Блогбастер
Футбол

«Африкаға бармасам, өліп кетемін». Әлемдегі ең үздік футбол скауты

«Африкаға бармасам, өліп кетемін». Әлемдегі ең үздік футбол скауты
news-banner7
mobile-news-top

1

Сол күні таңда оны Голландия жастар құрамасының бапкері Карел Акеманның қоңырауы оятты.

- Пит, менің нөміріме кіріп кетші.

- Құдай-ау, Карел, сағат неше? Не болып қалды?

- Телефонның әңгімесі емес, Пит.

Ол тулондық қонақүйдің ескі едендерін сықырлатып, қадамдарын үдетіп келеді. Сол екі минутта оны мазалаған сан сұрақтар нұсқа түріде тізбектелді. Питтің миы әдейі бұл нұсқалардың жарысын өткізіп келеді, бірақ жеңімпаз ең қорқыныштысы болды: бұл нұсқаның қорқытқаны сонша, ол Карелге жылдам барған дұрыс па, жоқ баяулатқаны жөн бе – білмей дал. Әйтеуір жетті, есікті қағып, табалдырақтан сұрады:

- Джанетке бірдеңе болды ма? Қаза тапты ма?

Тулондағы жастар турниріне Пит де Фиссер алпысыншы жылдардың соңында әйелі Джанетпен баратын. Ол әйелін тапқыр шеберлігі үшін Коломбо деп атайды. Пит жас болса да, белгілі бапкер еді. Бірінші маусымында «Телстарда» жұмыс істеп, әйеліне Лазур жағажайына демалып қайтуды ұсынды. Жолда Пит футбол алаңын көріп, тоқтап қалды. Бельгиялықтар мен чехославкиялықтар ойнап жатқан. Олардың демалыстары осылай тамаша өтті: Джанет Жерорта теңізіне шомылса, Пит жас командалар турнирін тамашалады. Джанет Меньер сырқатымен ауыратын, сондықтан бала көтермеген еді, ал сексенінші жылдардың соңында Джанет қатерлі ісікпен ауырды. Оған ота жасалған, бірақ кез келген уақытта жағдайы нашарлап кетуі мүмкін еді. Сондықтан Пит 1989 жылы Тулонға өзі кетті.

- Жоқ, Пит, тыныштал, әңгіме Джанет туралы емес, - деді Карел. – Әңгіме суринамдықтарда.

Де Фиссер жаттықтыратын «Виллемде» орталық қорғаныста екі суринамдық болатын: Рубен Когелданс пен Ульрих ван Гоббел. Гоббелдің анасы баласын бақылауда ұстауды сұраған, Ульрих жаман адамдармен байланыса бастапты, қылмыс қызықтары оның басынан футболды алыстата берді. Де Фиссер ван Гоббелді ертеңгісін де, түс пен кешке де жүгірте берді. Нәтижесінде 1989 жылы Ульрихты бірден екі командаға шақырды, голландиялық жастармен бірге Тулон турниріне және Парамарибодағы голландиялық суринамдардың құрамасы өткізетін матчқа. Де Фиссер суринамдық команданың бапкері Ник Стинстреге ван Гоббелдің Францияға барып қайтқаны пайдалы екенін айтады. Бірақ онда тағы бір суринамдық ойыншы Когелданс бар еді. Соны Парамарибоға алып кетуге болады – ол әзірше әлсіздеу, бірақ мұндай тәжірибе оған көмектеседі.

Бұл, расымен де, 22 жастағы Когелданс үшін үлкен шақыру болатын: ол «Аякс» пен «Твентенің» тәжірибелі ойыншыларымен бірге Парамарибоға ұшып кетті.

- Олардың ұшақтары Парамарибода апатқа ұшырады, - деді Карел Акеманн. – Он сегіз ойыншының төртеуі ғана тірі қалды. Когелданс қайтыс болды, Пит.

Бір минут бұрын де Фиссер әйелінен айырылғанына сенімді болған, бірақ бұл ойының расталмағанына қуанып та үлгерген жоқ, жаңа соққы алды: жеке өзі, Пит де Фиссер, Суринамға жіберген, үлкен отбасы алдында сапарға кететінін мақтанып жүрген жігіт енді жоқ.

Рубен Когелданс туралы естіген соң, Пит бірнеше жыл бұрын ота жасалған жүрегінің қайта сыздағанын сезді. Тоқсаныншы жылдардың басында Питке екінші рет ота жасалды.

Ол қырық жасында бапкерлік мансабын аяқтады.

alt

2

Де Фиссер жиырма екі жыл бойы бапкер болды, кезінде әкесінен: «Футболдан ақша таба алмайсың. Дұрыс жұмыс ізде» дегенді естіген-ді. Де Фиссердің әкесі Роттердамнан жеміс-жидектер мен көкөністер әкеп сататын. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін бес көлігі бар еді, кейін біреуі ғана қалды. Тақыр қалмауы үшін, ол Бельгиядан табактар мен джин әкелетін. Ал баласын жүкші ретінде пайдаланған, Пит футболға көңіл бөле бастағанда ашуланатын еді.

Пит бала кезінен бәлеге тап бола беретін. Бірде ол 25 центтік тиынды жұтып қойғаны бар. Анасы баласының көгеріп кеткенін көріп, тиынды әрең шығарып алған еді. Кейін Пит өзенде әкесінің конькиін теуіп жүріп, мұз жарылып кеткен. Маңында ешкім болмаса да, Питтің өзі шыға алды. Сол өзеннің суында жаңа конькидің бір сыңары қалып қойғаны үшін, әкесінен сөз естіген еді.

Пит футболмен Флиссингенде айналыса бастады, сол жаққа анасының велосипедімен баратын. Футбол ойнауға әскер бөгет болды, бірақ әскерде жүріп ол өзінен бес жас кіші Джанетпен кездеседі. Ол кезде Джанет су добымен айналысатын, артынша бассейнде нұсқаушы болды. Әскерден кейін Пит Джанетті алып, скутермен Францияға саяхаттап кетеді.

Голландияда кәсіпқой футбол заңдастырылған соң үш жылдан кейін Пит әскерден оралды. 1934 және 1938 жылғы әлем чемпионаттарына қатысқан Кик Смит де Фиссерді «Алкмаар’54» клубына шақырды. Пит клубтың мүшесі болмағандықтан, Йонни Блок деген атпен ойнап жүрді. Ол аптасына 40 гульден және әр жаттығу сайын 4-5 гульден табатын. Мұны естіген әкесі футбол ойнауға тыйым салады. Пит де Фиссердің, дәлірек айтқанда, Йонни Блоктың мансабы осылай аяқталады.

alt

3

Пит жаңа жұмыс іздеп жүріп, әкесіне жемістерді әкелуге көмектесетін. Кейін де Фиссер «Спартаның» жастар командасына бапкер болып қабылданады. Де Фиссер футбол ғана емес, дзюдо мен гимнастика бойынша да сабақ берді.

Бірде Швейцариядағы турнирде «Спартаның» бапкері Билл Томсонмен бірге Пит түнгі клубқа барады. Сарқырамадай төгілген ішімдіктер мен әдемі қыздардың арасында Томпсон екі кесе шәй әкелуді сұрайды. Даяшы әзілдеп, мұнда шәйден басқасының бәріне де тапсырыс беруге болатынын айтқанымен, Томпсон өзінің сөзін өзгертген жоқ: «Бізге шәй керек». Тілеуі орындалды. Сол жағдай де Фиссердің есінде мәңгілікке сақталды.

«Спартаның» екінші бапкері ретінде Пит чемпионат пен екі рет кубокты ұтып алды да, «Дордрехтың» бас бапкері қызметіне шақыртылды. Отыз жасқа толмастан бас бапкер атанған ол белсенділігімен бәрінің есін шығарған, алғашқы он екі күнде он бір жаттығу өткізді, бұл ойыншылар үшін жаңалық болды: олар ертеден кешке дейін бір жерде жұмыс істейтін, ал жаттығу аптасына бір-екі рет қана болатын еді. Бірақ Пит кәсіпқой клуб жасақтап жатқан болатын: де Фиссердің арқасында ойыншыларға жеңіс үшін жүз гульден (тең есепке – 50, жеңіліске – 20) берілетін, жейделері болды, енді жарақат алғандарды дәрігерге апарады.

Де Фиссер қаладағы қабілетті футболшылар үшін жанын салатын. Мысалы, Ян Кленьян дейтін он тоғыз жастағы бала болатын. Автосервисте жұмыс істейтін оны де Фиссер жаттығуға алып келді. Үш жылдан соң Кленьян Голландия құрамасы сапында ойын өткізіп, артынша француздың «Сошо» клубына кетіп қалды.

alt

4

Де Фиссер «Дордрехты» бірінші дивизионға алып шығып, «Телстарға» кетіп қалды. Мұнда екі бразилиялық футболшы Карлос және Уилсонды жаттықтыратын. Карлос мықты еді, ал Уилсон – жаттығу қаһарманы, ал матчтарда жоғалып қалады. Бірде сенбіде Пит джаз тыңдау үшін барға кіреді, мұнда саксофонда ойнап отырған өзінің бразилиялық футболшысы Уилсон екенін көреді. Ертең ойын болатынын еске алған де Фиссер ашуланып кетті. Бірақ джазды қатты жақсы көргені соншалық, жанжал шығарған жоқ. Уилсонның ойынынан ләззат алып отыра берді – футбол емес, саксофон ойыны.

Үш жыл бойы де Фиссер «Телстарды» жоғары лигада ұстап тұрды. Де Фиссердің кезінде «Телстар» қақпашысы Хейнц Стей ашыла бастады. 1967 жылы Стей «Аякске» қажет болды, бірақ де Фиссер Голландияның үздік қақпашысын жібергісі келмеді. Әйтсе де, бапкер Ринус Михелс те қойған жоқ; «Пит, біз «Аякспіз». Аламыз да кетеміз, болды». Пит тағы бір мықты қақпашымен келісіп қойған болатын, сондықтан Стейді бергісі келмегендей болып, оның бағасын арттыра берді. Нәтижесінде оны 150 мың гульденге сатып жіберді. Артынша Стей «Аякспен» бірге Чемпиондар кубогын үш рет жеңіп алды.

Де Фиссер жетпісінші жылдардың алғашқы жартысында «Де Графсхапты» жаттықтырып, ойыншыларды азапқа салатын. Ойын алдында ішу және темекі шегуге ғана емес, қыздардың қасына баруға да тыйым салды. Алғашқы маусымды орта тұста аяқтады. Командаға ортаға тағы бір мықты ойыншы керек болды. Де Фиссерге бір ой келді: ПСВ-дан «Де Графсхаптың» тәрбиеленушісі Гус Хиддинкті қайтарып алу. Бірақ оған ақша керек болатын.

Де Фиссер жанкүйерлерге трансфер үшін ақша жинауды ұсынды. Пит қалаға бірнеше жәшіктер қойып, «Гус үшін» деп жазып қойды. Сөйтіп, Гус қайтып оралып, өз клубына жоғары лигаға шығуға көмектесті.

Қиын кездері оған Джанет тірек болатын. Пит өз әйелін моторға балайтын, ол болмаса, ойлары іске аспас еді.

alt

5

Пит пен Джанеттің балалары болған жоқ, бірақ көбісі де Фиссерді екінші әкесі деп санайтын. Мысалы, «Де Графсхаптың» жартылай қорғаушысы Вим Майерс. Пит оны данышпан деп атайтын, бірақ Вим тек Питтің командасында ғана данышпан болды. Майерске бақылау қажет екенін тек Пит білетін, Вимнің қыздары туған күнін атап өтсе, де Фиссер сыйлық алып келетін. Кейін Вим отыз сегіз жасында ауруханаға түскенде де, де Фиссер күнде келіп тұрды. Артынша Майерс отбасымен ажырасып, үйсіз қалғанда, де Фиссер мен Хиддинк оған баспана сатып әперген болатын.

Питті техникасымен сүйсіндірген тағы бір жартылай қорғаушы – румын Корнел Дину. Ол бельгиялық «Моленбектің» тізгінін ұстаған соң осы футболшыны командаға алып келуді қалады. Соцлагерьдегі ойыншыны заңды тұрғыда алып келу мүмкін емес еді, бірақ Питке тамаша ой келді. Ол Дину ойнайтын бухаресттік «Динамоны» Моленбекке жолдастық матчқа шақырып, ойыншыны алып қалмақ болды. Бірақ бұл үшін бірінші «Моленбектің» басшылығын көндіру керек еді. Де Фиссер мен клуб басшысы жолдастық кездесуге келісу үшін «Динамо» - «Стяуа» ойынына барды. Бірақ Бухарестте бельгиялық қонақтарға көрсетпес үшін, Динуды алаңға шығарған жоқ. Сондықтан Динудың орнына «Моленбек» Мортен Ольсенді сатып алды. Кейін Ольсен «Аякс» пен Дания құрамасын жаттықтырады.

Бельгияда де Фиссердің жүрегі алғаш рет сыздады, бұл сырқат – әкесінен қалған «мұра». «Моленбектің» басшысы де Фиссерге көмекші ретінде өзінің ұлын ұсынды, бұған ренжіген Пит Гаагаға кетіп қалды, мұнда жартылай қорғаныста Дик Адвокат ойнап жүрді. Пит «Ден Хаагта» екі жылын өткізген. Кейін оның анасы қатерлі ісіктен көз жұмды, бұған шыдай алмаған әкесі де бір жыл өтпей қайтыс болды.

alt

6

Ата-анасы қайтыс болған соң үш жылдан кейін Питтің інісі де қатерлі ісіктен көз жұмды, ал Джанеттен гипофиз ісігі табылды. АЗ-да жұмыс істеп жүрген Питтің өзінен жүрек түтікшесінің жабылып қалғаны анықталды. Сөйтіп, АЗ-да бас бапкердің көмекшісі болудан бас тартқан ол «Виллем-ІІ» клубына кетіп қалды.

Клуб банкроттың алдында тұр еді, Пит команданы жоғары лигаға алып шықса ғана ақша төленетініне келісті. Пит мақсатын орындады, ал «Виллем» үш миллион гульден көлеміндегі қарыздарынан құтылды. Де Фиссер отбасылық трагедия мен жүрегіне жасалған отадан соң өмірге қайта келгендей болған еді, бірақ Рубен Когелданстың дүниеден озуы сол жағдайға қайта әкеліп тастады.

Де Фиссер ақырындап бапкерліктен алыстап, скауттық жұмысқа жақындай берді. 1991 жылы «Гоу Эхед Иглстегі» Марк Овермарстың төрт ойынын көру жеткілікті болды: бұл адамды «Виллемге» сатып алу керек. Овермарс үшін алты жүз мың гульден сұралды – бұл он жеті жастағы бала үшін өте көп, бірақ де Фиссер оны «Виллемге» алып келді. Бір жылдан кейін «Виллем» Овермарсты 1,6 миллион гульденге сатып жіберді.

Бірде де Фиссер «Виллемді» Габондағы турнирге алып барды, сол жақта гвинеялық шабуылшы Мохаммед Силланы көреді. Де Фиссер «Либревиль» президентінен Силланы Голландияға жіберуін сұрайды, бірақ клуб басшысы талап қояды: клубпен бірге маусым алдындағы жиындарды өткіз, кімді қаласаң, соны алып кете бер. Де Фиссер бір айға Габонда қалып,сол жақта алпыс африкалықты жаттықтырды.

Сөйтіп, Силла Голландияға аттанды, ал де Фиссерге бірнеше жылдан кейін Африка кубогында Гвинея құрамасының бапкерлік штабына ену ұсынылады. Пит гвинеялықтарға Маркельде жиын өткізеді, ал Туниске аттанбас бұрын оларды ел президенті Лансана Конте қабылдайды. «Гвинея сендерге үміт артады», - деді Конте. Бірақ Гивнея құрамасы барлық матчта жеңіліп қалып, топта соңғы орын алды.

1997 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында де Фиссер ПСВ скауты болып жүріп, он алты жастағы ганалық плеймейкер Годвин Аттрамды тауып алады. Де Фиссер ПСВ басшысы Харри ван Райға Аттрамның қажет екенін, жас Платини секілді ойнайтынын айтады. 18 жасында Годвин ПСВ-мен бес жылдық келісім-шартқа отырады. Бірақ голландиялық полиция футболшының жасына сенбейді, ал Годвин өзінің 18-де екенін дәлелдей алмады. Сөйтіп, Аттрам Африкаға қайта оралды, бірақ де Фиссерді ұмытқан жоқ. Ол Питтен баласына кіндік әке болуын сұрап, әйелі Джанеттің ота ақысын төлеп берді.

alt

7

Әлі танымал емес таланттарды іздеп, оларды ашуды Пит өте жақсы көретін.

Бірде ағаштардың арасында жалғыз өзі доп теуіп жүрген баланы көзі шалады. Келесі күні де сол жерден көрген соң, танысуды ұйғарады. Бұл жігіттің есімі – Эрни Брандтс. Пит оны «Де Графсхаптың» жастар командасына шақырып, оған бутса мен спорттық киім берді. Екі жылдан кейін оны ПСВ сатып алады, араға тағы бір жыл салып ол Әлем кубогының финалында Аргентинаға қарсы ойнады.

1958 жылы Пит Швейцияға барып, әлем чемпионатын тамашалап, плэй-оффта алты гол соққан бразилиялық жас футболшыны көреді. Бұған дейін оны еш жерде естімеген еді. Артынша ол италиялық Римини қаласына барып «Сантостың» жаттығуларын тамашалап жүрді. Бұл командада Питті таңқалдырған Пеле доп теуіп жүрген болатын.

1993 жылы ПСВ-ның скауты де Фиссер франциялық Сан-Бриеде 16 жасар Роналдоны көреді. Пит бұл футболшыны ПСВ-ға сатып алуды ұсынады. Себебі клубқа шабуылшы қажет еді. Голландиядағы екі жылында Роналдо 70 матчта 66 гол соғып, «Барселонаға» ауысып кетті.

Де Фиссер Бразилияны аралап жүріп, әр штатында ақпарат беруші адамдар жалдап қояды. Сөйтіп, жас таланттарды бірінші болып байқайтын. 2003 жылы Гус Хиддинк үздік үш жас қақпашыны атауын сұрайды, сонда Пит былай деп жазды: 1) Эурелио Гомес, 2) Эурелио Гомес, 3) Эурелио Гомес. Густың «Неге ол?» деген сұрағына «Бұл жігітті менен басқа ешкім көрген жоқ. Аяғы сынған, ойнап жүрген жоқ, оны 1,2 миллион еуроға сатып алуға болады» деп жауап қатты. Гус Питке сенім артты, Гомес ПСВ-мен бірге төрт рет Голландия чемпионы атанды.

2004 жылы де Фиссер ПСВ-ға Карлос Тевесті сатып алуға кеңес береді. Гусқа да бұл шабуылшының ойыны ұнап, онымен жақынырақ танысқысы келеді. Бірақ кездесуге келіскен соң, Тевес Хиддинк туралы ұмытып кетіп, кешті екі қызбен өткізеді.

Неймардың жасы 15-ке жеткенде де Фиссер оны «Челсиға» ұсынады – трансфер құны 5 миллион еуро болатын. Бірақ «Челси» жасөспірім үшін мұнша ақша бергісі келмеді. Алты жылдан соң Жозе Моуриньо «Челсиге» қайта оралған соң Неймарды сатып алғысы келді. Бірақ ол кезде трансферге 40 миллион да жеткіліксіз болды.

Де Фиссердің қолдауымен «Челсиге» Оңтүстік Америкадан бірнеше футболшылар келе бастады: Оскар, Рамирес, Виллиан, Давид Луиз, Кенеди, Натан және Лукас Пиазон.

alt

8

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында де Фиссердің жағдайы ауырлап кетті. Анасы секілді Питтің де өңешінен қатерлі ісік табылды. Ота өте ауыр өтті. Де Фиссер артынша отадан кейінгі үш аптасын тірі емес, өлі адам секілді өткізгенін есіне алды: «Жағдайымның ауыр болғаны сонша, терезені ашыңдаршы, секіріп кетейін деп өтіндім».

Пит ғарышкерлерге арналған тағамды ғана іше алатын, ешқандай ұйқы жоқ. ПСВ-ның басшысы Харри ван Рай мен спорт директоры Франк Арнесен апта сайын матчтар жазылған кассеттер әкеліп тұрды. Пит оларды түнімен қарап, ПСВ үшін жаңа ойыншылар іздеумен болды. Сонымен қатар, Джанет те Питтен бір елі алыстаған жоқ. Бірде де Фиссер белгілі бапкер Луи ван Галдан қолдау хатын алды. Екеуі жақын таныс емес еді, бірақ ван Гал осындай диагноз бойынша әйелі Фернандудан айырылып қалған болатын, сондықтан Питті өте жақсы түсінді.

Джанет Питті кітап немесе бақтағы жұмыстармен қызықтырғысы келген, бірақ де Фиссер нашақор адам секілді ойындар жазылған жаңа кассеттерді күтіп, ұзақ уақыт бойы соны қарап отыратын.

Отадан кейін төрт ай өткен соң де Фиссер Африка кубогын қарау үшін Буркина-Фасоға аттанды. «Коломбо, ол жаққа бармасам, өліп кетемін», - деді Пит әйеліне.

Джанет жіберді.

alt

9

Уагадугу. Қырық градус ыстық. Чемодан ғарышкерлерге арналған тамақтарға толы. «Сенің, расымен де, футболдан есің кеткен екен»,- деді әріптестері. Қасында Бобби Робсонның болғаны қандай жақсы, ол Питке көмектесіп жүрді.

Сол сапар Питке баяғы күшін қайтарып берді. 2003 жылы Роман Абрамович оны «Челсиге» шақырды. Абрамовичті де Фиссердің құрам туралы пікірі қызықтырған. «Шынымды айтайын ба?» - «Шыныңды ғана». – «Сіздер Верон мен Креспоны сатып алдыңыздар, бірақ олар Аргентина мен Италияда мықты болғанымен, Англияға басқа ойыншылар керек. Бұлар сәтсіз трансферлер».

2004 жылы Еуропа чемпионаты кезінде Пит «Челси» қожайынының яхтасында тұрып жатқан. Бірде Абрамович де Фиссердің бөлмесіне келіп, соңғы ойындардың жазбасын қосты да, соны талдауын сұрайды. Кейін Лиссабондағы ойын өтіп, артынша де Фиссер ширек финалда Голландия – Швеция матчын тамашаласа, жақсы болатынын айтады. «Пит, біз қазір-ақ жүзіп кетіп, ертең Голландияға жанкүйер боламыз», - дейді Абрамович. «Ендеше сізге менікі секілді қызғылт жейде қажет», - дейді де Фиссер қуаныштан. Негізі, Пит қалжыңдаған еді, бірақ ертеңіне Абрамович қызғылт түсті киіммен шықты.

Германиядағы әлем чемпионатында олар күніне үш ойын тамашалап үлгеретін. Де Фиссер Абрамовичке трансфер бойынша ғана емес, футболдағы басқа мәселелер бойынша кеңес беріп жүрді. Питтің кеңесімен «Челси» Франк Арнесенді шақырды. Ал Абрамович Ресей құрамасының демеушісі болғанда жаңа бапкер ретінде Гус Хиддинк туралы айтқан болатын.

Де Фиссердің айтуымен, «Челси» сегіз бразилиялықтан басқа, Чех, куртуа, Роббен, Микел, Калу, Лукаку, де Брюйнені сатып алды. Ал кейін де Фиссер скауттық қызметін бітіргісі келгенде, Абрамовичтің өтінішімен бұл ойынан бас тартты.

alt

10

«Коломбо, сен менің ақылшым әрі тіреуім болдың, - деді Пит 2013 жылы Рождествоның алдында. - Менің өмірімде сен және футбол болған. Енді футбол ғана қалды. Ең соңында, сенің сүйікті әніңді қосамын. Оны өзімнің орындағаным дұрыс еді, бірақ Барри Уайт мұны жақсырақ айтады».

Осымен үш жылдай Пит де Фиссер қатерлі ісікке қарсы күресте жеңіліп қалған Джанетсіз өмір сүріп жатыр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер