Төрткүл дүние тағатсыздана тосқан жазғы Олимпиада ойындарының басталуына небәрі екі күн қалды. Қазір алты құрлықтың алыптары Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына ағылуда. Бұл туралы 24 арна хабарлайды.
 
206 елдің ұл-қыздары арасында қазақ елінің үздіктері де бар. Біздің атлеттерге олимпиадалық қалашықтың бел ортасынан орын тиді. Қазақстандық делегацияның қасына футболдан Еуропаның жаңа чемпиондары Португалия мен вице-чемпиондар Франция орналасыпты. Олимпиадалық ойындардың отаны Грекия да қазақ елімен көрші тұр. Шығыста іргелес жататын Қытай да қоңсы қонды. Өзбекстан мен Қырғызстан және Моңғолия спортшылары да бір үйге жиналған.
 
«Бірер күннен кейін көптен күткен Олимпиадамыз да басталады. Жатқан жерлеріміз жақсы. Бәрі тамаша деп ойлаймын. Ауа райы да жақсы. Мына жақта еуропалық тағамдар көп, сондықтан өзіміздің тамақтарымызды алып келдік. Енді тек дайындалу ғана қалды», - дейді Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.
 
«Бізді жақсы қарсы алды. Әуежайда күтіп алар кезде ешқандай кедергі де, кемшілік те болған жоқ. Барлығы жақсы болды. Тез қарсы алып, тез орналастырды. Жататын жерлері де жақсы», - дейді әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахманов.