Блогбастер
Футбол

«Не жеңіліп, ақша табасың, не жәй ғана жеңілесің». Ол матчты сатудан бас тартты

«Не жеңіліп, ақша табасың, не жәй ғана жеңілесің». Ол матчты сатудан бас тартты
news-banner7
mobile-news-top

«Менің қолымда бомба тұр. Шын айтамын, бомба», - деп Жак Глассман телефонмен әйеліне сыбырлады. Ол Конде-сюр-л’Эско қонақүйінен хабарласып тұр, мұнда «Марсельге» қарсы ойынның алдында оның командасы «Валансьен» орналасқан. Жүктерді автобусқа тиеп жатқанда, Глассманды шабуылшы Кристоф Робер шақырып алды: «Марсель» ертең жеңу керек. Олар сені, мені және Хорхе Бурручаганы таңдады, біз оларға жеңісті қамтамасыз ету керекпіз». – «Қалжыңың ба? Оларға мұның не керегі бар? Бұлай мүмкін емес қой». – «Олар маған кешкі тоғызда хабарласады, сол кезде толығырақ білесің».

Глассман кешкі асын ішіп алып, теледидарды қосты: студияда Чемпиондар лигасының финалындағы «Марсель» – «Милан» матчын талқылап жатыр. Крисоф Робер есікті қағып, өзіне шақырды. Глассман ол жақта Бурручаганы көрді. Робер «Марсельдің» ұсынысын қайталады. «Жоқ, мүмкін емес. Бұлай істей алмайсыңдар», - деді Глассман. – «Мен шешімді қабылдап қойдым, ал сен қалағаныңды істе, - деді Робер. – Бірақ сен істемесең, басқа біреу істейді».

«Тыңдашы, - деді Бурручага. – «Валенсьенді» клуб деп атауға болмайды. Басшылық маған әлі де ақша қарыз. Клуб ұшып кетеді, енді келесі маусымда не істеймін?» - «Бірақ ертең жеңіске жетсек, орнымызды сақтап қала аламыз ғой», - Глассман қарсы шықты. Телефон шылдырлады. Робер тұтқаны көтерді де, Глассманға берді. Ол дауысты бірден таныды – «Марсельдің» қорғаушысы Жан-Жак Эйдели: «Чемпион болуымыз үшін ертең міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек, - деді Эйдели, - Чемпиондар лигасының финалына дайындалуымыз қажет. Бар күштеріңді салып ойнамасаңдар, «Марсель» сыйақысын дайындап отыр». – «Осы ісіңе сенімдісің бе? – Глассман таң қалды. – Сен, немене, ортада делдал болып жүрмісің? Жоқ, қабылдай алмаймын».

Эйдели тұтқаны «Марсельдің» директоры Жан-Пьер Бернэге берді. Бернэ ашуға мінгендей көрінді: «Қысқасы, көмектесесің бе, жоқ па? Жеңіске деген мүмкіндіктерің қанша? Оннан біреу. Сен жеңіліп, ақша табасың, немесе жәй ғана жеңілесің». – «Бірақ ұшып кетпеуімізге әлі де мүмкіндік бар». – «Мұны ертерек ойлану керек еді. Сендер ұшып кетесіңдер, сондықтан ойлан. «Мартигпен» қатынасым жақсы, олар келесі маусымда 1-лигада өнер көрсетеді, сені сол жақта ойната аламын».

rue1c72659651.jpg

Хорхе Бурручага

Кейін Бернэ Бурручагамен сөйлесті. Бірнеше жыл бұрын ол Бернэні Марадонамен кездестірген еді, бірақ ақша түгілі, алғысты да ала алмады. Әңгімені Робер аяқтады: «Жақсы, бәрін істейміз». Робер тұтқаны қойды да, жағдайды түсіндірді: аванс ретінде үш жүз мың франк, кейін бір аптадан соң Сент-Этьенде тағы да сонша сома. «Тек ешкімге ештеңе айтпаңдар. Әсірсе әйелдерге!» - деді Бурручага. «Мен қарсымын, - Глассман әлі де берілген жоқ. – Ескертемін, мұны ішімде сақтап жүрмеймін». Робер де Бурручаганың кеңесіне келіскен жоқ. Ол әйеліне хабарласып, «Марсель» орналасқан Novotel Valenciennes қонақүйінен ақшаны алып кетуді сұрады.

Глассманн өз бөлмесіне оралды. Ертеңіне жаттығу мен түскі астан соң ол «Валансьенның» бапкері Боро Приморацқа барды. «Жак, олар жәй ғана жүйкемізге тиіп жатыр, - Приморац «Марсельдің» ұсынысына салмақты қарамады, - ойыншы кезімде мұндай жағдай менде де болған. Нөміріңе бар, демал, ұйықтап ал». Ойын алдындағы жиында Глассман Приморацтың Бурручага мен Роберді негізгі құрамға қойғанын естіді. «Мүмкін, бапкердің де қатысы бар шығар?», - деп сұрады оның бөлмедегі көршісі Фернье. «Мүмкін емес. Эйдели мен Бернэ ол туралы ештеңе айтқан жоқ».

rue8c0eec20f4.jpg

Кристоф Робер

Стадион. «Жак, өлген адамға ұқсап қалыпсың ғой, - деді массажист Паскаль Гуэри, - Қобалжып отырмысың?» - «Мен емес, басқа адамдар қобалжу керек». – «Басқа дегенің кім? Не боп қалды?» - «Ойыннан кейін білесің». Кешкі сегізде Глассманн ойын алдындағы жаттығуға шығып, трибунадан әйелі Одриді көрді де, тынышталды. Ойын жарты сағаттан соң басталған. Бірінші таймның ортасында Кристоф Робер Эрик ди Мекомен қақтығысып, құлап қалды. Оған көмек көрсетіліп жатқанда «Валансьен» он адаммен ойнады – осы тұста «Марсельдің» шабуылшысы Ален Бокшич есеп ашты.

Үзілісте «Валансьеннің» президенті мен директоры Мишель Коанка және Жан-Пьер Тампе қарсыластың ойыншыларды сатып алуға тырысқандарын хаттамаға жазып қоюды сұрады. Бокшичтің голынан соң есеп өзгерген жоқ, ал ойыннан кейін Глассманнды төрелікке шақырды. Жак Эйдели мен Бернэнің айтқандарын қайталап берді. Қасында «Марсельдің» басшысы Бернар Тапи тұрған: «Оның Бернэ болғанына сенімдісің бе? Онымен таныссың ба? – Тапи шабуылға көшті. – Бұрын онымен сөйлесіп пе едің өзі? Даусын білесің бе? Жоқ па? Ендеше мұның бәрі ақымақтық». Төреліктен шығып, Глассманн душқа барды. Жолда Жан-Жак Эйделимен көз арбасып өтті.

Олар алғаш рет «Турда» кездескен, ол жаққа Глассманн кездейсоқ келген еді. Жалпы, футболдың өзіне кездейсоқ келді. Әкесіне балет сыныбына апаруды сұрап жүрген, бірақ әкесі қарсы болды: «Бұлай қалжыңдама». Сөйтіп, туған қаласы Мюлузаның командасында ойнап жүріп, «Страсбур» мен «ПСЖ» скауттарының көзіне түсті. Үйіне жақын болған соң «Страсбурді» таңдап, он алты жасында УЕФА Кубогында алғашқы матчын өткізді. Кейін сол маусымда тұңғыш рет Валансьенге барды. «Страсбур» Франция кубогының екінші кезеңіндегі матч үшін сол жаққа пойызбен аттанған. Жаңбыр, жел, стадион қызметкерлері жұмыс істеуден бас тартып, алаң батпақ боп жатыр, соған қарамастан 4:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ вокзалда ол автоматтан шоколад сатып алған, жақпай қалса керек, түнді өз вагонының әжатханасында өткізді. Сол кезде Валансьенге ешқашан оралмаспын деп уәде берген еді.

rue950244b01d.jpg

Боро Приморац пен Жак Глассманн

Бір жылын Страсбург-Анцхеймның әскери-әуе базасында өткізіп, Глассман өз клубының талабы бойынша Ұлттық футбол институтына құжаттарын тапсырған, бірақ математикадан емтиханда құлап қалды. «Страсбур» президенті айыппұл салмақ болды, ал бапкері Глассманнды қорқаққа теңеді, бірақ жартылай қорғаушы Франсис Пясецки оны жақтады: «Ол мұнда түкке қажетсіз диплом алу үшін емес, футбол ойнау үшін келді». Келесі маусымда жалақылар кеш беріле бастады, сөйтіп, футболшылар басшылықпен кездесті.

1982 жылы Глассман жаттығу кезінде қауіпті жарақат алып, жарты жылын өткізіп алды. Қызы Летицияның дүниеге келуі қуантқанымен, алаңға оралуға көмектесе алған жоқ. «Страсбур» бапкері Юрген Зондерманнан мүмкіндік ала алмай, ол Раймон Доменек жаттықтыратын «Мюлузға» қайта оралды. Үш жыл бойы олар жоғары көтерілуге тырысқандарымен, бірінші лигаға шыға алмады. Сөйтіп жүргенде, «Мюлуздің» бюджеті қысқарып, Глассманн жұмыссыз қалды.

Агенті Милан Радованович жаңа клуб таба алмады, сондықтан Глассманн жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыны алу үшін әлеуметтік қызметке барды. Үш аптадан соң оған «Турдың» бапкері Ивон Жубло хабарласты: жарақат көп, қорғаушы керек, жалақы – жиырма бес мың франк. Бұл «Мюлуздегі» айлығынан екі есе аз, бірақ жиырма бес жасында жұмыссыз қалудан қорыққан Глассман келісім берді. Орли әуежайының холлында біржылдық келісім-шартқа отырып, келесі күні тағы бір жаңа қорғаушы Жан-Жак Эйделимен бірге «Лионға» қарсы ойнады. Сол маусымның басында париждік адвокат Жан-Луи Барло Глассманға елу мың франк жалақы мен Бірінші лигаға көтерілу мүмкіндігін ұсынды. Көктемде Жан-Луи Барло «Валансьенді» басқарып, Глассманды сатып алды.

ruea6dd7deea3.jpg

Жан-Луи Борло мен Бернар Тапи

Бірінші әйелімен ажырасқан соң, ол Валансьенде Одримен кездесті, кезекті жеңілістен соң үйіне қайтып бара жатқан еді. Екінші маусым өтіп жатыр, Бірінші лигаға жақындаған да жоқ. Бірақ жаңа бапкер Франсис Смерецкидің келуімен «Валансьен» қатарынан жиырма төрт матч бойы жеңілген жоқ. Қыста командаға жаңа футболшы Даниэль Дилю келді. Дилю алаңға шыққан алғашқы матчта-ақ жеңіліссіз серия тоқтап қалды – команда «Ред Старға» жол берді. Смерецкимен кездескен Глассманн өз ойын білдірді: «Дилю жақсы ойыншы, бірақ жеңіске жетіп жүрген құрамды өзгертудің керегі жоқ». – «Бұл не, бүлік пе? Окей. Дилюді құрамнан алып тастаймын, бірақ сен 1-лигаға шығатынымызға уәде бер».

Келісті. Сәуірде команда Валансьен мэриясында жоғары лигаға көтерілгендерін тойлады, ал жазда клубқа жаңа ойыншылар келді – орталық қорғаушы Арнольд Остервера, жартылай қорғаушы Бурручага және шабуылшы Робер. Команда маусымды үш жеңілістен бастады. Смерецки орнынан кетіп, Приморац келді. Бірақ жағдай түзелген жоқ, ұшып кетпеудің бір ғана амалы қалды – Еуропаның ең азулы командасы «Марсельді» жеңу.

rue6f82be5d93.jpg

«Балаларымның атымен ант етемін, Глассманн бәрін ойдан шығарды, - деді Бурручага командалық жиында. «Марсельден» жеңілген соң жиында олар ойынды емес, Глассманның ойыншыларды сатып алу туралы сұхбатын талқылап жатқан. – Оның айтқандары жалған. Ол өтірікші».

Бірнеше күннен соң «Марсель» Чемпиондар кубогын жеңіп алды, ал «Валенсьен» жоғары дивизионда қалу үшін «Каннмен» матч өткізетін болды. «Валансьен» жеңіліп қалды, ал матч бойы фанаттар «Glassmann, téléphone – Glassmann, téléphone!» деп айқайлап шықты. 24 маусымда Кристоф Робер тұтқындалды – әпкесінің бағынан ақша салынған конверт табылды. Валансьендегі ең қымбат дүкендердің бірінде Бурручаганың әйелі он мың франкқа киім алғаны белгілі болды. Жан-Жак Эйдели үш күн бойы тіс жармағанмен, кейін Глассманнмен телефонмен сөйлескенін мойындады.

rueee69eddeba.jpg

Марсельдік жанкүйерлер

«Марсель» чемпиондық титулдан айырылып, келесі маусымда Чемпиондар лигасына қатыстырылмады – кейін команданы екінші лигаға түсіріп тастады. Глассман маусымға «Валансьеннің» жаңа бапкері Брюно Метсюмен бірге дайындала бастады. Күніне үш рет жаттығу, арасында – сұхбат. Төменгі лигаға ұшып кеткен соң, Глассманның жалақысы он пайызға қысқартылды, ал бірінші турда Ниццаға барардың алдында Метсю былай деді: «Сен осында қаласың. Егер сен бізбен бірге барсаң, Теңіз жағалауындағы Альпі Префекті біздің қауіпсіздігімізге кепіл бола алмайды – саған қатысты қоқан-лоқы жасалып жатыр».

Маусымның ортасында Геньонда он жеті жасар жанкүйер оған «Жак Глассманн» деген жазуы бар картоннан жасалған табытты берді. Маусымның аяғында Алесте үзіліс кезінде Глассманнға тиындар лақтырылды. Қайда барса да, оны «Марсель» жанкүйерлері аңдумен болды.

Маусым аяқталды, «Валансьен» үшінші лигаға түсіп қалды. Бірде Жак La Voix du Nord газетінен оның клубқа керек емесі жөнінде ақпаратты оқыды. Жак әйелімен бірге бүкіл Францияна шарлап шығып, өзіне клуб таба алмады. Польша, Малайзияда, АҚШ және Кипрден хабарласқан, бірақ жалақылары тым аз болды немесе оның жасы 33-те екенін естіген бойда қоштаса салатын. 1995 жылы Глассман жақсы ұсыныс алып, жасөспірімдерді жаттықтыру үшін Питон-де-ла-Фурнез жаңартауына жақын орналасқан Реюньон аралына ұшып кетті.

rue9c2ecc3709.jpg

Бернар Тапи мен Жан-Жак Эйдели

Сәуірде сот басталды. Жан-Пьер Бернэ Тапидің тапсырмаларын орындағанын айтып ақталды, сайып келгенде одан басқасының бәрі кінәлі болып шықты. Отырыстың үзілісінде Глассманн әжетханаға барған. Жабық. Темекісін тұтандырып тұр еді, әжетхана есігі ашылды – Бернар Тапи екен. «Темекіні көп шегесің бе?» – деп сұрады Тапи. - «Кейде күніне бір қорабын». – «Мұның жаман, - деді Тапи қолын жуып жатып. – Жүгіре алмай қаласың ғой. Кедергі келтірмей ме?» - «Жоға». Сол сәтте Тапи тақырыпты өзгертіп жіберді: «Оның айтып отырған сөздеріне сотты сендірмеу керек. Олай жасатпаймыз». Тапи Бернэ туралы айтып тұр, Глассманн екеуі бір командада секілді сөйледі.

Отырыс қайта жалғасқанда сот Глассманнға сұрақ қоя бастады, ол Тапиді кінәлап шықты: «Марсельдің» жанкүйерлері мені жек көреді, себебі мен олардың армандарын бұзған екенмін. Бірақ оны бұзған мен емес, Бернар Тапи». – «Бұлай айтатындай сен кімсің? – Тапи айқайлап жіберді. – Егер жақсы футболшы болсаң, «Марсельде» ойнар едің».

Кейін Тапи «Марсельде» істеген жұмысы кезінде ойыншылар мен төрешілерді сатып алу үшін 5,3 миллион франк жұмсағаны анықталды. Ол екі жылға бас бостандығынан айырылып, елу мың франк айыппұл төлейтін болды. Кристоф Робер футболды тастап, вино жасаумен айналыса бастады. Ал Хорхе Бурручага екі жылға футболдан шеттетіліп, кейін аргентиналық «Индепендьентеде» ойнады да, бапкер болып кетті. Жан-Пьер Бернэ болса, тоқсаныншы жылдардың соңына дейін психиатриялық ауруханада емделіп, артынша футбол агенті болды.

rue7f0f733d09.jpg

Жан-Пьер Бернэ

Жан-Жак Эйдели бір жарым жыл бойы футболдан шеттетіліп, «Бенфикаға» кетіп қалды да, он жыл бұрын кітап жазып шықты – «Мен енді ойнамаймын». Бұл кітапта «Марсель» басшыларының «Миланға» қарсы финалдық матч алдында барлық ойыншыларға допинг бергені ашық жазылды.

«Марсельдің» парақорлығын жария еткенімді мақтан тұтпаймын», - деп жазды Глассманн өз кітабында. – Менің жағдайымда кез келген адам осылай істеу керек болатын. «Валансьенмен» еңбек келісімім бар еді, демек басшылық, бапкер, әріптестерім мен жанкүйерлер алдында міндетім болды. Мен оларды да, өзімді де сатып кете алмадым».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер