Буэнос-Айресте бірнеше жүздеген аргентиналық тұрғын ұлттық құрамасының жұлдызды шабуылшысы Лионель Мессиден өз шешімін өзгертіп, Аргентина құрамасына қайта оралуын сұрап, шеруге шықты.

Футболшының жанкүйерлері құйып тұрған жауынға қарамастан, әдетте Аргентина құрамасының жеңістері тойланатын қаланың орталық алаңына жиналды. Жанкүйерлер Мессиге деген құрметтерін білдіретін ұрандар көтеріп, өлең айтты.

Айта кетейік, 29 маусымда Буэнос-Айресте 29 жастағы футболшыға ескерткіш ашылған болатын. Аталған оқиғаға екі күн қалғанда Аргентина құрамасы Америка Кубогында пенальти сериясында 2:4 есебімен Чили командасына жол берген еді. Осыдан соң Месси ұлттық құрама сапында ешқандай жеңіске жете алмайтынын айтып, одан кететінін мәлімдеді.