Блогбастер
Футбол

«Ауа керек, өліп барам!» Хавьер Дзанеттидің бастан кешкені

«Ауа керек, өліп барам!» Хавьер Дзанеттидің бастан кешкені
news-banner7
mobile-news-top

«Сүйіктім, сенің салмағың қанша?». Оның Жерорта аралында әйелімен өткізген алғашқы бал айындағы сұрағы осындай болды. Паула сенімді еді: Хавьер үйленетін күні некелесу уақыты мен тойдың арасында жаттығу өткізуден жаман ештеңе ойлап таппайды, бірақ ол таңқалдыруын жалғастыра берді. «Елу келі дейік. Не болды?» - «Мұнда жаттығу залы жоқ екен, ал маған 75 келілік зілтемірмен дайындалу керек». Хавьер ас үйдің таразысымен кітаптарын өлшеді – он бес келі, сауда үйінен бес келілік екі гантель сатып алды да, Паулаға берді. Сөйтіп, арқасына кітап салынған сөмкені тағып алды да, әйелін көтеріп, жаттығуды бастады.

Миланға оралған соң, Дзанетти «Интердің» базасынан Тарибо Уэстті, 1996 жылғы олимпиадалық финалдағы қарсыласы әрі нигериялық досын көре алмады. Әдетте Уэст киім ауыстыратын бөлмеге уағызшының киімімен келіп, Дзанеттиді құшақтайтын: «Амансың ба, бауырым?!», бірақ бұл жолы – тыныш. Қаңтар өтті, ақпан жетті, сол кезде ғана «Интердің» жаттығуына Тарибо келді. «Бірнеше апта бойы жаңалық жоқ. Қайда жоғалып кеттің?» - деп сұрады Дзанетти. «Мен үйлендім». – «Мен де. Бірақ неге жоғалып кеттің?» - «Жоғалдым ба? Жоқ. Менің тайпамда той рәсімі бір айға созылады. Білмеуші ме едің?»

Бірде Дзанетти мен «Интердегі» әріптесі Диего Симеоне екеуіне Мәскеуден Буэнос-Айреске ұшу керек болды, алда құраманың ойыны. Жолай Миланға соғып кетеді. Сол кезде Симеоне үш жасар ұлы Джованнимен жарты сағат қана кездесе алды. Қоштасатын сәт келгенде Джованни (бүгінде «Дженоада» ойнап жүр) әкесінің тағы да ұшып кететініне сене алған жоқ. Аяғынан ұстап алып, жылаған. Паула да көз жасына ерік берді. Кейін Хавьерге айтты: «Балаларымыздың әкесіз өсіп, қиналғанын қаламаймын. Сенің жұмыс кестең бос болатын кезде ғана балаларды дүниеге әкелейікші». Осылайша, Дзанетти алғаш рет 33 жасында, Пауламен кездескеннен кейін 13 жылдан соң ғана әке атанды.

rue9eeac2a818.png

«Интердің» уругвайлық қорғаушысы Альваро Перейра бірде Хавьерден сұрады: «Капитан, кеше Буэнос-Айрестің ауданы Док Суд туралы бағдарлама көрдім. Сен сол жақтансың ғой?» - «Иә. Сол жақта ағам Серхио екеуіміз футбол ойнап бастағанбыз» - «Өте өкінішті». – «Неге?» - «Бұл аргентиналық Бронкс дейді: ұрлық, зорлық, нашарқорлық. Тіпті, жақында маска киген адамдар шіркеуді бұзып кетіпті» - «Құдайым-ау, бұл Санта Каталина шіркеуі ғой, мені сол жақта шоқындырған».

Бала кезінде Дзанетти «Индепендьентенің» қызыл жейдесімен ойнайтын, әкесі сыйлаған еді. Хавьер 1986 жылғы әлем чемпионы, «Индепендьентеде» жиырма жыл өнер көрсеткен Рикардо Бочини секілді өмір бойы осы жейдемен ойнағысы келетін. Солай болғалы тұрған еді: командаға қабылдады, шабуылда, кейін қорғаныста ойнатты. Ал Дзанеттидің жасы он алтыға келген соң, көңілін түсіріп тастады: «Ол өте жүдеу. Нәзік. Оның қолдарына қараңызшы. Кешіріңіз, ол кәсіпқой футболшы бола алмайды».

Дзанеттидің салмағы қырық бес келі болатын. Дәрігер ақуызды көп жеуді ұсынды. Хавьердің әкесі басын изеді де, өзінікін істеді – ұлын құрылысшы қылып қойды. Хавьер цемент көтеріп, әктас тасыды, ал түскі аста ағаштың үстіне отырып, анасы дайындаған ботқаны жейді.

Екі жылдан соң әкесі Родольфо айтты: «Енді мығым болдың. Футболыңа орал». Серхио ағасы оны өзінің бұрынғы командасы «Тальереске» алып барды, шағын байқаудан кейін Хавьер бапкер Норберт Д’Анджелоның даусын естіді: «Жаман емес, бірақ бір қиындық бар». Тағы да нәзік дей ме? «Командада Хавьерлер көп. Сені шақырсам, жарты команда қарайды. Сенің ағаңды Пули деп айтатынбыз, сен де Пули боласың».

Дзанетти «Тальерес» құрамына енді, бірақ жаттығулардың бірінде әлсіз болып, тәлтіректей бастады. «Сен не, әлі де кірпіш тасып жүрмісің?» - деп сұрады бапкері. – «Жоқ, мен сүт сатушымын». – «Немене?» - «Немере ағам Карлоға көмектесіп жүрмін. Әкем он төрт ағайынды, туыстарым көп. Таңғы төрттен сегізге дейін жүк көлігімен сүт, ірімшік және йогурт тасимыз». – «Содан кейін ұйықтайсың ба?» - «Кейін колледжге жүгіремін, ол жақтан жаттығуға келемін». – «Табысың көп пе?» - «Күніне сексен песо (отыз еуродан аз)».

Ертеңіне «Тальерес» президенті Педро Лучеттаның хатшысы машинка арқылы Дзанеттидің алғашқы кәсіпқой келісім-шартын жазып жатты. Айына екі жүз песо, әр гол мен жеңіс үшін – елуден. «Есіміңіз кім дедіңіз?» - «Хавьер Альдемар». - «Ерекше екен». Альдемар деген бразилиялық гинеколог дәрігер еді. Виолетта Дзанеттидің денсаулығы нашарлап, Хавьердің өміріне қауіп төнгенде оны босандырып алған Альдемар болатын. Дәрігерге алғысы үшін ештеңе бере алмағандықтан, ұлының есімін Альдермар қойған.

Тальерестегі екі жылдан кейін Хавьер Альдемар әйелдер арасындағы баскетбол командасының плеймейкері Пауламен танысады. Бірақ дебюті сәтсіз болған еді – автобус аялдамасында алғаш рет кездесіп, қырық бес минуттан соң жаттығуға кешіктім деп кетіп қалған. Аргентинадағы екінші лигада ағасына қарсы ойнады да, «Банфилдке» ауысып кетті. Ол жақта «Бокаға» қарсы ойында нәтижелі пас беріп, аты шыға бастады. Futbol де Primera ток-шоуына қатысты, көп ұзамай «Интердің» скауты Антонио Анджеллило келді.

rue446d8f85d4.jpg

«Интердегі» алғашқы жаттығуында-ақ жаңа жайсыздық туды: Оттавио Бьянки бапкер кабинетіне шақырып алып, ойын картасын қолына алды да, жерге біртіндеп қоя бастады. Сонымен, қақпада Пальюка, шабуылда Бранка мен Ганц, орталық алаңда Инс пен Берти, қасында Карбоне Фонтолан, қорғаныста Роберто Карлос пен Пистоне. Екі орын ғана қалды. «Қайда ойнағың келеді?» - «Оң қапталда, мистер». – «Сенімдісің бе? Жарайды».

Құрам жасауда жаңашылдық танытқан Бьянки төрт тур ғана шыдады, маусымдағы алғашқы үш голды сол қанаттағы қорғаушы Роберто Карлос соқты. Ал УЕФА Кубогында өздерінің фарм-клубымен бірдей «Луганоға» жол беріп, бірінші кезеңде ұшып кетті. Екі жылдан кейін Хавьер «Интермен» бірге УЕФА кубогының финалына дейін жеткен. Рой Ходжсон оны овертаймның соңғы минутында ауыстырып тастады. Хавьер қосалқы құрамға жеткенше шу шығарумен болды, шабуылшы Саморано мен екінші қақпашы Маццантини оны тыныштандырған, кейін ол Ходжсоннан кешірім сұрады. Бірақ ертеңгісін «Интер» пенальти сериясында жеңіліп қалған соң газеттен оқығаны сол болды: «Дзанетти ауыстырып тастағаны үшін бапкерін ұрғысы келді».

Хавьер «Мидлсброға» ауысып кеткен қорғаушы Джанлука Фестаның Комо өзенінің жағалауындағы үйін сатып алды да, қалыңдығын алып келді (қалыңдығы әлі он сегізге толмаған еді, сондықтан Италияға Дзанетти агентінің әйелімен бірге келді). Ал маусымның аяғында УЕФА кубогының финалында бапкеріне тура ұмтылды, бірақ бұл жолы құшақтау үшін – «Лацио» қақпасына гол соққан болатын.

rueb307386700.jpg

«Перуджи» ойыншылары Массимилиано Аллегри мен Федерико Джунтиге қарсы

Бір жылдан соң «Ювентустың» бапкері Марчелло Липпи «Интердің» тізгінін ұстады. Ол капитан ретінде Дзанеттиді таңдады. Алғашқы жаттығулардың бірінде Роберто Баджо қырық метрден тамаша пас берген, Вьери мен Пануччи оған қол шапалақтап тұрып еді, Липпи айқай салды: «Театрда жүрсіңдер ме? Біз мұнда бір-бірімізді құттықтап емес, жұмыс істеп жатырмыз». Дзанетти Баджомен дос болатын. Бірде Робертоның аңшылықтағы видеосын көріп отырған, Дзанеттиге аңшы ит ұнап қалды. «Тұқымы қандай?» - «Лабродор. Ұнай ма?» - «Қатты ұнайды». Бір аптадан соң Баджо Дзанеттиді мейрамханаға шақырып, кейін кішкентай лабродорды сыйға тартқан.

Хавьер Баджо мен Липпиді татуластыра алмады, өзі де бапкерге салқын қарап кетті. «Ювентусқа» қарсы матчтың алдында Липпи ойыншыларды жаттығудан соң шақырып алып: «Бұрын Туринге қорқынышпен баратын едіңдер. Енді қорқуды доғарыңдар, жеңіске жетуіміз керек». Бәрі тыныш тыңдап тұрғанымен, Дзанетти қолын көтеріп: «Олай емес, мистер, біз «Юведен» ешқашан қорықпағанбыз» деді. Бірақ «Интер» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Бұл маусымның ортасы еді. Жаңа бапкер Марко Тарделли алғашқы күні-ақ Дзанеттидің көңілін қалдырды. «Капитан сен бе? Тыңдашы, маған сенің допты ұстауың ұнамайды. Оны жылдамырақ беріп жібер». – «Бұлай жасай алмаймын. Бұл ойынымның ерекшелігі». «Интер» он екінші орынға түсіп қалды, ойыншылар Дзанеттиге бапкермен сөйлесуді өтінді: «Үш қорғаушымен ойнасақ, көп гол жібереміз. Бірдеңе қылшы».

«Мистер, қиындық туып тұр, жігіттермен сөйлестім. Бізге 4-4-2 жүйесіне ауысу керек деп есептейді» - «Ах, солай ма?! Қалағандарыңды істеңдер, бірақ бір күні оның дұрыс болмағанын түсінесіңдер». Жаңа жүйемен «Интер» алтыншы орынға көтерілді. Бірақ «Миланға» қарсы дербидің алдында Тарделли ойын жүйесін өзгертіп тастады: «3-5-2 жүйесіне қайта ораламыз». Ойыннан кейін Массимо Моратти команданы өз кабинетіне шақырды. Президент пен ойыншылардың арасын жазу үстелі бөліп тұрған. Тарделли Мораттидің қасына барып отырды. «Жоқ, мистер, сіз бізбен бірге отыру керексіз, - деді Дзанетти. – 0:6 есебімен жеңілген, президент емес, мына сіз бен біз. Ал қазір сіз біздің қасымызда отыруыңыз қажет». Кешкісін Тарделли Мораттиге Дзанеттиді сатып жіберуді ұсынды.

Демалыста жүргенде Хавьердің естігені: «Реалдың» директоры Хорхе Вальдано «Интермен» трансфер жөнінде келісіп қойды. Ал командаға келген жаңа бапкер Эктор Купердің ойы Тарделлимен бір жерден шықты: Дзанеттиге командада орын жоқ. Осының бәрін естіген Хавьер трансфер бойынша бас кеңесшісіне хабарласты. Не істеуге болады? «Бұрынғыдан да қатты қиналатын шығарсың, бірақ сенің тағдырың - «Реал» емес, «Интер», - деп жауап берді Паула. Буэнос-Айрестен Миланға дейін Дзанетти «Интердің» бас бапкері Эктор Купермен бірге ұшты. «Сіздерге керек емес екенім рас па?» - «Есіңнен адастың ба?! Мораттиге бірден айттым: Дзанетти сатылмайды».

rue42bf7aae3b.jpg

2002 жылы наурызда «Интер» бірінші орынға көтерілді, бірақ соңғы турда «Лациодан» жеңіліп, үшінші орынға табан тіреді. Жанкүйерлері мен достары Дзанеттиді жұбатып, бар кінәні төреші Де Сантиске жапты («Кьевоға» қарсы ойында пенальти бермей, команда екі ұпай жоғалтты). Бірақ Хавьер одан сайын ашуланатын: «Бәріне түкіргенім бар. Бұл біздің матч еді, алаңда жеңуіміз керек болатын».

2006 жылы жазда «Интерге» Ибрагимович пен бірге Патрик Виейра келді. Соңғысы «Миланға» қарсы ойында 4:2 кезінде Дзанеттиге өтінген: бапкерлерге айтшы – сіңірім ауырып тұр, мені ауыстыру керек. Дзанетти екінші бапкер Михайловичке белгі берген, бірақ бас бапкер Манчини сенімді болды: ақсақ Виейра қосалқы құрамда отырғандардан мықтырақ немесе қорқыныштырақ.

Манчинимен бірге Хавьер тұңғыш рет Италия чемпионы атанды, бірақ 2008 жылы жазғы демалыстың алдында белгісіз нөмір хабарласты: «Бұл Жозе Моуриньо. Итальян тілім үшін кешір, үйреніп жүргеніме үш апта ғана болды, бірақ Рождествоға дейін тамаша сөйлеп кетемін. «Интердің» жаңа бапкері менің болатынымды бірінші болып саған айтқым келді, сен бізде капитан боласың». Керемет, бірақ неге Италия? «Себебі мен жаңа әсерлер үшін өмір сүремін», - деп жауап берді Моуриньо.

rue72b874770f.jpg

«Сендерге жеңіске жетіп үйрену керек, - деді Моуриньо алғашқы жаттығуында. – Бірінші чемпиондықты сот арқылы жеңдіңдер. Қалған екеуінде мықты бәсекелестер болған жоқ». Жозе ойыншыларын әдейі ашуландыратын – мысалы, Хавьерге оның жаттығуда жаяу жүргенін айтса, Балотеллиге басында бір ғана нейрон бар екенін тұспалдайтын – бірақ 2010 жылы Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Барселонаға» қарсы қарымта матчтың алдында екпінін өзгертті: «Оларды ынта алға тартады, бізді – арман. Біздің арманымыз олардың ынтасына қарағанда тазалау әрі жоғары. Мен «Камп Ноуға» бірінші болып шығамын, жанкүйерлер мені жек көреді, олар ысқырады, айқайлайды, ішіндегісін шығарады, кейін сендер шығып, өз армандарыңды алып кетіңдер».

«Қалай ойлайсың, Пули?» - деп сұрады Вальтер Самуэль алаңға шығар жолда. – «Біз жеңіске жетеміз, - деп жауап берді Дзанетти. – Себебі біз «Барсаға» қарағанда ашпыз».

Чемпиондар лигасының Мадридтегі финалы Хавьер үшін «Интер» сапындағы 700-ші матчы болатын. Он бес жылдың ішінде ол командамен бірге үш жүз сағаттан көп ойнап тастады – толық қырық төрт күн. «Баварияны» жеңген соң ол Чемпиондар кубогын басына қойып, оны Массимо Мораттиге берді.

«Араб шейхтары, ғаламдық инвестициялық қорлар мен ресейлік миллиардерлердің уақытында мен Мораттидің «Интері» секілді отбасылық командаларды сағынамын, - деді Дзанетти Сюзанна Вермелингердің ІІ Capitano кітабында. – Бірақ бізде болған отбасылық жағдайды қашан да сағынып өтемін». Бірде Дзанетти, Кордоба және Камбьяссо үшеуі Мораттиге кешкі асқа барған. «Түнде қайда барғалы жатсыңдар? Менікінде қонып кетіңдер, ертеңгісін бірге таңғы ас ішеміз» - деді Моратти. Кейін бразилиялық шабуылшы Адриано әкесінің қайтыс болғанын естіп, күйзеліп, өз талантын алкогольмен жоғалтып жүргенде, оны Дзанетти ғана емес, Мораттидің әйелі Милли де жұбатуға тырысты.

Чемпиондар кубогын жеңіп алған соң, Дзанетти көз жасына ерік берді – қатарынан екінші рет әлем чемпионатына бара алмайды. Тағы да іріктеу турнирін толығымен өтіп шығып еді. «Ол өз қалпында емес», - деді Диего Марадона.

rue44fd333888.jpg

Төрт айдан кейін Дзанетти Палермода Ливеранимен соқтығысып қалды, бірақ матчты жалғастыра берді. Әйтсе де, киім ауыстыратын бөлмеде өзін нашар сезінді: құсқысы келіп, ауыр демалып тұр. Тынысын қалпына келтіруге тырысты – сәтсіз. «Жылдам дәрігер шақырыңдар, менде ұстамалы жүрек ауруы, ауа жұта алмаймын, өліп барамын!», - деп айқайлап жіберді. Оны сол жейдесімен жатқан күйі алып кетті. Жедел жәрдем көлігінде телефоны шылдырлай бастады. Әйелі. «Теледидарда инфаркт болғанын айтты» - «Паула, инфаркт болса, тұтқаны көтермес едім. Қасымда Кордоба бар, саған хабарласып тұрады», - деді Хавьер терең дем ала.

Миланға қайта оралғанда да жағдайы нашарлап, ота жасау керек болды. Бірақ ол қаладағы ең мықты маманға барды. Дәрігер екі апта бойы ештеңе істемеуге кеңес берді. Жүгірмеу, артық жүрмеу. Той күні мен бал айында жаттығу жасаған адамға мұндайды есту өте қиын. Амал жоқ, ота жасау керек. Үш аптадан кейін Дзанетти Кальяриде ойнады. Команда отырған ұшақ Хавьердің өкпесіне зақым келмес үшін төмен ұшты. Ал желтоқсанда клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында кореялық «Соннамға» гол соқты. Турнирде жеңіске жеткен соң Дзанетти трофейдің көшірмесін жасап, оны жартылай қорғаушы Андрес Гульельминпьетромен бірге ашқан Pupi балаларға көмек қорынының аукционында сатты. Бастапқы бағасы – отыз мың еуро. Бәрі де қымбаттау деп мәлімдеді, тек Клаудио Раньери ғана қолын көтерді. Қорға ақшасын аударып болған соң, ол Дзанеттиге: «Бұл сенің трофейің. Үйіңде балаларыңның көз алдында тұрсын» деді. Сол маусымның соңында Хавьер соңғы титулына қол жеткізді – Италия кубогы. «Хави, сенімен мақтанамын, - деп жазды анасы. – Ертең хабарласамын». Бірақ ертеңгі күні Виолетта Дзанетти оянған жоқ.

Екі жылдан кейін «Интер» тағы бір сәтсіз маусымын өткізіп жатты. Жетінші-сегізінші орындарда жүріп, «Палермоға» қонаққа барған. Ойын барысында Сальваторе Ароника Дзанеттидің аяғынан теуіп жіберген, Хавьер бетін ұстап, жата қалды. Ешқашан бұлай ауырмаған болар. Екі жарым айдан кейін қырыққа толатын. Бірақ дәрігер ахилланың үзілгенін айтты. Осымен бітті ме, капитан? Жоқ. Екі ай бойы Предиода аяқты емдейміз, қарашаға дейін алаңға шықпаймыз, бірақ әлі біржылдық келісім-шарт бар – демек, оралу керек. Оның үстіне, Тотти смс жіберді: «Хавьер, сені «Ромаға» қарсы келесі ойында күтемін. Жалаушаны тек сенімен ғана алмастырамын». Тотти «Интердің» капитаны басқа біреу болатынын ойлай алмаған еді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер