Футболдан Қазақстан құрамасының уақытша бас бапкері Талғат Байсұфинов Қытаймен өтетін жолдастық кездесу жайлы өз ойын айтты. 
 
- Жақында ғана футболдан ел біріншілігнің 14-ші туры аяқталды. Ойыншылардың көңіл-күйі қалай?
 
- Тур аяқталысымен біз бапкерлік құраммен бес күндік жаттығу тәртібіне жүгіндік. Кейбір ойыншылар Ұлттық құрамаға кешігіп келді. Алматыда кешкісін бір жаттығу өткізіп, келесі күні Қытайға жол тарттық. Даляньда ойыншыларды қинамай, демалуға уақыт бердік. Күніне бір жаттығу өткізудеміз. Қытай құрамасы жайлы айтатын болсақ, олардың футболшылары өте шапшаң қимылдайды. Біз бұған дайын болуымыз қажет. Қазір сол бағытта еңбек етудеміз. Бізді өте ауыр әрі қызық кездесу күтіп тұр.
 
- Жолдастық матч алдында қандай мақсат қойылды? 
 
- Жанкүйерлер бұл ойынды асыға күтуде, сондықтан оң нәтиже көрсету біз үшін маңызды. Ұлттық құрамада Қазақстанның ең мықты ойыншылары ойнауда, сондықтан бәріне мүмкіндік беріледі. 
 
- 2018-ші жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындық қалай өтуде? 
 
- Қазіргі таңда, Ұлттық құрамаға еліміздің ең мықты футболшылары шақыртылды. Олардың 80% бұның алдындағы іріктеу кезеңінде тер төкті. Болашағы бар команда. Тәжірибелі ойыншылармен қатар, жас футболшылар да бар. Мақсатымыз - оларды іріктеу кезеңіне тыңғылықты, жақсы дайындау. Бұл тұрғыда бізге қолдау көрсетіп жатқан Қазақстан футбол Федерациясына алғысым шексіз. Біз өз еліміз үшін еңбек етудеміз. Біз үшін бұл үлкен құрмет.  
 
KFF.kz ресми сайтынан*