Блогбастер
Футбол

«Сол есікті неге сындырғанымды білмеймін». Басқа жаққа секірген қақпашы

«Сол есікті неге сындырғанымды білмеймін». Басқа жаққа секірген қақпашы
news-banner7
mobile-news-top

Финалдың алдында Ежи польшалық достарымен кездесті. Олар Дудекпен бірге бүкіл Еуропаны шарлап шығып, туған қаласының баннерін барлық жерге іліп жүрген. Стамбулдық қонақүйде кездескен кезде Ежи оларға билеттер беріп, суретке түсті де, қоштасуды білтіргендей кеудесін соқты. «Бұның не?! - достарының бірі Лукаш айқайлап жіберді. - Жақында боксшы Голота да фанаттарын осылай қарсы алған». - «Оған не бопты?» - «Оны елу бесінші секундта құлатып тастады!» - «Ақымақтық, футболда нокаут болмайды», - деді Дудек күлімдеп. Келесі күні Мальдини соққан голдан кейін ол бірден таблоға қарады – елу үшінші секунд. Киім ауыстыратын бөлмеге 0:3 есебімен кірді. «Уайымдама, әлі екінші тайм бар», - қақпашылар бапкері Хосе Очоторена жұбатқандай болды. Бас бапкер киім ауыстыратын бөлмеде ойыншыларды тыныштандырып, енді тактика туралы сөйлей бергенде, төрешінің ысқырығы естілді: алаңға оралу керек.

rue19fe252e96.jpg

Ежидің өмірінде Чемпиондар лигасының финалы болмауы мүмкін еді. Кенжесі дүниеге келген соң Дудектің анасы Рената әпке-сіңлілерін қонаққа шақырды. Екі жасар Ежи үстел айналасында ойнап жүріп, ыстық кофені үстіне төгіп алды. Жан айқайы шығып, есінен танып қалған. Ауруханада оны қабылдағысы келмеді: «Немене, өлген баланы алып келгенбісіңдер?». Дудекті дәрі тамызғыш астына алып, бір айдан кейін ғана шығарды. Анасы айтарға сөз таба алмады: баласы мумия секілді бинттермен оралып тасталған. Осылай болу керек екенін түсіндірді, бір аптадан соң шешіп тастау қажет. Дудектің қасында медбике болды. Күйікке қарсы май әкеліп, оның бинтке қарағанда пайдалырақ екенін айтты. Ауруханада қатты таң қалды: оған не істегенсіңдер, қалай тез жазылып кетті? «Оны үйімізге ертерек алып кету керек болды», - деді Рената. Сол кезден бастап ол үйінде кофе шынаяғын ұстамайтын болды. Ежиде үшінші деңгейлі күйік болған еді. Ұзақ уақыт бойы бинтке оранып жүрді, терісі жарыла бастады. Бала кезінде денесіндегі тыртықтардан ұялатын – әсіресе екіге бөлініп, бір команда жейдесіз ойнау қажет болғанда. Жиырма жылдан кейін оған хирургиялық жолмен тыртықтарды алып тастау ұсынылған. Ежи бас тартты.

Он екі жасында таудағы өзенде шаяндарды ұстап жүріп, құлап кеткен. Батып бара жатқан оны сыныптастары құтқарып қалды. Үйіне жұмыстан келе жатқан кеншіге ұқсап қайтты. Содан бері шаян ұстамайтын болды, ал құтқарып қалған сыныптастары үздік достары атанды. 1993 жылдың желтоқсанында олар жаңа жылда Балтық жағалауына кетіп қалды. Мерекеге үйіне қайтып бара жатқан сарбаздармен бір пойызда болған. Ежи пойыздың мейрамханасында төбелесіп жатқан екі әскериді көріп қалды. Солардың бірі қолына пышақ ала бергенде, Дудек ұстап қалды: «Көп ішіп қойдың, демал». Сол сәтте төбелестің екінші қатысушысы мейрамханадан шығып кетуді қалаған, бірақ сырттан жаңағы «пышақтасушының» таныс қыздары есікті жауып тастады. Ежи бел буды: көмектескен соң, соңына дейін көмектесу керек деп ойлады да, амалын тауып, солдатты сыртқа шығарып жіберді. «Сол есіктің терезесін неге баспен ұрып сындырғанымды білмеймін. Сыраны көп ішіп қойған шығармын», - деп еске алады Дудек.

Үш жыл бұрын Дудек кеншілер училищесінде оқып жүріп, кнуровалық «Гурниктің» жасөспірім командасында ойнады. Тәжірибе уақыты басталғанда, Ежи төрт сағатын кенде өткізетін, кейін түскі асын ішпей, стадионға тұра ұмтылады. Медициналық тексерістен соң гемоглабин деңгейі төмендеп кеткені анықталды. Қаны аз. «Бұл қауіпті ме? - бапкер Адам Тапала қорқып кетті. - Мүмкін, оған витамин береміз?» - «Күн сайын түскі асын ішіп тұрса, бәрі орнына келеді. Ал әзірше ауруханада жатады». - «Бірақ жақында Гливицада жылдың маңызды матчын өткіземіз ғой» - «Ол қатыса алмайды». Дудек бапкерін сабасына түсірді: «Жексенбіде мен серуенге шығамын, ал сіз жейдемді алып, мені көліктің ішінде күтіңіз». «Гурник» 2:1 есебімен жеңді. Ойыннан кейін Ежи пижамасын киіп алып, ауруханаға қайта оралды да, медбикелерге ұзақ серуендегенін айтты. «Гурниктің» негізгі командасында төртінші қақпашы болған соң, Ежи трибуналарды тазалап, көгалды тегістеп, көмір таситын. Кейін кен орны футболшыларға қаржы бермейтін болған соң, ол үшінші лигада ойнайтын «Конкордияға» ауысып кетті.

ruee5ce87f9ab.jpg

Жаңа 1996 жылдың алдында Дудек шағын-футболдан турнирге қатысты. «Милано» атты түнгі клубтың командасында ойнап, үздік қақпашы атанды да, үнжазба жеңіп алды. Төрт айдан соң Ежи жаңа клубы «Сокул» сапында жоғары лигада дебютін өткізді – Чемпиондар лигасының ширек финалында «Панатинаикосты» ұшырып жіберген «Легияға» қарсы матч. «Қандай командамен ойнайтынымызды қарашы», - деді алаңға шығардың алдында «Легия» қақпашысы Мацей Шченсны, бірақ әріптесі оны түсінген жоқ. «Бұл бірінші ойының ба?» - Дедукке сұрақ қойды. Ежи басын изей салды, толқыныстан аузы ашылар емес. - «Ендеше сәттілік, балам». Дудек екі гол жіберіп алды, бірақ шолуда оны көп мақтады, әйтсе де, сол жылы алғашқы жалақысын үш айдан соң ғана алды. Клуб басшысы Буллерге жақын арада үйлену тойы екенін, қарыздарын қайтару керегін түсіндірді. Аз ғана ақша алған соң, командада жасы ең кішкентай Дудек бапкерінен сұрады: әріптестеріне тойдың құрметіне сыра сатып әперсе бола ма? «Иә, бірақ бір ғана бөтелкеден». Дудектің сыйлығын әріптестері жылы қабылдап, оны түнгі барларға алып кетті. Ежи ертеңгісін алғысын жаудырды: «Бұлай көңіл көтере алатындарыңды білмеппін» - «Эх, Ежи-Ежи, біз бұлай апта сайын көңіл көтереміз». - «Бірақ біз ұшып кетейін деп тұрмыз ғой» - «Сол себепті ұшайын деп тұрмыз емес пе? Есесіне, біз елдегі ең тату командамыз. Енді сен де бізбен біргесің». Соңғы турда «Сокул» «Катовицені» 1:0 ұтып, жоғары лигада қалды.

1996 жылдың 15 маусымында Ежи сүйіктісі Мирелламен отау құрды. Той таңғы бесте ғана бітіп, үш сағаттан соң Ежи Варшаваға аттанды, сол жақтан польшалық жастармен бірге Оңтүстік Америкаға ұшады – Бразилия және Аргентинаға қарсы ойындар күтіп тұр. Оралып үлгермеді де – негізгі құраманың Быдгощада өтетін жолдастық кездесуіне шақырылды. Артынша агенті Ян де Зеув оған «Фейенордта» байқаудан өтуге ұсыныс жасады. «Әйелімді алып кетуге бола ма? Көрмегеніме бір ай болды». - «Жоқ, келісім-шарт ұсынса, алып кетесің». Ежи шетелге жалғыз өзі шығып көрмеген еді. Ян де Зеув Дудекті «Фейенордтың» бапкері Джонни Метгодпен кездестірді: «Мына жігіт өз командасының жейдесін ұмытып кетіпті. Артық біреуін бере аласыздар ма?» - «Жақсы, бірақ ол бір бөтелке арақ қарыз болады». Голландияға олар «Сокулмен» бірге келгендіктен, арақ тез табылды. Дудек жарты жылдан соң Роттердамға келіп, Роналд Куман, Хенрик Ларссон мен Джованни ван Бронкхорстпен бір апта жаттығу жасаған соң, «Фейенордпен» бесжылдық келісім-шартқа отырды.

Жанкүйерлермен кездесу жақындап келе жатқан. Дудек пен тағы төрт жаңа ойыншы тікұшақпен «де Кюйп» стадионына қонды. Арена үстінде жиырма айналым жасаған соң, Ежи парашютті қолына алып, тікұшақтан секіріп кетуге дайын болды – әйтеуір, қонып, жанкүйерге толы трибунаны көрді. «Шыққан кезде, қолдарыңды көтермеңдер». Алдыңда елу мың жанкүйер тұрғанда қалайша қолыңды көтермейсің? Бірақ алаңға түскен соң Ежи бұл кеңестің мағынасын түсінді – тікұшақтың қалақтары әлі айналып тұр екен. Артынша – Алматы, Қазақстан президентінің кубогы. Үшінші орынға таласта «Флуминенсені» оңай жеңген соң Куман екі форвард, Таумент пен Фосты түнгі клубқа алып кетті, ал бапкер Ари Хан оны мейрамхананың барында күтіп отырды. Куман таңғы төртте оралды, бапкермен амандасқан соң, лифтке кетіп қалған. Бірақ жаттығуда Хан сол үшеуін екінші командаға жіберді. Екеуі келіскенмен, Куман Ханды киімінен ұстап алып, айқай салды: «Мені ме? Қосалқы құрамға? Үйге қайтамын!» Кешке Дудек теледидардан тікелей эфирде Куманның үйін көрді. «Қазақстанда қонақүйге таңда келгеніңіз рас па?» - «Иә, бірақ бапкер де барда отырды».

ruefe22c74123.jpg

Де Гуй «Челсиге» ауысқан соң Дудек «Фейенордтың» негізгі қақпашысы атанды. 1999 жылдың көктемінде клуб чемпионатта көш бастап келе жатты, біріншіліктің аяқталуына бес тур қалғанда өз алаңында «Бреданы» ұту керек болатын. Таңда Ежи салтанатты шараның жоспарын көрді.

15:00 – «Бредаға» қарсы ойынның басталуы
17:00 – титулды табыстау рәсімі
17:15 – құрмет айналымы
17:30 – алаң ортасында жанкүйерлерге алғыс білдіру
17:35 – киім ауыстыратын бөлмеге түсу
18:15 – Роттердам орталығына аттану
18:45 – мэрияның қабылдауы
19:15 – Мэрмен бірге чемпиондықты тойлау
22:30 – әйелдермен бірге таңға дейінгі кешкі ас

Бәрі де осындай жоспарды ойлап жүріп, жеңіске жетуді ұмытып кетті. «Фейенорд» сапында Йон Даль Томассон мен Хулио Крус гол соққан, бірақ «Бреда» Дмитрий Шуков пен Арчил Арвеладзенің көмегімен тең түсті. Таблода оларға қолайсыз тең есеп тұр, бірақ екінші орындағы «Витесс» одан да қолайсыз нәтижеге қол жеткізді - «Неймегенге» жол берді, сөйтіп, «Фейенорд» чемпион атанды. Жанкүйерлердің алдына шыққан соң, қорғаушы Ульрих ван Гоббел микрофонды қолына алды да, «Кім секірмесе, сол еврей!» («Еврейлер» - «Аякстің» лақап аты, сол кезде «Фейенордтан» 24 ұпайға қалып қойған) деп айқайлап жіберді.

Ван Гоббел екі ойынға жазаланды, ал сол чемпиондық кештен кейін бір аптадан соң «Фейенорд» «Аяксқа» 0:6 есебімен жол берді.

Күзде Чемпиондар лигасында «Челсиге» қарсы ойын өтті, Дудек бірінші рет ағылшынның Mitre атты добымен ойнап, алғашқы соққыдан кейін тобығын созып алды. Бапкер Бенхаккер Ежиге соңына дейін ойнауды өтінді – қосалқы құрамдағы Графланд әлі бала, 19 жаста, - массажист аяғын бинттеп берді, Дудек шыдады, бірақ «Фейенорд» 1:3 есебімен жол берді. Ал Бенхаккер осы жеңілістің себептерін талқылау үшін жиналыс өткізді. Ертеңіне командалық әңгіме газет беттеріне шығып кетті, Бенхаккер қорғаушы ван Вондеренді кінәлаған, оған хавбек Босфельт тұра ұмтылды, нәтижесінде бірінің мұрны сынса, екіншісі көзін ауыртып алды. Ал Бенхаккер күтпеген шешім шығарды: ойыншылар бір-бірі үшін емес, бір-біріне қарсы күресіп жатса, бапкерге кету керек.

Бір-екі айдан соң голландиялық футбол одағы жылдың үздік ойыншыларына жүлделер табыстады. Ал Ежи қара терге түсті, себебі Эдвин ван дер Сар және Сандер Вестерфелдпен бірге отыр. Үздік қорғаушыға жүлде табыстаған Франк Райкард сахнаға шығып бара жатып, Вестерфелдке көзін қысып кетті. Дудек те сабасына түсті – ол үздік атанбайды, сондықтан көптің алдына шығып, сөйлеудің де керегі болмайды. Вестерфелд – мықты қақпашы, «Ливерупльге» ауысады, соның үздік атанғаны ақылға сыйымды. Бірақ жетпісінші жылдары ПСВ-ның қақпасын қорғаған Ян ван Беверен сахнаға шығып, Дудектің үздік атанғанын айтты.

Жарты жылдан соң De Telegraaf газеті тағы бір жүлде берді – бұл жолы чемпионаттың үздік ойыншысы. Барлық жүлделер өз иелерін тауып кетті, біреуі ғана қалды – Алтын бутса. Бірақ оны ешқашан шетелдік ойыншыларға бермейтін, сондықтан қобалжымауға да болады. Дудектің ойын жүргізушінің сөзі бөліп жіберді: «Ежи, сахнаға шығуыңызды сұраймын. Сізге хат келді. Оқисыз ба?» - «Голланд тілінде болса, қиындау». - «Жолыңыз болған екен – поляк тілінде». - «Кімнен?» - «Рим Папасынан». Дудек мұның тек сценарий ғана болғанын түсінді – зал күліп жатыр, ол да күлімдеп, конвертті ашты. Көз алдында ІІ Иоанн Павелдің (немесе Войтыль Карольдің) хаты тұр: Роттердам епископы польшалық қақпашыны голландиялық лиганың үздік ойыншысы атануымен құттықтайды.

rue5ded0c3045.jpg

2001 жылдың мамырында Ежи мен агент де Зеув Лондонға ұшты - «Арсеналмен» келісім-шартқа отырмақ. Арсен Венгер жаттығу орталығын көрсетті, кейін «Хайбери» стадионының алаңын қарады, вип-ложаға көтеріліп, вице-президент Дэвид Динмен бесжылдық келісім-шарт туралы ақылдасып қойды. Роттердамға оралған соң Ежи үш апта бойы ағылшын тілін үйренді, кейін «Фейенорд» басшысы Йорьен ван дер Хериктің трансферден бас тартқанын естіді – ол он миллион еуро сұраған, ал «Арсенал» алты миллион ғана беруге дайын. Венгер «Ипсвичтен» Ричард Райтты сатып алды, ал Ежи «Фейенордқа» қайта оралды.

26 тамызда Ибрагимович пен ван дер Варт гол соғып, Ежидің көңіл-күйін түсіріп тастады. «Фейенорд» өз алаңында «Аякске» жол берді – бұдан жаман не бар, - бірақ ойыннан кейін агенті Дудекті «Ливерпуль» бапкерлері Жерар Улье және Фил Томпсонмен кездестірді. Агенті бірден ескертті: «Интерден» Массимо Моратти хабарласқан, оған да қақпашы керек, сондықтан таңдау жасауға болады. Дудек бірден таңдады. Германияда болған турнирдің бірінде ол «Ливерпульдің» мойынорағышын алып келген болатын, он жыл өтсе де, ең қымбат сыйлық осы, әлі де ұмытқан жоқ. «Ливерпульдің» дәрігерлеріне көрінген соң, Ежи өз құрамасымен бірге Норвегияға қарсы ойынға дайындығын бастап кетті. Матчтың алдында әйелі хабарласты: «Радиода сенің медициналық тексерістен өте алмағаныңды айтты. Не болды?» Сөйтсе, қан сараптамасын алуға ұмытып кетіпті. Дудек Варшавада қан тапсырып, нәтижесін Англияға факспен жіберді - «Ливерпуль» трансферді жасап үлгерді. Норвегияға қарсы ойыннан кейін польшалық журналистер «Ливерпульдің» қорғаушысы Йон-Арне Риисеге сұрақ қойған. «Дудек? Ол кім? - Риисе таң қалғанын жасырмады. - Қақпашы ма? Бізде қақпашы бар ғой».

Ливерпульге жеткен соң Дудек әуежайда Вестерфелдті кезіктірді – Риисе айтқан қақпашы сол еді. Вестерфелд те құрамасынан келе жатқан, ол да таң қалды: Улье жаңа қақпашы алмаймын деп уәде беріпті. Жаттығуда бапкердің бәрін алдап соққаны белгілі болды: «Ливерпуль» «Ковентриден» Крис Киркландты сатып алыпты, тіпті, ол үшін Дудектен де көп ақша берген. Бірақ Ежи Вестерфелдтен де, Кирландтан да үздік болып, өзара бәсекеде жеңіске жетті. Бірақ «МЮ-ге» қарсы ойында келеңсіз гол жіберіп, ешкіммен кездеспей қойған болатын. «Өмірімде бірінші рет үйдің есігін жауып алып, арақ ішіп, бәрін ұмытқым келді», - деп есіне алды кейін Дудек.

rue03576ab6ee.jpg

Жағдайдың осылай өрбігені Ежидің досы Кшиштоф Бизацкидің көңілінен шыққан жоқ. «Жылауды қой, Дуди. Сен «Гурникте» одан да жаман голдарды жібергенсің». Үш күннен соң Улье Ежиді «Ипсвичке» қарсы кубоктық ойынға әдейі шығарып, «Ливерпуль» пенальти сериясында жеңіске жетті. Ол тұңғыш рет фанаттардың «Дудек, Дудек» деп айтқайлап жатқанын естіді, ал жартылай қорғаушы Салиф Диао жейдесіндегі жазуды көрсетті: «Ежи, сен ешқашан жалғыз болмайсың». Үш айдан соң «Ливерпуль» Лига кубогының финалында «МЮ-ді» жеңді, ал Дудек матчтың үздік ойыншысы атанды.

Бухарестте «Стяуаға» қарсы ойыннан соң бапкер Сэмми Ли бәрін матчтан кейінгі дайындыққа шақырды, бірақ Джеррард алаңға оралудан бас тартты – жел тұрып, жаңбыр жауған. Улье келісіп, көмекшісінің бұйрығын қайтарып алды. Чемпионатта «Ливерпуль» сегізінші орында келе жатқан, ал Улье бар кінәні ойыншыларға жапты: «Траоре! Сенімен келісім-шартты ұзартқан соң жаттығуды қойдың. Мерфи! Сен шал секілді жаттығасың. Зейнетке кетпекпісің? Дудек! Қанша қате жібердің? 2002-нің қарашасы - «Мидлсбро». Желтоқсан - «МЮ». 2003-тің наурызы - «Тоттенхэм». - «Үш жылда анау айтарлықтай көп емес» - Ежи де қарсы шықты. - «Лига кубогының финалында үздік атанған соң жұлдызбын деп ойлап жүрсің бе? Біліп қой, Киркландтың денсаулығы жақсы болғанда, финалда сол ойнар еді».

Жаттығу кезінде Стивен Джерард екінші бапкер, клубтың аңызы Томпсонға дауыс көтерді: «Маған алаң ортасында қалай ойнауды үйретпе!» Жаттығу жалғасып жатыр: «Стиви, сол жаққа ығыс!» - «Кет әрі! Айқайлай берме маған». Улье екеуінің ортасына түсті, бірақ Джеррардты емес, Томпсонды тыныштандырды. Келесі жаттығуға сенегалдық вингер Эль-Хаджи Диуф кешігіп келген. Томпсон: «Айыппұл – жүз фунт». - «Кет әрі!» - «Не дедің?» - «Джерардтың кешегі сөзін айттым».

Жаңа бапкер Рафа Бенитес қақпашының қорғаушыларға жақын болып, аяқпен көп ойнағанын қалады. Дудек жаңа жүйеге бірнеше айын жіберді, сөйтіп, Киркланд пен жаңа қақпашы Скотт Карсонды қосалқы құрамда қалдырды.

ruee15ce5e1ca.jpg

Жаздағы алғашқы жаттығуда Ежи Бенитестің негізгі қақпашы рөліне Пепе Рейнаны қоятынын естіді. «Бірақ саған кубоктарда мүмкіндік беремін», - деп Раф уәде берді.

2006 жылы Ежидің екі қызы дүниеге келді, 23 қаңтарда және 28 желтоқсанда. Бірақ одан басқа қуанатын ештеңе жоқ – кейде қосалқы құрамда қалады, кейде жарақат алады. Бенитес оны соңғы турда алаңға шығарды, себебі Рейна үйлену тойы үшін Испанияға кетіп қалған еді. Бірақ Ежидің тізесі ауырып тұр – қалай шығады? «Рейнаға өз тойыңа бара алмайсың деп айтайын ба?» - деді Бенитес. Дудек алаңға шығып, кейін қақпашылардың бапкері Очоторена оған қосымша демалыс берді.

Пепе Рейна «Ливерпульдің» жаңажылдық кештеріне жаңа дәстүр қосып, Құпия Сантаны шығарды – жасырын түрде бір-біріне сыйлық береді. Мысалы, Риисе Джеррардтан «Менің сүйікті фанатыма» деп жазылған постер алса, Дудекке балет жинағы сыйға берілді. Бұл кештерге ойыншылар маскарадты киімдермен келетін: 2007 жылы Хююпя Зорро болса, Кроуч үлкен тотықұс, Робби Фаулер Саддам Хуссейннің киімімен жүрді. Ал Дудек Дарт Вейдерді таңдады.

Көп ұзамай Дудек басқа клубқа ауыспақ болды. «Ливерпульден» «Бетиске» кетіп қалған Марк Гонсалес оны өз клубына шақырды: «Бізге қақпашы керек. Бұл тамаша клуб. Сен бапкерге қажетсің. Сенің осында тұрақтауыңа көмектесемін». Дудек Севильяға ұшып келді, бірақ «Бетистің» басшысы Хосе Леон шыққан жоқ, тек хатшысы ғана келіп, келісім-шарт ұсынды. Сол күні «Бетистің» португалиялық Рикардуды сатып алғанын естіді де, «Реалдың» спорт директоры Миятовичке хабарласты. Ол Ежиге екінші қақпашы болуды ұсынған: «Келістік».

rue30e86580f6.jpg

Моуриньоның келуімен «Реал» ойын алдында мадридтік қонақүйде қонататын болды. Касильяс пен Серхио Рамос қарсы болған, бірақ Жозенің оларға айтқан жауабы қызық болды: «Аптасына бір рет әйеліме демалыс керек. Аптасына бір рет мені көргісі келмейді, сондықтан қонақүйде қонатын боламыз. Менің шешімім өзгермейді». 2011 жылы сәуірде «Барсамен» тең түскен соң, Моуриньо киім ауыстыратын бөлмеге желдей ұшып, айқай шығарды: «Ойынның басталуына төрт сағат қалғанда телевидение біздің құрамымызды біліп отырды. Командамызда сондай тышқан барда, кімді таңқалдыра аламыз? Мүмкін бұл сен шығарсың, Гранеро? Кім болса да, табамын». Қолындағы бөтелкені қабырғаға лақтырып жіберді де, есіктен шығып кетті. «Біз таяқ жеген иттер секілді үнсіз отырдық», - деп есіне алды Дудек 2015 жылғы кітабында. Моуриньоның күмәні Касильясқа түсті, оның сүйіктісі спорт журналисі Сара Карбонеро болатын. Бір жылдан кейін «Реалдан» кеткен соң ол Моуриньоны кезіктіріп, жағдайын сұрағанда: «Бір қызбен қиындық болып жүр, бірақ оны шешеміз» деп жауап қатты.

Моуриньо кубоктың жартылай финалындағы тең ойыннан кейін, оның үстіне, бірінші айналымда «Барсадан» 0:5 есебімен ұтылған соң ашулы жүрді: «Көрші бөлмеде олардың қалай ән айтып жатқанын тыңдаңдар, - деді ол ойыншыларға. - Ертең – демалыс, бірақ сендерге жұмыс істеуге тура келеді. Әйелдерің мен балаларыңды алып қалаға барыңдар да, сол жердегі адамдарға 0:5 есебімен қалай ұтылғандарыңды, «Барсаның» мықты болғанын, бірақ келесі ойында кек алатындарыңды айтыңдар». Бір апта бұрын Чемпиондар лигасында «Аякске» қарсы матчта Моуриньо Дудекке өтініш жасады: «Касильясқа барып қайтшы, Рамос пен Алонсоға сары қағаздан алу керегін айтсын. Келесі ойын «Осерге» қарсы, сары қағазымыз жоқ болсын». Ежи Икердің қасына жүгіріп барып, бапкерінің өтінішін жеткізді, Рамос пен Алонсо оны орындады.

Жарты жылдан соң Дудек «Реал» сапында соңғы рет ойнады. Моуриньо оны «Альмерияға» қарсы ойында капитан қылғысы келген, бірақ президент Перес қарсы болды. Сонда да бәрі тамаша өтті – Ежиді 77-ші минутта 7:1 кезінде ауыстырып тастады, ал «Сантьяго Бернабеу» тік тұрып қол шапалақтады, Роналду, Озил, Пепе, Рамос және басқа да әріптестері өзара дәліз жасап, оны алаңнан шығарып салды. Жартылай қорғаушы Гути Дудекке қалжың айтып, смс жіберді: «Сен жаман адамсың, тіпті, мені олай шығарып салмаған еді». Ежи «Бернабеудің» киім ауыстыратын бөлмесінде соңғы болып қалды. Марсело Ежиді шал деп атайтын, ол да кетіп бара жатып Дудектің есіне салды: «Сен Чемпиондар лигасын жеңгенде мен Бразилияда мини-футбол ойнап жүргенмін».

rueed01428d28.jpg

Стамбулдық финалдың алдында Бенистес боулингтен турнир өткізген. Дудек қолын жарақаттап алмас үшін, абайлап ойнады. Сонда да жеңіске жетті. Екінші таймның алдында Бенитес ойыншыларды 3-5-2 жүйесіне ауыстырып, Хаманнан ортаны ұстап
жүруді сұрады. «Сендердің ойларыңша, 0:3 – Чемпиондар лигасының тарихындағы ең жаман жеңіліс шығар, - деді Бенистестің көмекшісі Алекс Миллер. - Олар да солай ойлап отыр. Осыны соларға қарсы пайдаланыңдар. Алғашқы он минутта гол соғып алыңдар, екіншісі үшін уақыт көп болады, кейін олар да қобалжи бастайды». Үзілістен кейін Ежи Шевченконың соққысын қайтарды – алдағы алты минутта «Ливерпуль» үш гол соқты – ал овертаймның аяғында Дудек командасын жүз пайыздық голдан аман алып шықты.

Пенальти сериясының алдында Дудекті Каррагер итеріп жіберді де, көзіне тіке қарап: «Оларды қобалжытуға тырыс. Гроббелара есіңд ме? Ол бәрінің ашуына тиіп, аяғын қозғалтып, ырғалақтап тұратын. Сен де солай жаса». - «Жақсы, Карра». - Гроббелараны есіңе түсір!» - «Жақсы-жақсы». «Пенальти алдында бір нәрсе жаса!» - «Жарайды, Карра!» - «Гроббелараны есіңе түсір!» - «Түсіндім. Бар енді, маған маза бер».

Роттердамда Дудек арнайы дәптер ұстайтын, пенальтистердің кім екенін, қайда, қай аяқпен ұратынын жазып жүретін. Бірақ Бенитеспен оңай: сондай кестені Рафа жасайтын. Енді пенальти сериясының алдында қақпашылар бапкері Очоторен «Милан» ойыншыларының есімдері жазылған тізімді көрсетті: мұнда қақпа алты бағанға бөлінген, миландықтардың көбіне қайда тебетіні жазылыпты. «Бәрін ұмытып қалдым, ештеңе жаттай алар емеспін», - деді Дудек. Сондықтан мынадай шешім қабылдады: екінші қақпашы Карсон бір қолын көтерсе, сол жаққа, екеуін де көтерсе, оң жаққа секіреді.

Сержиньо соққы жасайтын кезде Карсон екі қолын да көтерді, Ежи оң қапталға секірді – Сержиньо биік тепті. Ал Пирло тепкелі тұлғанда Дудек Карсонның бір қолын ғана көрді – демек, сол жаққа секіру керек. Ежи Пирлоға тіке қарап, қақпа сызығында тұрып билегендей болды да, оң жаққа секірді – допты кері қайтарды. Үшінші болып роттердамдық досы Томассон тепті. 2:1. Кейін Кака соққы жасады. Дудек Карсонды көрген жоқ, сондықтан Гроббеларша аяғын қозғалтты да, секіре қалды, бірақ – 2:2. Шмицердің голынан кейін Шевченконың кезегі еді. «Андрей? А, Андрей? Әдеттегідей тебесің бе?», - деп сұрады да, оң жаққа секірді. Доп Дудектің аяғына тиді де, кері серпілді. Ежи бірден достары отырған трибунаға қарай жүгірді. Польшаның туын қолына алып, қайта келе жатқан – бірақ күзетші кіргізген жоқ. Дудекті фанат деп ойлапты. Ежи басқа жерден секіріп өтті де, ойыншылардың арасына кіріп кетті.

Марапаттаудың алдында оған Бенитес келіп, сауалын қойды: «Айтшы, Ежи, неге біз көрсеткен жаққа секірмедің?»

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер