің». Самарада «Спартак» 5:0 есебімен жеңіске жетті, ал үш күннен соң команда «Бенфикаға» қарсы матчқа бару үшін әуежайға келгенде, Эмеридің өзі құжаттарын ұмытып кеткені анықталды. Әкімшілер халықаралық рейстерге ықпал ете алмағандықтан, команда бапкердің құжатын үш сағат бойы күткен. «Спартак» алдағы бес ойынның біреуінде ғана жеңіске жетті.

«Динамодан» жеңілген соң Карпин журналистерге менің орнымнан кеткенімді хабарлады, ал олар қол шапалақтап тұрды. Бұлай мүмкін емес! – деді Эмери Ромэн Молинаға. – Бір жағынан Карпин өмірімді ойран салу үшін барын жасады (бірде жиын өткізіп, менің штабыма тап берді). Екінші жағынан Дзюба қосалқы құрамда отырып алып, футболшылар мен журналистерді маған айдап салып отырды».

rue934645bb9c.jpg

Мәскеуден кеткен соң Эмери туған қаласына оралды. Бірден Kailuze мейрамханасына барды, мұнда бас аспаз Елена Салданья оның сүйікті тағамын жасайтын – сарымсақ, ақжелек пен зәйтүн майы қосылып пісірілген хек. Оның атасы жергілікті «Реал Унион» командасында сол қапталдағы қорғаушы болған. Антонио Эмеридің бойы аласа, 170 см ғана еді. Сондықтан оны Кішкентай құс деп атайтын. Бірінші қақпашы Мугуруса ауырып қалғанда, Антонио оның орнын басып, командасымен бірге Испания кубогының финалына дейін жеткен еді. Бұл 1924 жылы болатын, ақтық матчта мадридтік «Реалды» жеңді – 1:0. Антонионың ұлы да қақпашы болған, ал немересі сол қанаттағы жартылай қорғаушы позициясында ойнады.

Унаидің «Реал Сосьедадтағы» бапкері Микель Этчарри Эмеридің өте арық болғанын есіне алды: «Қашан да Унаиді ортасынан сындырып кететіндей қорқатынмын, бірақ бірде оны «Фиорентинаға» қарсы жолдастық матчтың екінші таймында шығардым, ол гол соқты, - дейді Этчарри баскілік ETB SAT телеарнасына берген сұхбатында. – бұл сәтті есіме сақтап қалдым, себебі одан кейін ол менің командамда гол соққан жоқ». 1996 жылдың мамырында «Реал Сосьедадтың» жаңа бапкері Хавьер Ирурета Эмериді де Педроның орнына шығарды – «Альбасетеге» қарсы ойын еді, есеп 4:1 болатын. Эмери өз командасының бесінші голын соқты, қорытынды есеп – 8:1. Хет-трик жасаған румын Крайовяну естелік ретінде допты өзіне алған еді, Унаи киім ауыстыратын бөлмеде допты сұрады: «Өтінемін, оны маған сыйлашы». Бұл Эмеридің Испания жоғары лигасындағы жалғыз голы болатын. Бірнеше аптадан соң жарақатының кесірінен «Реал Сосьедадтан» кетіп қалды.

2004 жылы Рождество алдында «Лорканың» 27 жастағы спорт директоры Педро Реверте президент Антонио Баньос Альбасетенің кабинетінде отырды. Енді ше? Жоғары көтерілуді армандап жүрген, енді ұшып кетпеудің қамын жасау керек. Кике Яге бапкердің стилі ескі, бірақ үшінші лигаға кімді алып келесің? Күтпеген жерден Педро Реверте ұсыныс жасады: Эмери бапкер болады! «Бұл не дегенің? Неге ол?» - президент таң қалды. - «Ол Галисияда ойнап жүргенде бапкерлік диплом алған. «Реал» мен «Атлетиконың» бапкерлерін бақылау үшін жасырынып жаттығуларына барып жүретін. Ал бізде жарақаттарының кесірінен ойындарды жіберіп, менің қасымда болды». Унаиді кабинетке шақырды. «Сені бапкер қылсам, қатты қорқып кетесің бе?» - президент ақырындап сұрады. – «Жоқ. Қаласаңыздар, бапкер боламын», - деді Эмери. Жаңажылдық демалыстан оралған ойыншылар бірге жүрген футболшының бапкер болғанын естіп, таңқалды. Бапкер атанған Эмери соңғы рет алаңға шықпақ болды, тізесін ауыртып, бірінші айналымда өткізіп алған еді.

Эсихаға дейін төрт жүз шақырым барып, «Лорка» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бірнеше айдың ішінде бесінші орынға көтерілді, төртінші сатыдағы «Марбельиден» бір ұпайға қалып келе жатқан. Соңғы турда «Марбельи» күтпеген жерден 0:4 есебімен жеңіліп қалды, ал «Лорка» «Эсиханы» 6:0 жеңді. Енді оларға екінші лигаға көтерілу үшін «Реал Унионмен» финал өткізу қажет. Финалдық ойын екі матчтан тұрды. «Лорка» өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліп қалды, матчтан соң Эмери жағажайда жаттығу өткізді. Ал қарымта кездесуде негізгі уақытты 2:1 есебімен жеңген Уни шәкірттері овертаймда тағы бір гол соғып, екінші лигаға жолдама алды.

«Лорканың» трансферлік бюджеті алпыс мың еуро болды. Бұл ақшаға «Фулхэм» шабуылшысы Факундо Саваны жалға алды (жалақының 80 пайызын ағылшын клубы төлеп тұрды). Бірақ Эмери сол үшінші лигадағы ойыншыларымен мұнда бесінші орынға табан тіреді. Жеңістерден соң ол ойыншыларға екі күн демалыс беріп, барға алып баратын. «Лоркада» Факундо Сава жеті гол соғып қана қоймай, психологиялық сұрақтар бойынша Эмеридің көмекшісі болды. Кезінде сол саланы Ла-Платанада оқыпты. «Лоркаға» Испанияның жоғары лигасына шығу үшін бес ұпай ғана жетпей қалды. Ал Эмери «Альмерияға» кетіп қалды да, «Лорка» үшінші лигаға түсті, кейін 2012 жылы банкротқа ұшырады.

rue5c8606c4a5.jpg

«Альмерияда» Эмери үш матчта жеңіліп бастады. Ойыншыларға төртінші жеңілістен соң Унаидің орнынан кететіні хабарланды. Шабуылшы Франсиско Родригес журналистерге былай деді: «Ойынымызды өзгертпесек, құлауды жалғастыра береміз». Мұны оқыған Эмери «Альмерия» тарихындағы ең үздік сұрмергендердің бірі Родригесті өзіне шақырып, сол сөзіне жауап қатты: «Егер сен өз ойыныңды өзгертпесең, клубтан кетесің». Ал қалған ойыншыларға былай деді: «Команда үстел секілді. Бір аяғы – ойыншылар, екіншісі – басшылық, үшіншісі – жанкүйерлер, ал төртіншісі – журналистер. Егер бір аяғы сынса, тұрақсыз болады. Ал үшеуі сынса – үстел құлайды». Келесі ойында «Альмерияның» екі ойыншысы қызыл қағаз алғанымен, команда жеңіске жетті. Ал маусым соңында «Альмерия» жоғары лигаға жолдама алды.

Дебюттік ойынының алдында Эмери «Реалдың» форварды Негродо мен екі бразилиялықты қатарына қосты – қақпашы Диего Алвес пен жартылай қорғаушы Фелипе Мело. Қалғаны сол бұрынғы құрам. Бірінші турда «Депортивоға» қарсы қонақта өтетін матчқа өз ойыншыларын шабыттандыру үшін Эмери былай деді: «Қағазға сендердің аттарыңды жазамын да, соның ішінен он бірін алып шығамын. Себебі алаңға кімнің шығатыны маған маңызды емес. Әрқайсысыңа сенемін және негізгі құрамға кім түссе де, жеңіске жететінімізді білемін». Лигада бюджеті ең аз «Альмерия» «Депорды» 3:0 есебмен тас-талқан етті, ал жарты жылдан соң өз алаңында мадридтік «Реалды» ұтты – 2:0.

Желтоқсандағы жаттығулардың бірінде Эмери Негредо мен жартылай қорғаушы Коронаға айып соққысын ерекше орындауды ұсынды – біреуі допты көтеріп қалады, ал екіншісі әуеде соққы жасайды. Он бес рет жасады – қызық екен. «Вальядолидке» қарсы ойында Эмери Негредоға сол айып соққысын орындауға нұсқау берді. Ойынның аяқталуына он бес минут қалды – есеп 0:0 – төреші «Вальядолид» қақпасына жиырма метрде айып соққысын белгіледі. Негредо Коронаға бапкердің бұйрығын жеткізді, бірақ соңғысы бірден бас тартты: «Есің ауысқан ба? Жаттығуда бұлай бір гол да соққан жоқпыз ғой». Негредо соңына дейін өз пікірінде қалып, жеңіс голын соқты. «Бұл адам сенгісіз идея болатын, - деді Негредо матчтан кейін, – бірақ Эмери тәуекелге барғанды жақсы көреді».

«Альмериямен» бірге сегізінші орын алған Эмери «Валенсияның» тізгінін ұстады. Клубтың қарыздары 547 миллион еуродан асып кеткен, Эмери мен басқа қызметкерлерге бірнеше ай бойы жалақы берілген жоқ. 2009 жылдың ақпан-наурызында «Валенсия» алты матчта үш қана матч жинаған соң да Эмери қызметінен босаған жоқ, сондағы жалғыз себеп – жаңа бапкер шақыртуға клубта ақша болмаған еді. Банкротқа ұшырамас үшін клубқа Чемпиондар лигасына өту керек болатын. Келесі үш жыл бойы «Валенсия» үшінші орынды еншіледі, жаз сайын Унаи келісім-шартын тағы бір маусымға ұзартып отырды. Ақша болмағандықтан, жалақысы көбейген жоқ.

«Лорка» мен «Альмериядағыдай» «Валенсияда» да Эмери клубты іштей күшейтуге тырысты. Мысалы, қосалқы құрамдағы жартылай қорғаушы Жорди Альбаны қорғаныста ойната бастады. 2011 жылы қыркүйекте «Барселонаға» қарсы матчтың алдында Эмери айтты: «Бүгін сол қанаттағы екі ойыншы Альба мен Матьені шығарамын. Қорғаныс үшін емес, қарсыласты шатастыру үшін. Матье мен Альба алма кезек шабуылдайды. Бұл «Барса» үшін күтпеген жағдай болады». Алғашқы жиырма бес минутта «Валенсия» Жереми Матьенің пастарынан соң екі гол соқты.

rue623460a03b.jpg

Эмери «Валенсия» ойыншыларын өткен матчтарды қайта қарап шығуға шақыратын. Қорғаушы Мигел бірінші болып келіп, соңғы орынға отырып алатын, себебі сол жерден ұйықтау ыңғайлы. «Месси неге Рамимен бірге-бір қалды? Біздің алтыншы нөміріміз қайда? Неге көмектеспейсің? Неге бос аймақ қалдырасың?» Шамамен, осылай өтетін. Жартылай қорғаушы Хоакин Cadena COPE радиосына берген сұхбатында былай айтқан: «Эмеримен бірге видеоларды көп қарайтынбыз, тіпті, кейде попкорн алып келетінмін».

Эмери бес жылдың ішінде Испанияның үшінші лигасынан Чемпиондар лигасына дейін барды. Бірақ «Валенсиямен» қатарынан үш рет үшінші орын алған соң, басқа жерге ауысуға бел буды. Тіпті, бірнеше жыл ойнаған «Реал Сосьедадтан» бас тартты, себебі өзін Испаниядан шет жақта сынап көргісі келген. «Спартакпен» келісім-шартқа отырған Унаи артынша «Романың» қызығушылық танытқанын естіді.

ruedffbc64cd9.jpg

Мәскеуде жарты жылын өткізген соң, Эмери «Эспаньолдың» ұсынысын қабылдамай, екі апта демалыс алды да, «Севильяның» тізгінін ұстады. Клубтың спорт директоры Рамон Мончимен алты сағат келіссөз жүргізген соң, Эмери «Севильяны» чемпион қылғысы келетінін айтты. Бірақ команданы көріп қорқып кетті. Команда капитаны мен вице-капитаны өзара сөйлеспей, бір-бірін жау санап жүр, қорғаушы Спахич жартылай қорғаушы Рейесті өртеп жіберуге уәде берді. Ал неміс Троховскийге диагноз дұрыс қойылмай, ол бір маусымын жіберіп алды. Ең бірінші мақсат – осы ұжымды біріктіру. Эмери бір-екі жаттығуды алып тастап, орнына велосипед жарысын, кейін картинг өткізді.

2013 жылғы маусымды тоғызыншы орында аяқтады, бірақ «Севилья» Еуропа лигасына жолдама алды – «Малага» мен «Райо Вальекано» қарыздарының кесірінен еурокубокқа қатыса алмай қалды.

Жаңа маусым, тіпті, «тамаша» басталды: үш жеңіліс, екі тең ойын, соңғы орын. Сегізінші турда «Севилья» Франсиско Родригес (кезінде оны ашық сұхбаты үшін Эмери оны «Альмериядан» кетіргені есіңізде болар) жаттықтыратын «Альмериямен» кездесті. Он сегізінші орында келе жатқан «Альмериядан» ұпай жоғалтса, Эмери қызметінен кетіп, болашақта қатарынан үш рет Еуропа лигасын жеңіп алмас еді. Бірақ 92-минутта Иван Ракитич 1:1 кезінде жеңіс голын соғып, Унаи «Севильяда» қалды.

rue177c6f6c05.jpg

Дзюбаға ұқсас жағдай «Севильяда» да болды. Эмери форвард Карлос Бакканы қатты сынға алған, шабуылшы жауап ретінде оған тіл тигізді. Бакка жасында Пуэрто Колумбияда автобус тексерушісі болып қызмет еткен, оның Испанияға келуінің өзі ғажайып еді. Сондықтан, Карлос «Севилья» секілді жоғары деңгейлі командада қалай жүруді білген жоқ. Бірақ Эмери оны кешірді, көп ұзамай Бакканың дублі «Реалды» жеңуге көмектесті.

Еуропа лигасындағы алғашқы финалына Эмери «Валенсия» стадионында қол жеткізді, оған жанкүйерлер «Иттің баласы!» деп айқайлаған. Матч басында мұны естіген Унаидің ата-анасы стадионнан кетіп қалып, ойынды қонақүйде тамашалады. Үшінші финалы Базель қаласында өткен – «Ливерпульге» қарсы ойын, ағылшындар саны испандарға қарағанда айтарлықтай көп. Бірінші таймнан кейін 0:1 есебімен жеңіліп жатқан. Үзілісте Эмери былай деді: «Көз алдарыңа Севильяда жүргендей елестетіңдер, бұл «Санчес Писхуан», ал трибунада он мыңдаған жанкүйеріміз отыр деп ойлаңдар. Өз үйімізде жүрміз деп есептеңдер. Ал біз өз үйімізде ешқашан жеңілмейміз». Үзілістен кейін Гамейра есепті теңестіріп тастады, ал Коке дубль жасады. Мадридтегі жеңіс кешінде «Интерге» ауысқалы жатқан Эвер Банега Эмеридің ағасы Игорға бір бокал сыраны ұстатап, тост айтты: «Унаиды «Интерге» ауысуға көндіріңдерші».

«Интермен» бірге Эмери Еуропа лигасын тағы бір рет жеңіп алуы мүмкін еді. Алайда ПСЖ-ны таңдады. «Спартакта» қолынан келмегені Парижде орындалды – «Барселона» жеңіліспен қайтты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер