Блогбастер
Футбол

«Көше мені бүлікшіл қылып жіберді». Ол Зиданның орнын басуы тиіс еді

«Көше мені бүлікшіл қылып жіберді». Ол Зиданның орнын басуы тиіс еді
news-banner7
mobile-news-top

Тұтқындалған кезде одан револьвер, алты патрон және 11 мың песо табылды. Төреші Альфредо Дунхей полицияға былай депті: Фабиан О’Нил қолына стақан алып, беліне револьверін тағып, ойын алдында киім ауыстыратын бөлмеге кіріп келді де, өз «Дефенсорының» жеңіске жетуін қамтамасыз етуді талап етті. Ол аванс ретінде 2 мың, ойыннан кейін 20 мың песо беруге уәде берді. Сотта О’Нил Дунхеи мен қарсыластарының алдында кешірім сұрап, бұл ісін туған клубы «Дефенсор» банкрот болып жатқанымен түсіндірген. Ол жас ойыншыларға бутсалар, жейделер мен доптар сатып алғандықтан өзі ақшасыз қалса да, жігіттердің жеңіске жеткенін қалаған. Оны екі айға қамап тастап, алдағы жарты жылда стадионға баруға тыйым салды. Стадион туралы көнуге болады, бірақ екі ай бойы алкогольсіз болу – бұл шектен шыққандық. Ол алғаш келген досынан виски әкелуін сұраған, бірақ күзетші бұл ойларын біліп қойды да, аталмыш оқиғаны басылымдар жаза бастады. О’Нил тағы да мазақ болды. Бұған дейін мас күйінде ауылдағы аукционға барып, 250 мың еуроға 1104 сиыр сатып алғанда да күлкіге қалған еді. Тек ертеңгісін ғана О’Нил Уругвайдың түрлі облыстарынан сиырлар сатып алғанын білген. Таныс бухгалтері арқылы сиырлардың басым бөлігін өз қожайындарына қайтартып бергенімен, үш жүзге жуық сиырды О’Нилдің өзіне алып кетуге тура келді.

2013 жылдың жазында О’Нил шешім шығарды: қырық жылының отызын ішумен өткізді. Тоқтайтын да кез келді.

Ал оны 1986 жылдың күзінде тоқтатып көріңдер. Жарты сағаттан соң финал, Фабиан әлі жоқ, бапкер Рауль Мартинес оның үйіне желдей ұшып барды, сөйтсе, есікті ашқан әже «Түнде мені танымайтын жағдайда келді» деп жауап берген. Мартинес Фабианның бөлмесіне барып, душқа кіргізіп алды да, қолына екі аспирин мен коланы ұсынған. Әжесінің қарсы болғанына қарамастан, «мен ол болмаса, финалда ұтылып қаламын» деп алып кеткен. Сол күні «Дефенсор» 4:2 есебімен жеңіске жетті, Фабиан дубль жасады. Ол кезде жасы 13-те ғана болатын.

Ол әжесімен бірге үлкен үйде тұрады. Кезінде Марина Домингес 17 жасында кедей футболшы Луис Альберто О’Нилге күйеуге шығып кеткен. Бірақ артынша олардың кедей тұрып жатқанын көрген әжесі Фабианды өзімен бірге алып қалған. Марина мен Луис кейін үй салып, тағы үш бала туса да, Фабиан әжесінің қолында қала береді.

Он бір жасында ол шұжық сатумен айналыса бастады. Тапқан табысын ол үлкендермен бірге құмар ойындар ойнаумен құртады. Сөйтіп, солармен бірге виски мен темекіні үйренеді. Әжесі Фабианды Мария Оксилиадор колледжіне түсіреді. Бірақ күндіз шұжық сатып, түнде карта ойнасаң, оқуға қолың да тимейді. Сөйтіп, оқуды тастап кеткен ол ұста болады да, өзінің алғашқы бапкері Рауль Мартинестің үйіндегі терезеге металл шілтерін жасап береді. Жоғарыда айтқан финалдық ойыннан кейін О’Нилді сексенінші жылдардың соңындағы Оңтүстік Американың үздік клубы «Насьональ» Монтевидео сатып алды.

alt

«Насьональ» жастары сапындағы ойыннан кейін Фабиан үйіне қайтып кетіп, төрт күн бойы футболға бармаған. Кейде әжесінің сырқатын, кейін әпкесінің өлімін немесе жарақатты сылтау қыла бастайды. Бірде ол он бесінші минутта қызыл қағаз алу үшін қарсыласының аяғынан әдейі теуіп жіберді. Сондағы мақсаты – өзінің туған Пасо-де-лос-Торос қаласына дейін баратын күндізгі автобусқа үлгеру. Өз үйінде түнгі он бірге дейін болып, әжесі ұйықтап қалған соң, дискотекаға кетіп қалатын. Бұл істерінен соң «Насьонал» ашуға мінеді: «Жаттығудан тағы да қалсаң – бұл жақтан кете бер». Фабиан солай істеді де: кетіп қалды. Бірақ кейін бір-екі айдан соң «Насьональ» жастарының бапкері, 1966 жылғы әлем чемпионатына қатысқан Эктор Сальва келіп, клубқа қайтарып алды.

Аустралияда өтетін жастар арасынғы әлем чемпионаты жақындап келеді, Фабиан – тіркеуде. Алыс сапар – қызық, бірақ екі апта бойы жиында жүру – азап. Фабиан мен оның бөлмедегі көршісі форвард Корреа (кейін оны мадридтік «Атлетико» сатып алады) екі қабаттан секіріп кетіп, барға тұра ұмтылады. Ойлары – вино ішіп, боулинг ойнау. Бірақ ең қиыны алда болды – төрт метрлік биіктіктен секіру оңай болғанымен, оған қайта көтерілу қиынның қиыны. Бір жақсысы – бір литр вино қалды. Соны кезекшіге сыйлап, бапкерге ештеңе айтқызбай, кіріп кетті.

alt

Чемпионаттың бірінші матчында Ганамен тең түсті. Келесі Португалияға қарсы ойынның алдында Фабиан бапкер Кастельноблені бәстесуге шақырады: екі гол соқсам, таңға дейін қонақүйден жібересіз. Костельнабле келіседі, сегізінші минутта О’Нил есеп ашты. Үзіліс жақындағанда Бабу таразы басын теңестіріп тастады. Ойын аяқталар тұста португалдар ойын тәртібін бұзып, Родриго Лемос соққы жасады. Доп тосқауылға тиіп, О’Нилдің аяғына келді. Фабиан көп ойланбай, соққы жасады – 2:1. Сөйтіп, түнді Брисбен барында өткізді.

Ширек финалда аустралиялықтар түсті. Ойын бойы Фабианға ойнауға мүмкіндік бермеген соң ол екінші таймда 1:1 кезінде алмасуды сұрайды. Ал овертаймда аустралиялық Карбоне гол соғып кетті. Бұл турнирде овертаймда кім бірінші гол соқса, сол жеңіске жететін еді.

Осылайша, О’Нилдің аяғынан теуіп шыққан қарсыластарға деген, оларға ескерту жасамаған француз төрешісі Аррельге деген, дәл осы чемпионатта сынақтан өтіп жатқан алтын гол ережесіне деген ашудың бәрі киім ауыстыратын бөлмеде шықты: уругвайлықтар брисбендік стадионның есіктері мен терезелерін сындырып, жазаға ұшырады.

«Көшеге шықпа. Біз сені жейдең секілді айырып тастаймыз», - дегенді естіді Фабиан. 1994-тің күзі болатын. Үш күн бойы үйде отырды, жаттығу жасамады, телефонын көтермеді, хабарласқандар қоқан-лоқы көрсетеді. «Серроға» қарсы сырт алаңдағы матчта «Насьоноль» фанаттардың бір-біріне жау екенін ескеріп, өз жанкүйерлеріне үйде қалуды сұраған. Ойынның аяғында О’Нил баспен гол соғып, есепті 2:1 қылды да, өз трибунасына жүгірді. Бірақ онда «Насьонольдің» бір жанкүйері де болмады.

Соған қарамастан ол «Серро» фанаттары отырған трибунаға жүгіріп барып, өз жейдесін соларға лақтырып жіберді. Жанкүйерлер оның жейдесін туралап жатқанда, Фабиан қызыл қағаз алып, алаңнан кетіп қалды. Полицейлер оны қалқандарымен жауып, трибунадан лақтырылған бөтелкелерден қорқаштаумен болды. Матчтың аяғында «Серро» пенальтиден таразы басын теңестіріп тастады, ал ойыннан кейін «Насьональ» футболшылары киім ауыстыратын бөлмеде бір сағаттай отырып, О’Нилді көшеде күтіп тұрған фанаттардан қалай тығып алып шығатынын ойластырумен болды.

Төрт күннен кейін Фабиан үйінен шықты. Құраманың жаттығуына бара жатқан. «Чарруа» стадионының алдында оны «Серро» фанаттары күтіп тұрды. Фабиан олардың алдында кешірім сұрап, жаттығудан кейін бірге ішуге шақырды. Фанаттық бардың қабырғасында ол өзінің жейдесін көрді – туралап тастаған.

1995 жылдың 14 қазаны. Сенбі. Кеше оның туған күні өткен еді, ал бүгін бардың еденінде оянды. Ең бірінші болып көзге түскені – қабырға сағаты. Уақыт он екі болып қалыпты. Жарты сағаттан соң стадионға баруы керек – «Сентраль Эспаньольмен» ойнайды. Үйіне жеткен соң, душқа түсіп алды да, такси шақыртты. Үлгерді. Бірақ жаттығуда әрең қозғалып жүрді. Сәтсіз бірінші таймнан кейін тағы да душқа кіріп шықты, бас одан сайын айналып тұр. Дәрігер Вальтер Феррейраға барып: «Бапкерге айт – аяғым ауырып тұр, екінші тайм шыдамаймын» деді. Бірақ «Насьоноль» 2:1 есебімен жеңді.

alt

Бір жарым ай өтті. О’Нил «Кальяри» сапында. Клуб басшысы Массимо Челлино ырымшылдығынан опық жеді. Бірінші турдағы жеңістен соң ол маусым бойы бір орында жанкүйерлердің арасында отырды, матч алдында жауыз жындарды қорқыту үшін тұз септі, ал оның басты бойтұмары О’Нил болды. 1999 жылы «Кальяридің» уругвайлық бапкері Табарес Фабианды жаттығудан қуып шықты. О’Нил жас ойыншының аяғынан бір тепті де, «Ол мені бірінші теуіп, кешірім сұраған жоқ» деп ақталды. Артынша О’Нил не мені, не оны деп таңдау қойды. Көп ұзамай Челлино бапкер Табаресті жұмыстан шығарып жіберді. «Кальяридің» басшысы О’Нилді сондай жақсы көретін. Тіпті, уәде еткен сомадан он есе көп жалақы берді.

1997-нің жазында «Кальяри» В сериясына түсіп қалды, команда тізгінен Италия құрамасының болашақ бапкері Джампьеро Вентура ұстады. Ол О’Нилді шабуылдан орталық алаңға алып келді де, оның режимімен жұмыс істей бастады. Жазғы жиын кезінде Вентура көмекшісіне күн сайын кешкісін Фабианның тоңазытқышын тексеріп тұруды міндеттеді. Көмекші тоңазытқышты тексеріп кеткен соң, О’Нил ваннаға барып, мұз астында жатқан сырасын ішетін.

Тоғыз айдан соң «Кальяри» А сериясына қайта оралды, О’Нил Montevideo Portal-ға берген сұхбатында мойындады: «Соңғы турдың алдында «Кальяри» капитаны ретінде «Кьевоның» капитанымен келістім. Екеуімізге де тең есеп жеткілікті болды. Бірақ 82-минутта біздің жартылай қорғаушымыз Чавецци отыз метрден соққы жасап, 2:1 қылып тастады. Ол кезде мені ауыстырып тастаған еді, сондықтан біздің қорғаушы Лопеске айқайладым: «Есепті теңестіруге мүмкіндік бер, әйтпесе, бізді өлтіреді». Келесі шабуылында «Кьево» форварды Чербоне гол соқты».

Ойынның алдында О’Нил трибунадағы достарына белгі беретін: екі қолын көтерсе – келісілген ойын, біреуін көтерсе – келісе алмады. «Бірақ келісім тең есепке ғана болатын, мен ешқашан өз командамның ұтылуына келіспейтінмін». 1998 жылдың ақпанында О’Нил В сериясында жеңілуден бас тартты - «Тревизо» жанкүйерлері қолдарына таманша ұстап, «Кальяридің» киім ауыстыратын бөлмесіне кіріп келді де, матчта жеңілулерін талап еткен. Бірақ «Кальяри» жеңіске жетті, сондықтан олар стадионнан полицейлердің көмегімен кетті.

О’Нилге жаңа позициясы ұнайтын. Шабуылға қарағанда алаң ортасында допты көбірек ұстайсың. «Салернитанаға» қарсы ойынның алдында Фабиан «Вичензаның» уругвайлық шабуылшысы Отеродан футбол тарихындағы ең лас футболшымен кездесетінін естиді. «Ол кім?» - «Гаттузо. Сені арандатып, аяғыңнан іліп, миыңды айналдырады». – «Ой, қорқыттың ғой. Мен допты оның екі аяғының ортасынан үш рет өткіземін». Нөмірдегі көршісі Абейхонға қарап, «Өткізе алмасам, футболды тастаймын» деді. Бұрын да осылай бәстесіп, Уругвайдың басты дербиінде допты «Пеньяроль» қорғаушысы Николас Ротундоның екі аяғының ортасынан үш рет өткізген болатын.

О’Нил бірінші таймның ортасына дейін допты Дженнаро Готтузо ауынан үш рет өткізді де, қосалқы құрамда отырған Абейхонға көзін қысып өтті. «Ескертемін: мен бұған енді шыдамаймын», - деді Готтуза. – «Маған енді керек те емес».

alt

Зиданның «Реалға» кететінін сезген «Ювентус» О’Нил үшін 15 миллион доллар берді. Келесі маусым бойы Фабиан трибунадан «Қорқақ!» және «Қанішер!» деген сөздерді көп естіді. 1999 жылдың екінші қыркүйегінде таңғы сегізде Массимо Челлиноға тиесілі Audi-мен келе жатқан Фабиан Stop деген белгіге көңіл бөлмей, нәтижесінде Suzuki мотоциклін соғып кетті. Мотоциклде банк қызметкері Эмануэле Сикала мен оның әйелі Кармелоа Ангиус болған. Мотоциклдің құлағанын көрген О’Нил қорқып кетіп, тығылып қалады. Қырық шақырым өткен соң, шығып өз көлігін қарайды: қақпағын жоғалтып алыпты, қайту керек. Бұл жағдайды ол Челлиноға айтқан. Ол «тезірек Уругвайға қайт» деп кеңесін береді. О’Нил Венесуэлаға қарсы жолдастық ойынға кетіп қалады да, қайтып оралған соң, қол-аяғы сынған Эмануэле мен Кармелоаға кіріп шықпақ болады, бірақ оны кіргізбейді. Сөйтіп ол, «Ювентусқа» ауысардың алдында жарты жылға шартты жаза алды.

Жаңа әйелі Клаудия және екінші қызы Мартинамен бірге О’Нил туриндік Ла Колина ауданында тау баурайындағы әдемі үйге қоныстанады. Жалақысы үш есе көбейді, командада үш уругвайлық футболшы бар. Ұжымға да тез еніп кетті: команда Давидсті Қара, Зиданды Құбыжық деп атаған. Алдымен, О’Нил алаңға тұрақты шыққан жоқ, бірақ Зидан «Реалға» кеткен соң, жаңа бапкер Липпи командаға ойынды О’Нилдің айналасында жасайтынын хабарлады.

alt

Жазғы жиында О’Нил жарақат алып қалып, емделудің орнына, Филиппо Индзаги үйінде өткізетін барлық кештерге, түнгі клубтарға барып жүрді. Жаттығуларға кешіге бастады, алкоголь иісімен сасып тұрады, кейін әжесінің сырқаты күрделеніп кеткенін естиді. Сөйтіп, Туринде оны ешкім ұстап тұрмайды. Қош айтысты.

О’Нил жарты жылын «Перуджеде» өткізіп, кейін «Келісім-шартың тым қымбат. Біз оны тоқтатамыз» деген соң клуб басшысынан 750 мың доллар жазылған чекті алып, Уругвайға кетіп қалады. Әйтсе де, Монтевидеодағы банк чектің жарамсыз екенін айтады.

Ол 2002 жылғы әлем чемпионатына барғанымен, бір минут та өткізген жоқ – ахилл сіңірін создырып алды. Не істерін білмеген ол вино ішіп, бар ақшасын үшінші әйелі Андреамен сөйлесуге жұмсайды. Үшінші матчтың алдында ойыншылар байқайды: бәрінің ақшасы жоғалған, мың доллардай жоқ. Кейін О’Нил дәрігер Вальтер Феррейрадан құраманың киіміне жауап беруші адам тоғыз мың долларға көлік сатып алып жатқанын естиді. Фабиан оны киім ауыстыратын бөлмеге жауып тастайды да, кінәсін мойындатып, ақшаларын қайтарып алады. Сенегалға гол соққан соң форвард Моралес жейдесін шешіп, свитеріндегі жазуды көрсетеді: мұнда О’Нилдің аты-жөні мен оныншы нөмірі жазылған.

Оны «Наполи» шақырған еді, бірақ О’Нил «Насьонольға» қайта оралды. Миллиондар жинап үлгерген ол айына он мың доллар алуға келісті. Фабиан Либертадорес кубогында «Сантосқа» гол соққан, бірақ «Насьонольдің» басшысы Эдуардо Аче берген уәдесінде тұра алмады. Ол ешкімге О’Нилден көп жалақы бермейтінін айтқан болатын, бірақ айына 25 және 15 мың доллар беретін болып, ағайынды Дели Вальдесті командаға алады. Фабиан бұл ісіне ренжіп, отыз жасында футболдан кетіп қалды. «Келісуге болатын еді, - дейді Фабиан La República-ға берген сұхбатында, - Көше мені бүлікшіл қылып жіберді».

2009 жылы әкесінің жерлеу рәсімінде О’Нил алғаш рет өз анасын құшақтады. Ал былтыр Фабиан ауруханаға түсті. Өт қабынан тас алынды.

Аман-есен. Өмір сүре бермек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер