Оралдық «Ақжайықтың» сербиялық қорғаушысы Предраг Говедарица ProsportKz.kz тілшісіне Қазақстан  футболы жайлы айтып берді.  

- Предраг, өткен турда өзіңіздің бұрынғы командаңыз «Ертіспен» кездестіңіз...

- Иә, Павлодардағы кездесу әсерлі болды. Көп жылдары бойы «Ертісте» ойнадым. Бәлкім, сол әсердің кесірінен қызыл қағаз алдым. Командама рахмет! Тең нәтижені сақтай алды. Тіпті жеңіске жетуге жақын болдық, қақпа маңдайшасына тиіп, бірнеше мүмкіндіктерімізді жіберіп алдық.

- Демек, «Ақжайық» тең нәтиже үшін ойнады ма?

- Жоқ, біз жеңіс үшін ойнадық. Біз үшін әрбір үш ұпай өте маңызды. Бірақ сырт алаңда «Ертіс» сынды фаворитпен тең ойнау – жақсы нәтиже.

-Талғат Байсұфинов үшін де бұл кездесу принципиалды болды ма?

- Жоқ, ол нағыз кәсіпқой маман. Бәрібір, «Ертіс», «Астана» немесе «Жетісу» болсын, ең бастысы - жеңуіміз қажет.

- Қазір Талғат Маруанұлы клубпен қатар Қазақстан құрамасын жаттықтыруда. Оның жұмысы жайлы не ойлайсыз?

- Қазақстан құрамасы көз алдында өсіп келеді. Бапкерге уақыт беру керек, себебі бірден нәтиже шығару мүмкін емес. Мен Қазақстанның Әзірбайжан мен Грузияға қарсы кездесулерін көрдім. Қазақтар жақсы ойын көрсетті. Бірақ бұл еуропаның ортаңғы командалары болды. Қазақстан құрамасының іріктеу турнирінің топтық кезеңінде мұндай екі құрама бар. Менің ойымша, Қазақстан Астанада ешкімге жеңілмеуі қажет. Ал сырт алаңдағы ойындарда қарымта шабуылда ойнап, өз мүмкіндіктерін пайдалану керек. 

- Соңғы кездері отандық тілшілер Ұлттық құраманы Гаттузо немесе Стоичков баптайды деп жазуда. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

- Ұлттық құраманы Гаттузо сынды тәжірибесі аз бапкер жаттықтырмауы керек. Стоичков атақты футболшы болғанымен, бапкер ретінде еш жетістігі жоқ. Егерде шетелдік бапкерді тағайындайтын болса, онда ол Қазақстан чемпионатын жақсы білетін маман болуы қажет.

- Алдағы айда еурокубоктардың ойындары басталады. Іріктеу кезеңде сербиялық пен қазақстандық клубтар бір-бірімен кездесуі әбден мүмкін...

-  «Црвена Звезданың» «Қайратқа» түскені әлі есімде. Сербиялық тілшілер маған хабарласып, бұл кездесу туралы пікірімді сұраған. Мен «Црвена Звезда» мықты ойыншыларды сатып алмаса, онда олар «Қайратты» өте алмайды дегенмін. Бәрі солай болып шықты. Ол кезде клубта тек бір ғана мықты ойыншы болатын – бұл Александр Катаи. «Қайратпен» ойыннан кейін сербиялық команда бірқатар мықты ойыншылармен толықты. Нәтижесінде, «Црвена Звезда» Сербия чемпионы атанды.