Блогбастер
Футбол

«Олар маған ақша бергендей болды, мен ойнағандай болдым». Ең қамсыз футболшы 

«Олар маған ақша бергендей болды, мен ойнағандай болдым». Ең қамсыз футболшы 
news-banner7
mobile-news-top

Күн ыстық. Бірінші ойын: әлем чемпионаты, Бразилия – Түркия, команда үзіліс алдында гол жіберіп алды. Енді екінші тайм күтіп тұр. Сколаридің алаңға шығармайтыны айдан анық, бірақ желдеткішті қосып алып, теледидар қарап жатудың керегі жоқ. Қосалқы құрамда «Коринтианс» ойыншыларының қасына барып отырды – олармен бірге 2000 жылы клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған еді. Дида, Рикардиньо, Луизао, Эдилсон отыр. Ыстық ауа-райы тез шаршатып тастайды, сондықтан алғашқы минуттарда үнсіз отырды, артынша Эдилсон қалжыңдады: «Құдай үшін! Бұл әлем чемпионатын қалай ұтып алмақпыз? Роналдоның бөксесін қараңдар!»

Эдилсон қалжыңын аяқтай беріп еді, Роналдоның есепті теңестіріп тастағанын көрді. Вампета оған қарап, аузын аша бергені сол еді, Эдилсон ойын оқып қойғандай болды: «Эй, оның жамбасы үлкен дедім, бірақ ол жаман дегенім жоқ».

Ойынның аяқталуына жиырма минут қалғанда Вампета Жуниньо Паулистаның орнына шығып, Бразилия матчты жеңіспен аяқтады. Осы ойынның алдында жаттығуда бір қызық оқиға болған еді. Сколари қосалқы құрамдағы ойыншыларды Түркия қолданатын жүйеге қойып, соларға қарсы өзінің негізгі құрамын ойнатып көрді. Қосалқы құрамда жүрген Вампета сол түріктердің ойын жүйесі бойынша ойнады, нәтижесінде Роберто Карлос, Кафу, Роналдиньо, Ривалдо мен Роналдо бастаған негізгі құрам 0:3 есебімен жеңіліп қалды. «Тоқтат! Тоқтат! – Сколари ашуға мінді. – Ертең осылай ойнасаңдар, менен жақсылық күтпеңдер». Бір қызығы ол түріктер секілді ойнаған бразилиялықтарға да айқайлады. Сколари бәріне ашуланып, жаттығуды тастап, кетіп қалды.

Вампета Сколаридің алаңға шығаратынына үміттенбеген. Сол Түркияға қарсы матчтан кейін шыққан да жоқ. Бірақ финалда Роналдоның жауапсыз қос голынан соң кімнің негізгі, кімнің қосалқы құрам екенін бәрі ұмытып кетті. Бәрі де қуанып, ішіп жатқан – бұл тұрғыда Вампета нағыз көшбасшы. Тілек айтып, кейін гитарада ойнап болған соң таңғы бесте Кака айтты: «Вамп, қонақүйге қайту керек». «Қалай қайту керек?» - Вампета таңқалды. – Біз әлем чемпионымыз ғой!». Бірақ Кака – тәрбиелі әрі діншіл адам. Сондықтан, қарсы болмай, қайту керек.

alt

Ұшақтан түскен соң команда ашық автобусқа отырып, Бразилия президенті Энрике Кардосоның қабылдауына аттанды. Жолда жанкүйерлердің бірі Вампетаға «Коринтианстың» жейдесін лақтырып жіберген, ол оны киіп алды да, өз жейдесін жанкүйерге берді. «Әй, сайқымазақ! Біз қазір президентпен суретке түсеміз. Бәрі жасыл жейдеде, сен ғана қара түстесің», - деді қақпашы Маркос.

Бразилияның 2002 жылғы әлем чемпионатына іріктелуі – бөлек әңгіме. Чили мен Боливия құрамаларына қарсы ойынның алдында Сколари ойыншыларды психологқа алып барды. «Аборигендердің кім екенін білесіздер ме?» - деп сұрады психолог. Вампета жауап берді: «Аустралиядағы халық қой!» - «Құттықтаймын, дәл таптыңыз. Ал эмудің не екенін білесіздер ме?» Вампета үндеген жоқ. «Бұл Аустралияда ғана бар страустар. Аборигендер эмуды аулауға кіріскенде, алдарынан миллиондаған кенгуру жүгіріп өтеді. Бірақ оларға тиіспейді, себебі мақсаттары – эму. Сендердің де мақсаттарың – Чили, Боливияны ұмытыңдар».

Сол дайындықтан кейін Бразилия Чилиді 2:0 есебімен жеңіп, Боливияға жол берді – 1:3.

alt

Ол он төрт жасында ғана Вампета атанды, оған дейін Деко еді. Назар қаласында, Итапарика аралының қасында өсті. Ол жақтағы халықтың төрттен үш бөлігі кедей, сауатсыз. Бірақ оның әкесі теміржол компаниясында жұмыс істеді, ал Деко базарда жеміс-жидек сатты.

Он төрт жасында ата-анасы ажырасқан соң, Деко теледидардан «Витория» мектебіне іріктеу болып жатқанын көреді. «Оң қапталдағы қорғаныста кім ойнайды?» - деп сұрады бапкер. Ешкімнің қорғаныста ойнағысы келмеді, бұл Деко үшін құрамға іліну мүмкіндігі екенін сезді, қолын көтеріп, командаға еніп кетті. Кейін жартылай қорғанысқа ауысты. Оны бәрі вампир немесе әзәзіл деп атайтын, сондықтан Вампета деп оған анасы да айта бастады.

Бірде «Виторияның» матчтарын тамашалауға ПСВ-ның бапкері Кес Райверс келді. Мақсаты – шабуылшы Алекс Алвестің ойынын көру. Бірақ соңғы екі ойында Вампета үш гол соқты: «Форвард алуға келіп едім, бірақ маған осы қара бала ұнап қалды» - «Жоқ-жоқ, ақ жігітті алыңыз! Алекс – тамаша шабуылшы», - деді «Витория» президенті Карнейро. - «Жоқ, біз қара жігітті аламыз, - Райверс те өз пікірін өзгертпеді. – Ол Франк Райкардқа ұқсайды».

alt

Міне, қызық! Ол бұған дейін осынша алыс жерге бір рет қана барған. Бұрын Сенегалға барып көрген еді. Міне, енді – Голландия. Медициналық тексерістен соң, айына сегіз мың доллар алатын болып, үш жылдық келісімшартқа отырды (бұрын «Виторияда» екі жүз елу реал алатын еді).

Вампета жазда жетпіс жастағы дін қызметшісі Тиагомен бірге голландиялық тілді үйренді. Тиаго кезінде Эйндховенде тұрған, енді сол жақтың тілін Вампетаға үйретіп жатыр, себебі шілденің жиынында Роналдодан басқасы клубтастарын түсінбейтін жағдайда еді.

ПСВ-да Роналдо мен Вампетадан бөлек, үш бельгиялық болатын. Шетелдік үш ойыншыны ғана шығаруға рұқсат, сондықтан клуб келесі жылы Вампетаны «Венлоға» жалға берді. Бұл да тамаша еді: Эйндховенде тұрасың, жаттығу мен ойын кезінде ғана Венлоға барасың, арасы алпыс шақырым ғана. ПСВ оған Opel Vectra беріп қойған еді. Вампетада жүргізуші куәлігі болмаған, сондықтан оны тоқтатып жатса, бразилиялық картаны көрсетіп, соны куәлік деп айтатын.

Бір ғана қиындық бар – бір жылда ол голланд тілін үйреніп, ПСВ бапкерлері мен жанкүйерлерін жақсы түсінетін жағдайға жетті, бірақ Венлода олай емес еді. Есінен адасқандай көрінді – Эйндховенде бәрін түсінеді, ал Венлоға барса дым түсініксіз. Оны Тиаго сабасына түсірді: Венло Германияға жақын, ол жақта немісше немесе неміс акцентімен сөйлейді. Бәсе!

Кейін Вампета «Флуминенсеге» ауысты, тағы да жалға берілген. Бірақ бір мәселе болды – жаттығулар төртте басталады, оған дейін не істеу керек? Сөйтіп, Вампета өзіне дәстүр жасады: таңғы онда Ипанема жағажайына барып, сол жақта үшке дейін жүретін, кейін жаттығуға барады. «Бұлай жүре берсең, кедей болып, аш қаласың», - деді оған «Флуминенсенің» аяқ киім шебері. Сөйтіп жүргенде Вампета ПСВ-ға қайта оралды, себебі жаңа заң бойынша бельгиялықтар легионер болып саналмайтын еді. Жаңа келісім-шартқа отырып, айына жиырма бес мың доллар алатын болды.

alt

Құрамалар ойнап, чемпионатта үзіліс болғанда Вампета туған қаласы Назараға кетіп қалған. Бір күні ол көшеде Уриэл деген қарт кісіні көрді. Қария өткен-кеткеннен жергілікті кинотеатрды жөндеуге 10-20 реалдан сұрап тұр екен. «Оған не болды?» - деп сұрады Вампета. – «Шатыры құлайын деп тұр. Өкінішті. 1921 жылы салынған еді. Жиырма реал бересің бе?» - «Тоқтай тұр. Кинотеатрды қарап шығайын» - «Кеттік». – «Бұл кімге тиесілі еді?» - деп сұрады Вампета. – «Жергілікті депутатқа». – «Ол маған кешкісін кіріп шыға ала ма? Кинотеатрды сатып аламын».

Кинотеатрдың құны сексен мың доллар болатын, бұл Вампетаның он жалақысы. Отыз мыңын бірден беріп тастады, қалғанын ақырындап қайтаратын болып келісті. Вампета Голландияға оралған соң, ай сайын жалақысының жартысын жіберіп тұрды. Жаңа келісім-шартқа отырғаны жақсы болды, себебі кинотеатрды қайта жөндеу үш жылға созылып, Вампета жарты миллион долларға шығындалды.

Кейін ол «Коринтиансқа» ауысып, қатарынан екі рет ел чемпионатында топ жарды. Вампета Бразилияның үздік жартылай қорғаушысы атанып, құрамаға шақырту алды.

alt

Осылайша, Вампетаның танымалдығы арта түсті. Бірде «Коринтианстың» жаттығуына галстук таққан екі жігіт келіп, Вампета мен Эдилсонды шақырып алды: «Бізді «Палмейрастан» Сколари, Сампайо, Пауло Нуньес пен Зиньо жіберді». - «Неге?» - деп сұрады Вампета. - «Олар ірі мүйізді малдарға инвестиция құйды, сендерге де сондай ұсыныс жасады». Эдилсон Нуньеске хабарласқан, рас екен. - «Несі бар, жақсы ой!» - деді де, Эдилсон миллион реалға бұқалар сатып алды. - «Бірақ бұқалар мен ферма тек қағазда ғана ғой. Біз оларды көрмейміз», - деді Вампета. – «Ой, киномагнат, не айтып тұрсың? Қаласаң, он бес бұқаны сыйға берейін», - деп күлді Эдилсон.

Келісті. Вампета да жүз елу мыңға сиырлар сатып алды, алайда бір айдан кейін сол ұсынысты жасаған фирманың банкрот болғанын естіді. Кейін Вампета сол ақшасының жартысын қайтарып алды.

Ойыннан соң Вампета достарымен бірге түнгі клубқа баратын, сол жақтағы музыканттармен, бишілермен достасып алды. Солардың бірі Алекс «G Magazine» атты гей-журнал үшін жалаңаш суретке түскенін мойындады. – «Иә, футболшылар мұндай ерлікке бара алмас еді», - деді Алекс. – «Немене? Маған елу... жоқ, сексен мың берсе, қазір-ақ түсемін». Журналдың басшысы сол жерде болған, бірден Вампетамен келісім-шартқа отырды. Он жеті жыл өтсе де, «G Magazine»-нің 1999 жылы қаңтардағы шығарылымы Бразилия тарихында ең көп сатылған журнал саналады.

alt

1998 жылы желтоқсанда алғашқы чемпиондықтан соң Вампетаға дос та, туыс та болып келмейтін бір жігіт қасына келіп: «Вампета, қал қалай?» - «Бәрі жақсы. Сенің есімің кім?» - «Жайро. Мынадай шаруа бар еді, мен «Коринтианстың» матчтарын тыңдау үшін радиоқабылдағыш сатып алғым келеді». – «Ол қанша тұрады?» - «Он реал». – «Мә, ұста». Бір жылдан соң дәл сол жігіт Бразилияның екі дүркін чемпионы әрі Америка кубогының иегері атанған Вампетаға қайта келді. «Мынадай шаруа бар еді. Радиодан тек «Витория» мен «Байяның» матчтарын ғана береді. Маған теледидар сатып әперіңізші, сол кезде «Коринтианстың» матчтарын көре алатын едім». – «Жарайды. Қай жерде тұрасың? Қайда жұмыс істейсің?» - «Муритиба ауданында. Сатып алушылардың ауыр сөмкелерін тасимын».

Жігіттің үйіне барған Вампета жылап жібере жаздады, әпкесіне жиырма бес мың реал беріп, жаңа досына үй сатып әперуін сұрады, теледидарды да ұмытқан жоқ. Бір жылдан соң Вампета Назараға оралып, сол жігітпен кездесті. «Қалай, бәріне көңілің тола ма?» - «Мынадай шаруа бар еді. Салқындатқыш жетіспей жүр»...

Тағы бір жігіт бар – «Коринтиансқа» байқаудан өтуді сұраған. Вампета оның мини-футболдан ойнын көрді – расымен де, мықты екен. «Жасың нешеде?» - «Жиырма үште». – «Мәссаған!» - «Менің таныс заңгерім бар. Ол маған он алты жаста деп жазып береді». Вампета 23 жастағы жігітті «Коринтиансқа» алып келіп, жатақханаға орналастырды. Бірінші күні-ақ ол күзетшілерге Назарада бразилиялық атақты әзілкеш Шакриньямен кездескенін айтты. «Оны қалай көріп жүрсің? Ол он жыл бұрын өліп қалған» - «Дәлірек айтқанда, оны менің анам көрді».

Ол жігітті «Коринтианс» алған жоқ, есесіне миландық «Интер» Вампетаны он бес миллион долларға алды. Оның жаңа үйі дайын болмағанша, Роналдо Вампетаны өзінің пентхаусына қалдырып, өзі Бразилияға емделуге кетіп қалған. Португал тілін білетін таныстарының бәрі де үйленгендіктен, Вампета клубқа бір уақытта келген Робби Кинмен кешкі ас ішетін. Таңға дейін отырып, кейін Роналдоның пәтеріне барады да, шарапты шетінен іше береді. «Құдай-ау, мына бөтелкелерді кім ашты?» - деп сұрады Роналдо қайтып келген соң. – «Робби екеуіміз. Басқа кім болушы еді?» - «Бұл Рим Папасы берген вино еді ғой!» - «О, кешір. Бірақ айта кетейін, дәмі онша емес. Сірке су секілді».

alt

Бірінші турда «Реджинадан» жеңілген соң Марчелло Липпи президент Мораттиге бапкерді қуып жіберіп, ойыншыларды бір сілкіп алу керегін айтты. Бірақ ол бірінші кеңеске ғана құлақ асты. Жаңа бапкер Марко Тарделли келген бойда Вампетаның кім екенін білмейтінін айтты. «Ал мен сіздің кім екеніңізді білмеймін», - деп жауап қатты Вампета. «Интердегі» төрт айда бес матч өткізіп, бір гол соққан соң, Вампета ПСЖ-ға ауысып кетті.

Келісімшарт бойынша Вампетаға Парижден Бразилияға дейін және керісінше бағытта он билет берілетін болды. Эквадорға қарсы ойыннан кейін ол Сан-Паулу әуежайына сегіз модельмен келді. Сөйтіп өзінің бірінші дәрежелі бес билетін эконом-класстың он билетіне ауыстырып алды. Сол рейспен Парижге спорт комментаторы Гальвао Буэно ұшып бара жатқан еді. Оны көрген Вампета қыздарға өтінді: «Мені танымайтындай отырыңдар. Әйтпесе, Гальвао біз туралы бүкіл елге айтады» - деді де, Буэноның қасына барды. «Сәлем-сәлем. Не деген қыздар бұлар!» - «Қайда? А, сән аптасына бара жатқан шығар», - деп топшылағандай болды Вампета.

Вампетаның Париждегі пәтері үлкен еді, қыздарға бірден ұнады, футбол да көңілдерінен шықты. «Осерге» қарсы матчта Вампета Франциядағы бірінші және соңғы голын соққан соң, стадионның бейнетаблосын оның сегіз құрбысын көрсетті. Вампета оларға қарап тұрып, ойын туралы ұмытып та кеткен. «Ұйықтама! Ойнаймыз!», - деп айқайлады оған «ПСЖ» капитаны Фредерик Дею.

alt

Ойыннан кейін Вампета ескі досы Роналдоға хабарласты: «Тыңдашы, үйде толған модель қыздар. Бізге кел». – «Қанша қыз?» - «Сегіз». - «Қазір ұшамын».

Екі айдан соң Вампета «Фламенгоға» ауысып кетті. Милан мен Парижде оған жағажай жетіскен жоқ. Бір жылдан кейін «Флуминенсе» ойыншылары жалақыларын алмай жүргендері үшін жаппай ереуіл жасады. Рионың тағы бір клубы «Фламенгода» да сол мәселе еді. «Олар маған төлегендей болды, ал мен ойнағандай болдым», - деп Вампета қалжыңдады. Келесі күні ол сол сөзін газеттен оқыды. Кейін жанкүйерлерінің алдында кешірім сұрағанымен, олар бес жыл бойы оны кешірген жоқ.

1999 жылы белгілі бапкер Эваристо Вампета ойнайтын «Коринтиансқа» келді. Ол ойыншылармен қалжыңдасқанды жақсы көретін, тек Вампета ғана жауап беретін еді. «Бапкер, мылқаудың уақытты қалай сұрайтынын білесіз бе?» - «Оның несі күлкілі? Білегін көрсетеді», - деді Эваристо. – «Ал соқыр қайшыны қалай сұрайды?» Эваристо қолымен қайшыны көрсетті. – «Жоқ, бапкер, соқыр адам жәй ғана «қайшыны беріңізші» деп сұрай салады».

alt

Бүкіл команда келді. Вампетаның «Коринтиансқа» қайта оралуы көңілді басталғанымен, кейін мансабында алғаш рет жарақат алды – тізесін ауыртып алған еді, кейін жалақысын азайтқалы бос жатқанын естіген ол жан досы Эдилсонды алып, «Виторияға» кетіп қалды. Екеулеп жүріп, кішкентай ғана клубты штат чемпионы қылды да, Вампета «Аль-Кувейтке» ауысты.

Жаңа клубының Кельнде өткізген жиыны кезінде ол жаттығуда ойыншылардың «Барселона», «Ювентус» және «Милан» секілді клубтардың жейделерімен жүргенін, ал бес жұлдызды қонақүйде күрішті қолмен жейтінін көрді. Алғашқы ойында Вампетаның командасы екінші бундеслига клубынан 0:12 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ бұл маңызды емес, себебі клубтың қожайыны оған қолма-қол төрт жүз мың доллар берді. Кувейтте аудармашы Мұстафа оны көлік таңдауға алып барған: - «Қандай көлікті қалайсыз?» - «BMW X5». – «Сенімдісіз бе?». Құдай-ау, әрине, сенімді. Бразилияда бұл көлік кез келген еркектің арманы. – «Ал түсі қандай болсын?» - «Клубпен бірдей – көк түсті». – «Дайын болады». Ертеңіне Вампета жаттығуға келген соң, тұрақта Ferrari мен Porsche-нің толып тұрғанын көрді. Бұл 0:12 есебімен жеңілген футболшылардың көліктері. Сөйтсе, Кувейтте BMW X5 секілді көліктерді таксистер ғана айдайды екен.

alt

Екі айдан соң Роналдо оны өз тойына шақырды – екінші немесе үшінші тойы болатын. Әйтеуір, Даниэла Сикареллимен отау құрмақ. «Кешір, досым, сол күні Араб лигасында ойыным бар. Бірақ келесі тойыңа міндетті түрде барамын». – «Сен не менің некеме сенбеймісің?» - Роналдо өкпелегендей болды. Бірақ он бес күннен соң Роналдо мен Даниэла ажырасып кетті.

«Аль-Кувейтпен» чемпион атанған ол Бразилияға қайта оралды. «Коринтианс» өзгерген. «Васкуға» қарсы ойынның алдында Вампета сұхбат беріп: «Нәлімнен дәм татқым келеді» (Нәлім – балықтың түрі, «Васкудың» лақап аты) деп айтқан. Ашуланған жанкүйерлер «Коринтианс» автобусына тас лақтырды, ал «Васку» 2:0 есебімен жеңіп алды. Бір жылдан кейін Вампета футболды тастап, «Коринтианстың» жасөспірімдерін жаттықтырды, кейін «Гремио Осасконың» вице-президенті атанды.

«Айтыңызшы, неге олай істедіңіз?». 2002 жылы әлі тумаған ойыншылар бүгінде осылай сұрайды. Эх, сол кезді көрсе ғой. Ол өзіне уәде берген еді: Бразилия президенті оған келіп, әлем чемпионы болғанымен құттықтаған кезде, жанкүйер Нилсон Локателли секілді жерге құлап, домалайды. Неге? Себебі, күлкілі ғой. Уәдесінде тұрды. Кейін ойыншылар қатарына оралған соң Вампета қақпашы Маркостың даусын естіді: «Мен сені сайқымазақ деп ойлап жүрсем, акробат екенсің ғой».

alt

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер