2017 жылғы қысқы Универсиадаға арналып салынып жатқан спорт нысандарының құрылысы уақытысынан бұрын тәмамдалды. Бір жыл бұрын ғана құрылысы 30/40 пайызға дайын болған 12 мыңдық Мұз сарайы есігін айқара ашуға дайын.  Prosportkz.kz тілшісі аталған нысанға бас сұғып, зерделеп көрді. 

 

Мұз сарайында бассейн және сырғанау алаңы, әкімшілік ғимаратының құрылыс-монтаждау жұмыстары ерте аяқталған. Нысанның негізгі бөлігі 2016 жылдың мамырында дайын болды. 12 мыңдық Мұз аренасы Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі көпсалалы спорт кешені.

Мұз сарайында 12 мыңға және 475 көрерменге арналған кіші арена салынған. Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты негізгі айдында өтеді. Сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаудан жарыс ұйымдастырылады. Ал кіші аренада керлинг спорты бойынша спортшылар бақ сынайды. 

Кіші айдын 475 көрерменді сыйдыра алады. Оған қоса, ғимараттың ішінде: бокс залы, күрес залы, үстел теннисі, хореография, акробатика, екі жаттығу залы және медициналық оңалту орталығы болады.

Нысандарда мұз айдының төсенішін ауыстырып, волейбол, баскетбол, кіші футбол және тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Бұл нысанда болашақта «Алматы барысы» жарысы, футзалдан «Қайрат» пен «Алматы» волейбол командасының үйдегі ойындары өткізілмек. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар, концерттер өткізуге ыңғайлы етіп, жарық және дыбыс құрылғылары орнатылды. Екі аренада әр түрлі деңгейдегі конференциялар, жиындар, форумдар, көрмелер және келіссөздер өткізуге болады. Жаңа ареналар кәсіпқой спортшылардың тұрақты түрде жаттығу өткізетін орнына айналады

Мұз айдындардың есігі барлық адамдарға айқара ашық болады. Коньки тебуге, әуесқойлар арасында жарыстар өткізуге, спорттық секциялар ұйымдастыруға мүмкіншілік болады. Жер үсті және жер асты көлік тұрақтары, холлдар, дәмхана, мейрамхана сияқты қоғамдық орындар халқы көп Алматы қаласының ең ыңғайлы орнына айналмақ.