Дәйек пен Шүбә
Футбол

«Қайратқа» «кәрі қасқыр» керек пе?

«Қайратқа» «кәрі қасқыр» керек пе?
news-banner7
mobile-news-top

Жақында спорттық басылымдар «Арсеналдың» экс-ойыншысы Маруан Шамахтың қазақстандық клубтың сапына ауысуы мүмкін екенін жарыса жазған болатын. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды демекші, Маруан Шамах ауысқан жағдайда клубқа қаншалықты көмектесе алады? Қазір спорттық бабы келіспей жүрген футболшы «Қайратқа» керек пе? Осыны аз-маз сараптап көрсек.

«Арсеналға» ауысқан кезден-ақ болашағынан үміт күттірген ойыншының қазіргі күні гол соқпақ түгіл, алаңға шығуы мұңға айналды. Өткен маусымда «Кристал Пэлас» сапында Премьер-Лигада тек он рет қана ойынға шыққан шабуылшы, қақпадан саңылау таба алмай кетті. Маусымаралық кезеңде «Вест Бромовичке» ауысып, Премьер-Лигада қалады деген сыбыс болған. Дегенмен, «Вест Бромович» Шамахтың спорттық бабына күмәнмен қарап, ойыншыны қатарға қосудан бас тарқан. Жоғарғы лигада қалмайтыны белгілі болғаннан кейін Маруан Шамах Чемпионшипте ойнайтын «Кардифф ситидің» ойыншысы атанды. Оның өзінде шабуылшы негізгі құрамнан көріне алмауда. Негізгі құрам былай тұрсын, қосалқы құрамнан алаңға шығуының өзі арманға айналғандай. Чемпионшипте 20-шы орында келе жатқан команда сапында Шамах тек екі рет алаңға шыққан. Оның біреуінде нәтижелі пас беріпті.

«Қайратқа» бұл ойыншы керек пе? Еурокубоктардың топтық кезеңінде ойнағысы келетін командаға Шамах қалай көмектесе алады? Тіпті ол ауысқан жағдайда оның клубқа жарнама болатындай ойыншы емес екені анық. Тимощук пен Аршавиннан бұл ойыншының атағы да, деңгейі де төмен екені белгілі. Шетелден келген ойыншылардың жергілікті футболшыларға үлгі болып, деңгейі жағынан жоғары болуы тиіс. Бірақ, екі маусым бойы гол соқпаған Шамах отандық аяқдопшыларға үлгі болады дегенге сену қиын. Біздің футболдың тарихында осындай «кәрі қасқырлардың» футбол ойнау үшін емес, «жақсы өмір» үшін келіп, еш нәтиже көрсетпей кетіп жатқанын көз көрген болатын. Тихонов пен Титовтың «Локомотив» сапында ел біріншілігін де жеңе алмағаны есімізде. «Қайратқа» келген Ерменконың жарты маусым бойы артық салмағынан да арыла алмағанын жанкүйерлер көрді. Қазақстан тек мансабының соңында ақша табуға келетін жер болып қалмауы керек. Шамахтың келісім шарт мерзімі 31-ші желтоқсан күні бітеді. Содан кейін ол еркін агент ретінде кез-келген командаға ауыса алады. Біздің ойымызша, ол ауысқан жағдайда алматылық клубқа еш көмегі тимейтін секілді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер