FooTBall Әлемі
Футбол

ХХІ ғасырда ғана чемпиондыққа қол жеткізген жеті команда

ХХІ ғасырда ғана чемпиондыққа қол жеткізген жеті команда
news-banner7
mobile-news-top

Футбол әлемі түрлі сенсацияларға бай. Гранд клубтар арасынан ел чемпионатын ортаңғол командаға ұту – бұл өте сирек кездесетін оқиға. Десек те, ХХІ ғасырда ел чемпионатын тұңғыш рет жеңген жеті ұжым бар екен.

7. «Боавишта» - Португалия чемпионы (2000/01 ж.ж)

Құрылған жылы: 1903

Португалияның топ клубтары саналатын «Порту», «Бенфика» мен «Спортингті» артта қалдырған жалғыз команда – «Боавишта». 2000-шы жылы «шахматшылар» нағыз ерлік жасап, өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанған болатын. Бұл жылдары «Боавишта» «Портуны» бір ұпайға озып, көптен күткен чемпиондыққа қол жеткізді. Рикарду, Педро Эммануэль, Эрвин Санчес бастаған жігіттер клубтың тарих бетін жаңартқан болатын. Жайме Пашеку баптаған команда ел біріншілігінен тыс, Чемпиондар лигасында да біраз жерге дейін жеткен болатын. Кейін, 2008-ші жылдары «Боавишта» «келісілген ойындарда» ұсталып, кәсіпқой футбол клубы атағынан айырылды. Тек 2014-ші жылы ғана Португалия футбол Федерациясы «шахматшыларға» кәсіпқой клубы атағын қайта беріп, Португалияның Суперлигасына жолдама сыйлады.

edc94c85c441a24e7af5b76ee92f7fbc.jpg

6. «Вольфсбург» - Германия чемпионы (2008/09 ж.ж)

Құрылған жылы: 1945

«Жасылдардың» 2008-ші жылы «Баварияны» чемпиондық титулсыз қалдырғаны әлі естеріңізде шығар. Фелик Магаттың шәкірттері бұл жылдары әдемі ойын көрсетіп, Джеко сынды жаңа жұлдызды барша әлемге паш еткізген болатын. Бразилиялық Графите мен босниялық Джеко жұбы бір маусымда 54 (!) гол соғып, өз командасына тарихи чемпиондықты сыйлаған болатын. Звездан Мисимовичтің де ассистенттік қабілеті жақсы білінді. «Вольфсбург» 2008/09 маусымында «Бавариядан» екі ұпайға көп жинап, Бундеслиганы жеңіп алды. Айта кетер жайт, Қазақстан құрамасында бір матч өткізген Сергей Каримов те Германия чемпионы сапында бір матч өткізіп, алтын медальға ие болған.

8b757576e66bba7a8ee9b21b3b2a6a06.jpg

5. «Бурсаспор» - Түркия чемпионы (2009/10 ж.ж)

Құрылған жылы: 1963

Португалия чемпионатындағыдай Түркияда үш жетекші команда бар: «Галатасарай», «Фенербахче» және «Бешикташ». Ұзақ жылдар бойы осы үш ыстамбұлдық ұжымның біреуі үнемі чемпион болатын, бірақ 2009/10 маусымында «Бурсаспор» нағыз сенсация жасады. 10 млн. бюджеті ғана бар Эртугрул Сагламның командасы соңғы турда «Бешикташты» ұтып, тарихи чемпиондыққа қол жеткізген болатын. Ең қызығы, «Фенербахче» соңғы турда «Трабзонспорды» ұта алмай, чемпиондықты бурсалықтарға бере салды. «Трабзонспорды» ол жылдары Омер Эрдоган, Пабло Беталья (қазірде ойнап жүр), сұрмерген қақпашы Димитр Иванков, Cерхан Йилдирим, Леонардо Иглесиас сынды жігіттер жеңіске жетелеген болатын.

c155fd46650d91523c3b12718fcbe59f.jpg

4. «Твенте» - Голландия чемпионы (2009/10 ж.ж)

Құрылған жылы: 1965

Тура сол жылдары Голландия чемпионатында да сенсациялық нәтиже тіркелді. Бұған дейін ешқашан бірінші орын алмаған «Твенте» ел чемпионы атанды. Стивен Маклареннің шәкірттері керемет бабында болған «Аяксты» артта қалдырып, керемет нәтижеге қол жеткізді. «Твенте» Суарес бастаған команданы бір ұпайға озып кетті. Энсхедтік команда бұл жеңісі үшін бас бапкер мен костарикалық шабуылшы Брайан Руисқа көп рахмет айтуы керек. Соңғысы бір маусымда 24 гол соғып, өз командасын алға сүйреді. Сондай-ақ, словакиялық Мирослав Стох өзін мықты қырынан көрсетті. «Челсиден» жалға алынған футболшы 10 гол соққан болатын. Сонымен қатар, қорғаныста Сандер Боксер мен Дуглас көп пайда әкелді. Бұл команда «Твенте» тарихындағы ең мықты ұжым болып есептелетіні анық.

5738941c692da730383ee6cb1ab71795.jpg

3. «Монпелье» - Франция чемпионы (2011/12 ж.ж)

Құрылған жылы: 1974

2011-шы жылы Франция чемпионатында «фуррор» жасаған команда – «Монпелье». Шейхтер сатып алған ПСЖ, мықты «Лион» мен «Лилль» ешқайсысы Ренер Жирардың командасын тоқтата алмады. «Монпелье» чемпионатта керемет ойын көрсетіп, әділетті әрі тарихи жеңіске жетті. Оливье Жиру өзінің бомбардирлік қабілетін көрсетсе, қорғаныста Янга Мбива мен Анри Бедимо нық ойнады. Юнес Бельханда, Джон Утака, Сулейман Камара, Реми Кабелла сынды футболшылар да көпшіліктің көзіне түсті. Қарапайым бюджетке қармастан Ренер Жирардың командасы Карло Анчелотти жаттықтыратын ПСЖ-ға еш мүмкіндік бермей, чемпионатты бірінші орында аяқтады.

ded76cc74eb480f494888b24e8eef3ca.jpg

2. «Гент» – Бельгия чемпионы (2014/15 ж.ж)

Құрылған жылы: 1900

Осыдан екі жыл бұрын «Гент» футбол клубы өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионатын жеңді. 117 жылдық тарихи бар команданың бұл уақыт аралығында бірде-бір ел біріншілігін жеңбеуі – «нонсенс». Көп жылдар бойы «Гент» ортаңғы команда болып саналатын. «Брюгге» мен «Андерлехттен» айласын асыра алмай жүрген команда тек 2014-ші жылы ғана чемпиондыққа қол жеткізді. Хейн Ванхазебруктің шәкірттері тарихи жеңіске жеткен соң, келер жылы Чемпиондар лигасында рекорд орнатты. «Гент» бельгиялық клубтар арасында тұңғыш болып Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Лоран Депуатр, Даниел Милишевич сынды мықты ойыншылары бар ұжым топтық кезеңде «Валенсия» мен «Лионды» плей-оффсыз қалдырды. Әйтсе де, 2015/16 маусымында «буйволдар» чемпиондық атағын қорғай алмады. «Брюгге» – чемпион атанды.

a80fd536b31c06f390de74eacefd7810.jpg

1. «Лестер» - Англия чемпионы (2015/16 ж.ж)

Құрылған жылы: 1884

ХХІ ғасырдың басты сенсациясы десе де болатын команда – «Лестер». Әлемде ең мықты лигалардың бірі Англия біріншілігінде аутсайдердің чемпион болуы – нағыз ертегі. Бірақ Клаудио Раньеридің командасы үшін емес. Кезінде Абрамовичтің «Раньери ешқашан чемпион болмайды» деген сөздерінен кейін «Челсиден» кеткен италиялық маман араға 10 жыл салып, сапында бірде-бір жұлдызы жоқ «Лестермен» Англия чемпионы атанды. «Челси», МЮ, «Арсенал», МС, «Тоттенхэм» бар да, өткен жылда «Чемпионшипке» ұшуға жақын команданың топ жаруы – барша әлемді таң қалдырды. Джейми Варди, Рияд Марез, Нголо Канте бастаған жігіттер маусым ішінде тек үш рет қана жеңіліп, мерзімінен бұрын чемпиондық титулға қол жеткізді. Өкінішке қарай, биыл «Лестер» нашар өнер көрсетуде. Раньеридің ұжымы турнирлік кестенің 15-ші сатысында жайғасып, сырт алаңда ешкімді жеңе алмауда. Есесіне, Чемпиондар лигасында «түлкілер» 1/8 финалға жолдама алып, енді келесі айда «Севильямен» күш сынасады.

7a6c42b66574251622d33a74cc6214c4.jpg

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер