Футбол

Кастинг

Кастинг
news-banner7
mobile-news-top

Ұлттық университетті тәмамдап, қолға диплом алған кез. Осы шақта Қазақстан Ұлттық арнасы футбол комментаторларына кастинг жариялаған екен. Соған қатысуға бел шеше кірістім. Себебі, оған дейін бір мәрте кастингке барғаным бар еді. Ол оқиға «Спорт Айдынында» жүрген шағымда болған. «Толағай» деген бағдарламаның бас продюссері Сәуле Мықтыбаева деген кісіден сұқбат алғаным бар еді. Спорттық бағдарлама жайлы газет оқырмандарына қызықты мақала жазайын деген ниетпен. Сүйтіп жүріп Сәуле Мықтыбаева арқылы Павел Цыбулинмен таныстым. Ол кісі Ержан Мұқаш деген Ұлттық арнаның дауыс оқитын маманы сенің даусыңды қабылдаса, кастингке келсең болады деді. Ержан Мұқашпен алғаш телефонмен сөйлескенімде зәре-құтым қалмады. Телефонның ар жағынан естілген гүр-гүр еткен таудың жаңғырығындай дауыстан секем алып барып, әрең сөйлестім. Ол кісі даусың жақсы екен, ертең жұмысқа соғып кет, дикцияңды көрейін деді. Сосын ертесіне Қазақстан премьер-лигасының бір ойынын жүргізіп, Ержан Мұқаштан мақтау естіп, жақын арада хабарлас деген жауап алып, ұлттық арнадан жылы қош айтысып шыққам. Бірақ, одан кейін мен де, олар да хабарласа қойған жоқ.

2010-жылдың тамыз айында өткен кастингке 2-турдан бастап қатыстым. Алғашқысын өткізіп алыппын. Қазақстан премьер-лигасының ойынын жүргіздік. Бұлдыраған картинаға қарап отырып, бірдеңе сөйлеу нағыз азап екен. 40 шақты үміткер сол ел футболының байқауынан кейін 2 есеге азайыппыз. Өз басым сол кастинг, байқау деген дүниелерге аса қатты сенбейтін адам едім. Өйткені, студент шағымда 4 жыл бойы талай кастингтің табалдырығын тоздырғам. 3-турда шет елдің ойындарын жүргізе бастадық. Көрініс тамаша, тек әңгіме айта білу қажет. Бұл турдан кейін үміткерлер саны 3-4 адамға қысқарыпты. Ал 4-турда режиссерлер қоңырау шалып тек 2 адам қалғанын айтты. Бірі мен ал екіншісі... Шалқар Естен екен. Газетте ұстаздық етіп, ақыл-кеңесін аямаған ағам алдымнан шықты. «Манчестер Юнайтед» пен «Баварияның» 3:2 болатын ойынын жүргіздік. Тек алғашқы таймын ғана. Ол ойын 3:2 болып аяқталып, келесі кезеңге «Бавария» өткен болатын. Ал бірінші таймда «Манчестер» 3:0 есебімен жеңіске жетіп тұрған. Өзім «қызыл сойқандардың» жанкүйері болғандықтан ақпарат мәселесінде еш қиналмадым. Тек сөйлеуге ғана баса мән бердім. Кейіннен, естігенімдей кастингтен екі үміткер де өтіпті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер