ЕУРО алдында ұлттық құрамалардың барлығы жолдастық кездесулер -ұйымдастырып жатыр. Қазақстандық футболшылар Қытаймен жолдастық кездесу өткізуді ұйғарды. 
 
 
Байсуфиновтың айтуынша, Қытай құрамасы қазақстандық былғары доп шеберлеріне оңай жол бере қоятын команда емес. Бірақ соңғы нәтижелері үміт сыйлап үлгерген Байсуфинов бапкер осы жолы да қарсыластың қақпасынан саңылау тауып, жанкүйерлерді қуантамыз дейді. Құрама сабында Қазақстаннның ең үздік деген футболшылары жиналғанын, олардың Қытай құрамасымен терезесі тең өнер көрсете алатынын да айтты. Қазақстандық бапкердің құрамадағы жағдайы жақсы болғанмен, әлі күнге «уақытша бас бапкер» тіркесінен құтылар емес. Бас бапкерді жарты жыл бұрын уәде еткен ҚФФ да үнсіз.
 
 
Қытаймен болатын ойынның жыл жоспарына кірмегенін де айтайық. Орта жолда келісілген ойынның өтуі үшін ҚР чемпионатының төрт бірдей туры кейінге шегерілді. 7 маусым күні өтетін жолдастық кездесу үшін 3-8 маусым аралығындағы ҚР чемпионатының күнтізбесі өзгеріске ұшырап отыр. Кәсіпқой футбол лигасы ҚФФ-ның осы шешіміне қарсы келіп, ұлттық құраманың жолдастық кездесуі үшін ел чемпионатының жоспары бұзылмауы тиіс екеніндігін айтып өткен. ҚФФ-ның ресми сайтында бұл жолдастық кездесуді өткізу үшін екі ел Федерациялары арасында ұзақ келіссөз жүргізілгені тілге тиек етілді. Ендеше, осынша қиындықпен іске асырылайын деп жатқан жолдастық кездесуде жерлестеріміз жерге қаратпасына сенейік.